ВЕРНУТЬСЯ

          Тағдырдан
жапа шеккенде,

мұң шағып
саған келмедім

салым бір суға кеткенде

мейіріміңе шөлдедім.

Бағаңды жүрмін сезініп,

Күн-Анам менің, Ай-Анам,

өзіңді ойлап көз іліп,

өзіңді көріп оянам.

Тағы да міне күз келді,

отырсың ба, Анам, күрсініп

алыстатты ғой біздерді,

күйбеңі бітпес тіршілік.

Құс болып ұшып келмедім

шыға алмай қапас қаладан,

шөлдедім қатты, шөлдедім,

мейіріміңе, жан Анам.

Сағындым,

төзім таусылды,

бұлаңдап
өскен балаң ем,

«Құлыным»
деген даусыңды,

қайталаса екен бар әлем.

«Жақсы өлім» деп
жатыр ел,

Өлім жақсы бола ма?

Алтын төлеп, ақы бер,

Кім жүгірер молаға?

Әке, сені ойласам,

Жас толады көзіме.

Өкінемін қай-қашан,

Ет-жүрегім езіле.

Еске түсе бересің,

Қадіріңді сездіріп,

Көз алдымда - елесің,

Кеткендейсің көз қылып.

Кыстығам да, булығып,

Құс
төсекке құлаймын.

Жастығымды су қылып,

Жалғыз жатып жылаймын.

«Арманы жоқ» десіп ел,

Ардақ тұтып
жатса да,

Көңіл қалай көсілер,

Арманда өтер патша да.

Жетім қалып бір жаста,

Жалғыздықты көп көрдің,

Жетерліктей бір басқа

Жаһаннамды өткердің.

Қаршадайдан қан кештің,

От пен суды ес қылып,

Көрмедің-ау, жанкештім,

Бұл
жалғаннан еш қызық.

Көп керек игі
қазаққа,

Оң болса деп сұраймын,

Тым болмаса о жақта

Көзі саған құдайдың!..