ВЕРНУТЬСЯ

     Тағы да келді,

Сызғанның керім көктемі,

Саураннан бері Шорнақта туған текті еді.

Парықсыздыққа қарсылық еді-ау білгенге,

Асекеңдердің жалғанға келіп-кеткені.

Ширалған ойлар шиыршық атқан бесінде,

Шырмаған еді-ау Бабайқорғанның кешінде.

Алматы жақта жанына еріп жүрдім мен,

Ешкімге оның ұқсамайтыны есімде.

Көңілім бүгін қарашадағы мұңлы аспан,

Сол көктем жайлы жаза алмай жүрмін бір дастан.

Асығыс соққан дөңгелегіндей поездың,

Зырлады уақыт орнында бір сәт тұрмастан.

Шорнақта туып,

далада өскен ұлы адам,

Оңашаларда отырып жалғыз жылаған.

Жердің бетіне елшідей келіп,

Алладан

Қазақ пен Созақ тілегі жалғыз сұраған.

Тағы да келді

Бабаата жақтың көктемі,

Түркістандағы Шорнақта туған текті еді.

Парықсыздыққа қарсылық еді-ау білгенге,

Сүлейменовтің өмірге келіп-кеткені.