ВЕРНУТЬСЯ

     Сергей Есенинді еске алу

    I

    Жапырақтар арасында сап-сары,

Алтын шашты әдемі қыз ақ сары.

Ойламайды көгілдір көз асқағым

Баспананы, астананы, ақшаны.

Ағаш біткен жатқан шақта шешініп,

Құстар кетті жылы жаққа кешігіп.

Алқа таққан қаз омырау, жас сұлу,

Алтын күзге қарап қапты тесіліп.

Қараң қалып аппақ арман асқақ бір,

Қалтырайды жапырағын тастап гүл.

Бір топ торғай дүркірейді аспанға,

Жерден алып тоғай жаққа тас лақтыр.

Кеудемдегі сылдыраған бұлағым,

Белгісіз боп қалар ма екен тұрағың.

Ештеңені көрер емес көздерім,

Ештеңені естір емес құлағым.

Еске салды Есенинді сары күз,

Сары күзді мәңгі сүйіп қалыңыз.

Көпке дейін кез алдымнан кетпеді,

Есі кете ғашық болған сары қыз.

Сары қыздың көздеріндей көкпеңбек,

Басымыздан өтеді әлі көктем көп.

Құстар қайта оралады, кеткен жоқ,

Есениндей сері ақын өткен жоқ.

Сереганың баурағанда саздары,

Сары белдің жаурағанда саздары.

Ой үстінде келе жатсам, көрші үйдің

Машинасы қағып кете жаздады.

 

II

Артта қалған мұраңа лағылдардай,

Жылжып жатыр сан жылдар табынғандай.

Сағындың сен жыр жазар столынды,

Сары қызды сарылып сағынғандай.

Мен де сендей сүйемін өз елімді,

Күтіп жүрмін бір келер кезегімді.

Сұлу қыздың көзі емес, шарап емес,

Аппақ парыз өртеген өзегімді.

Ақ көгершін тәрізді аппақ парыз,

Парыз жолда күресті тоқтатпаңыз.

Күндер деген құстар ғой ұшып кетер,

Кетсе келмес, мейлі жер тоқпақтаңыз.

Көз алдымнан өткенде келбей белең,

Қара түнде ұйқымды ап тергейді өлең.

Бізге дейін, әйтеуір, бір білерім,

Сырласпаған ақын жоқ Сергейменен.

Ұшып жатыр күн сайын күн құстарым,

Басқандаймын даламның тұңғыш қарын.

О дүние біреулер сапар шексе,

Өбектеуде біреулер тұңғыштарын.

Көп нәрсені білмеуім мүмкін менің,

Сыр түндерім,

о, нәзік жыр түндерім.

Бірақ менің білерім, өте шығар,

Өтпейтіндей көрінген бұл күндерім.

Кейбіреудің ой салды күрсінгені,

Сызып тастар уақыт мүмкін мені.

Қайран Сергей, жанымды сағынышың

Өлеңіндей өртеуде бұл күндері.

Сырғыса да сан сағат сезілместен,

Алда ақ қағаз, отырмын көз ілместен.

Жоқ нәрсеге қаламыз
күйбелектеп,

Шығарып ап
темірдей төзімді естен.

Шабыт бақ құс ақынға сирек келген,

Жазып жүрмін шығуды сиреткенмен.

«Ар жағына бермесе болмайды ғой,

Болмайды ғой қаншама үйреткенмен»,-

Дейтін Ана,

Ақ шашты, әжім жүзді,

Қарақат кез сүйгенде Назым қызды.

Бір әдемі дірілдей,

жапырақтай,

Толқытады, Серега, сазың бізді.

Білем тағдыр сені де билетпеді,

Тәрбиеле, басқаша үйрет мені.

Перуза, аспан түстес көздеріңнен

Сыр іздедім тесіліп суреттегі.

Ұлыларға келемін табынып-ақ,

Жүрген жоқпын біреудің бағын ұрлап.

Ұлы Сергей, қолыма қалам алғам,

Сен тәрізді әуелі сағынып ап.