ВЕРНУТЬСЯ

Қас батыр да –

Атағына сай өлген,

Ғұлама да –

Көз iлместен ой өрген,

От ауызды, орақ тiлдi ақын да

О басында туған осы әйелден.

Өмiр сыры дәл осында!

Ұқтың ба?

Ұқпайтындай құпия жоқ түк мұнда.

Әйел нәзiк,

Сол нәзiктiк алдында

Бiр осалдық байқатады мықтың да.

Құдiрет-күш осы нәзiк әйелде,

Барар жiгiт әйел салған қай өрге.

Мейiрiмдiлiк құрады ылғи салтанат

Әйелдерге бай елде...

Жүрегiңе жалын құяр, от салар

Әйел деген нағыз сиқыр, пәтшағар?

Әйел үшiн, әйел үшiн ертеде

Бiр-бiрiне қырғын сапты патшалар.

Әйел-Ана,

Кiм бар ұлы Анадан?!

Анаға бас ию керек бар адам!

Маған өмiр,

Саған өмiр сыйлаған,

Ана сүтi шықпақ емес санадан!

Әйел - жарың,

Қанбай сүйер құмарың,

Мұны айтпай қалай сiрә тынамын.

Әр еркектiң жүрегiнде жанады,

Жұлдыз болып,

Алау болып бiр Ару...

Әйел – арқау,

Әйел - өмiр ұршығы,

Көкiрегiнде құпиялы нұр-сыры.

Әйел болса –

Аспан ашық,

Нұрлы әлем!

Әйел болса –

Өлмек емес тiршiлiк!..

              * * *

Адам деген кiрпияз,

Түсiнбейтiн қырлар көп.

Ашылмайтын құпия,

Айтылмайтын сырлар көп.

Бiр сәттей-ақ көз iлген,

Өтедi өмiр, өтедi,

Соның бәрi өзiңмен,

Көрге бiрге кетедi.

Түсiнем деп қырларды,

Құпияны ашам деп.

Айтамын деп сырларды,

Сым пернесiн басам деп.

Небiр ғалым, данышпан,

Жер жаратын атағы.

Орағытып алыстан,

Қателесiп жатады.

Көңiлге кеп тоқығым,

Соғып жүрек қаттырақ.

Бiрiн соның оқыдым,

Түк түсiнгем жоқ бiрақ.

Түсiп баба жолына,

Деп дәстүрiм сезiлсе.

Қалам алып қолыма,

Жаздым сосын өзiмше.

Айтылмайтын сырларды,

Қойдым ба айтып бiлмедiм.

Мендiк нәзiк жырларды,

Бiр нақұрыс тiлдедi.

Ойысына даланың,

Ойы жатып үйелеп.

Ақ сәулесiн сананың,

Тастады әбден күйелеп.

Қара тура көзiме,

Пешенеңе жазған ол:

Бұйырады өзiне,

Өзгелерге қазған ор.

Ей, оқырман, сезiп ал:

Ашылмайтын құпия –

Ашылатын кезi бар.

Айтылмайтын құпия –

Айтылатын кезi бар.

                              27.11.05.

                     * * *

Ойлап тауып мағынасыз тойларды,

Iрiктеуде кедейлердi, байларды.

Зар заман да,

Тар заман да,

Бар заман да өттi ғой,

Әбiш айтқан “Рахатизм” қайда әлгi?!

Кiм қасымыз,

Кiм және осы досымыз,

Керек бiзге тосын ой мен тосын iз.

Iлгерi ме,

Әлде кейiн кеттiк пе,

Шатастырдық қоғам атын осы бiз.

Өткен шаққа көз жiберсек батырмыз,

Осы шақта – мiнез жалтаң, батымсыз.

Келер шақтың не демекпiз атын бiз,

Қай “измде” өмiр сүрiп жатырмыз.

Мейлiң, қазiр көп ұлтты де, жалғыз де,

Мейлiң, қазiр кең пейiлмiз, тармыз де.

Мейлiң, қазiр сорлымыз де, балмыз де,

Үш “измнiң” үшеуi де бар бiзде.

Мына дала қай кезде де гүл дала,

Гүл даланы күл ғып жүрген бiз ғана.

Адамзатқа Рахатизм кештiрер,

Бұл далада туады әлi бiр Дана!

                                                    31.03.06.