ВЕРНУТЬСЯ

Талай алып барсаң да Қаскелеңге,
Ақын қашан атыңды қосты өлеңге?..                               
Таксиіңнің ақысын төлеп тұрып:
- Сәт сапар,- деп қалушы ем жас Төленге!
Алдым енді хатыңды Қорғалжыннан,
Жаныңды ұқтым әдемі әр қалжыңнан.
«Ұйқы елес беріпті» тәулігіне
Жарты сағат аялдап тұрған жоннан.
Егіс - жазық, егіс - дөң,
егіс - еңіс...
Бұралақда бұлтармай, тегі, сен әс!
Рас: онда «маршрут жалтыраған
Талғар, Тастақ жолындай тегіс емес».
Рас, бейнет, зейнетті тең бөлесің,
Өзіңше айтсам: «соқпақсыз тербелесің».
Бірақ қырман басынан байтақ елдің                          
Алтын тауын арқалап сен келесің.
Сенсің Отан құрметтеп, сенген есім!
Сол үшін де «соқпақсыз тербелесің».
Көлшік емес, көл емес, өзен емес,
Алтын теңіз арқалап сен келесің!
Әлсіз қайтіп бұл жүкке жегіледі?!
Сен сүрінбе, ырысым төгіледі!
Сен сүрінсең, соғыста шетінеген
Қабырғамның қалғаны сөгіледі.
Сүтін сарқып берген соң ақ анасы,
Нан мен намыс адамның мағанасы.
Жұптап алып екеуін арқаландың,
Ашық хат та жаздырған маған осы.
Жеңіп алсаң Отанның осы үлесін,                       
Дала даңқын тағы да өсіресің!
Кәрі күншіл дұшпанға сонда айтарың:
Керуенге шәуілдеп бос үресің!
Айналайын, өтей бер парызыңды!
Әр сағатың - дастанға әр үзінді.
Асқақ жырлар жазуға жәрдем ет деп,
Сендей жанға берем мен арызымды!
Ашық хатқа, ғафу ет, кеш кірістім,
Салдары емес, ол бірақ, бос жүрістің...
Айтпақшы, мен үйіңді өзің жоқта                              
Жайлы, жаңа пәтерге көшірістім!
                                                                           1964