ВЕРНУТЬСЯ

         Кеудеме менің күйдіріп киіз басыңдар,

бұл жара сонда асқынбас,

туырлықты түріп, түндікті түре ашыңдар,

тамағыма да тас тұрмас.

Жарылған басқа қарама,

мойында қалса болғаны,

тұсап жіберші далаға

жорықтан келген жорғаны.

Беу, аспанның асты кең дейді,

бесікке сыйып, есікке сыймай жүрсек те,

беймезгіл ажал келмейді

жабысқанымен тірсекке.

Маңдайға берген қарағайдайын мүйізді

қалаған шақта өзі қағады жаратқан,

баса түсіңдер, аяймысыңдар киізді,

аяймысыңдар Барақтан?!

Жасыл ту тұрса
жоғары

жағасы
оңай жығыла қояр мен бе екем?

Айдаһар салған жараны

айдаһардың өз уыменен емдетем!

Сұм жалған деген осы ма-ай?

Оған да тәуба етерсің,

әй, балам, әкелші бері насыбай,

иіскетпей ертең кетерсің...

Жүрегіме күйдіріп киіз басыңдар!..

1996