ВЕРНУТЬСЯ

           Абай ата, келе алман күнде саған,

 Саған шақпай мұңымды кімге шағам?

Көресісін түгелдей көріп болмай

Күтіп тұрған көрге де кірмес адам.

Жерден сырлас таппадым сөз ұғарға,

Көкте жүрген күштінің көзі бар ма?

Тіршіліктен түңілген тамам үміт

Өзін асып жатыр ғой өзі дарға!

Ақзу тілім ақ cop боп шұбарланып,

Қыжылымды айтпадым құмар қанып.

Гәкку әнім гөй-гөйге көп ұласты,

Сұңқылдаған аққудай сыңар қалып.

Туған жерді тозакқа айналдырып,

Амалсыздан аһ ұрам айлам құрып.

Жайылымсыз өмірім қайырымсыз

Өрісімді алыппын ойран қылып.

Жау жықпаған қазақты арақ жығып,

Қайта басты даламды қараңғылық.

«Қартта мейір, балада бейіл қалмай»

Әлекедей жаландар арам қылық.

Намыс емес көбіміз табыс куып,

Өгей өстік өрліктен алыс туып.

Тәуап еткен тасбұтым тәлкек қылды,

Өзімді әкеп өзіммен шағыстырып.

Ала жіптен аттамай ас баспады,

Бүйрек пенен жүректі тас қаптады.

Жылан жылтып жүрген соң қойнымызға

Жанымыздан жылу да қашқақтады.

Ар-намыстың жоғалып айылбасы

Ұмытылды ұлы әннің қайырмасы.

Сүтте қаймақ қалмады, қызда оймақ,

Су мен удың жоғалды айырмасы.

Жидебайда жарылса талай атом,

Жырлап жүрген біз соны - сарай ақын.

Ұрпағыңа «Тоқтат!» - деп тоқтам айтшы

Бар еді ғой аруақты Абай атың!!