ВЕРНУТЬСЯ

         Ақынға
қанат бер, құдай

ақшуақ таңдардың

арайын шарлау үшін,

ақшулан таулардың

аспанын самғау үшін;

тарпейіл күншілдің

табасы болмау үшін,

тап басар қу-сұмның

табанында қалмау үшін;

Ақынға қанат керек:

арына шаң қонбас үшін,

арамды аңғармас үшін,

алданып, ақымақ болып,

артынан таң қалмас үшін;

аяулы арманы күйреп,

арланбас,

зарланбас үшін,

жанына жарақат түсіп,

шарт сына шамданбас үшін

Ақынға қанат керек:

күйкі мен күйбеңнен,

жоғары жүру үшін,

сумаң мен сүйреңнен

адал өмір
сүру үшін;

өрт пенен өмірден

өзегі өртенбес үшін,

дерт пенен өлімнен

дем жетіп, жеркенбес үшін

Ақынға қанат бере гөр:

пысқырмай жауыздыққа

биікте болу үшін,

бағынбай ауыздықка,

бас имей өлу үшін -

Ақынға қанат керек!