ВЕРНУТЬСЯ

Атбегі Құдабай жаратқан үш сәйгілікке де кезінде бәйгі бала болғаным, оның сол үш сәйгүлікке үш түрлі баға бергені есімде. «Бес айналым болса бәйге көк айғырдікі, алты айналым болса бәйге торы аттікі, ал бәйге жеті айналымнан асса барлық ат бурыл айғырдың шаңын жұтады». Сейістің айтқаны дәл келетін. Көк айғырдың үсті жел, жалына жабысып отырмасаң алдыңнан соққан адуын жел ерден ұшырып түсірер еді. Жарықтық бес айналысқа дейін оқ бойы алда жүріп, айқайға одан сайын еліріп, көрермендердің айызын қандыратын. Қаз мойынды, сымбатты жануар еді. Көк айғыр өз міндетімді атқарып болдым дегендей кейіндей берген кезде аренаға торы ат шығатын. Ал бурыл айғыр бір шабысынан танбай, орта лекте жүріп, айналым сайын ілгерілей беретін де жетінші айналымға жеткенде тұяғына жел біткендей, ақкөбік атқан танауын жоғары көтеріп, құлағын едірейтіп мүлдем бөлек түрге енетін еді-ау, жарықтық. Осы кезде эстафета таяғын торы аттан іліп әкетіп, суырылып алға шығатын да, бас бәйгені еншілейтін. Сонда Құдабайдың аттары бәйгенің өн бойында бірінші болып жүретін. Неткен шеберлік. Кейін білсек олар таза Адай жылқысының өздері екен ғой...Тарих ғылымының докторы, академик Өмірзақ Озғанбай мен ақын, әдебиетші, халық ағарту ісінің үздігі Бесінбай Бегеніштің авторлықтарымен шыққан «Адай жылқысын түлеткендер» («Нұрлы әлем», 2011, Алматы) атты кітабын оқығанда ұмыт бола бастаған балалық шақтың елестері осылай ойға оралғаны. Бірден айталық кітап жылқы десе ішкен асын жерге қоятын әр қазақтың қанын ойнатарлықтай әсерлі жазылған. 2011 жылды Адай жылқысының есімі әлемге танылған жыл деуге толық негіз бар.Кітап жылқы малының тегін, адам өмірінде алатын орнын айта отырып, қазіргі таңда облысымызда «Адай жылқысы» тұқымын асылдандыруды одан әрі жетілдіру тұрғысында ғылыми негізде жасалып жатырған жұмыстарға тоқталады. Шөл және шөлейт аймақтарға жататын Маңғыстау өлкесінің табиғатына бейімделіп өскен бұл тұқымның ауа райының небір дүлейіне төзімділігі, көлік ретінде көнбістігі, мықтылығы, алыс қашықтыққа шаршамай шаба алатындығы ықылым заманнан белгілі болғанымен, ғылыми тұрғыда халықаралық дәрежеде нақтыланып, ресми тіркелмеген екен. Оны, яғни, қолымыздағы бар асылымызды айдай әлемге танытудың бір-ақ жолы арнайы жарыстар ұйымдастырып, не сондай жарыстарға қатысып, сынақтан өткізу ғана. Ал «Адай жылқысы» тұқымы бұрын-соңды ондай халықаралық шараларға қатыспаған, демек ғылыми негізделген құжаты жоқ, олай болса құр сөзге ешкімді сендіре алмайсың.Маңғыстау облысы әкімінің қолдауы арқасында облыстық ауылшаруашылығы басқармасы адай жылқысының біз жоғарыда айтқан қасиеттеріне көз жеткізу үшін ҚР Ат спорты қауымдастығымен бірлесе отырып, 2011 жылғы 30 сәуірде Түпқараған ауданы Ақшұқыр селолық округіне қарайтын Ақбастау жайлауында облыс әкімінің кубогі үшін 90 шақырымдық қашықтыққа сынақ бәйгесін өткізеді. Бұл сынаққа халықаралық деңгейдегі судьялар, ветеринарлар баға беретін болады. Жарысқа қатысқан аттардың бәрі сынақтан сүрінбей өтіп, жеңімпаз болған қос тұлпар қанжығаларына қос автокөлік байлайды. Келесі халықаралық жарыс 2011 жылдың 15 мамырында Алматыда өтіп, адай тұқымды аттар тағы бас бәйгі бастаған үш жүлдені жеңіп алады. Алда үлкен сын тұрды, ол Ресейдің Рязань облысында 2011 жылдың 29-31 шілдесінде өткізілген халқаралық Достастық кубогі еді. Тағыда бірінші, үшінші, төртінші орындар «адай жылқысының» қанжығасына байланды. Шынында да 2011 жыл -Адай жылқысының жылы болды. Маңғыстаудың Кендірлісінде 120 шақырымдық қашықтыққа өткен халықаралық жарыста да жарқырап бағы жанып, бас бәйгенің иегері атанды.Осы шараларды негізге алған кітап, тек бұл істелген істердің көлеңкесінде қалып қоймайды. «Ауызымен құс тістеген», «Ұлы бабалар аманаты», «Төрт түлікті түлеткендер», «Адай тұлпарлары» атты негізгі төрт бөлімнен тұрады.  Бұларда Адай жылқысының арғы тұқымы су жылқысы-суын жайлы аңыздар, Жжары Назар, ескелді Саназар, жаңай Қожаназар байлардың жылқыларын асылдандыру бағытындағы жұмыстары, «Шотаншұбар», «Балуаниязқұла», «Маңғыстауторы», «Ерқаскөк» тәрізді ауызымен құс тістеген, шашасына шаң жұқпаған жүйріктердің, Кеңес дәуірі кезінде мал басын өсіруде Социалистік Еңбек Ері атағын алған дені жылқышылар маңғыстаулық 10 малбегінің (А.Жақауов, Ұ.Есқожаев, Т.Құлбеков, Б.Қожашева, Д.Бердібеков, К.Қошақанов, Д.Сәтібаев, С.Сисенбаев, Н.Бейнеуов, Ж.Мергенбаева) өмір деректері тартымды да қызғылықты суреттеледі. Жинаққа сонымен бірге ақын-жазушылардың сәйгүліктер жөніндегі көркем шығармалары да енгізілген. Әсіресе ақын Б.Бегеніштің өзінің жылқы жайлы толғау- жырлары, филология ғылымының докторы Ж.Дүйсенбаеваның «Тұлпарлар бейнесі көркем шығармада» атты зерттеуі, ғалым, облыстық ауылшаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары К.Ерғалиевпен журналист Р.Оңғарбайдың сұхбаты көңіл аударарлық.Бір сөзбен айтқанда ат өнерімен шұғылданушыларға, мал мамандарына, өлке тарихын терең білгісі келетін студенттерге, қалың оқырманға арналған құнды кітап.