ВЕРНУТЬСЯ

        Алатаудың етегінде бір қала бар ғажайып,

Ұлы ақындар сол шаһарда бара жатыр азайып.

Жыр оқитын ортамызда тау суындай сарқырап,

Көрінбейді сол бір ақын ақдидары жарқырап.

Ал бүгін ше,

сол Алматы, сол айқас пен сол майдан,

Қалқып ұшқан қыраным-ай,

Ақшығанақ, Торғайдан.

Әр қайталап оқығанда, әр жолыңнан сыр ұғам,

Қара өлеңнің көшіндегі қайталанбас құбылам.

Бұл жалғанға екі келмес ер жігіттің сұлтаны,

Жауһарыңнан ғасырларға шашырап тұр шұғылаң.

Пір тұтып ең алдыңдағы Ғафу, Сырбай, Қасымды,

Сағыныштан көздің жасы моншақ болып шашылды.

Ортамызда жыр оқыған сырахана баяғы,

Алматының көшесінде көзіме оттай басылды.

Қыз-жігіттер қол ұстасып сауық-сайран құратын,

Есіне алып күрсінгендей жұлдыз аққан мына түн.

Сарыарқаның даласындай жаратылған ерекше,

Абылай аспас сары белден асқан ақын, ұлы ақын.

Тұрады өмір жауабы жоқ неге мұнды сұрақтан,

Алашыңа сендей тағы керек боп тұр бір ақ таң.

Жан сырыңды тыңдап кеше Мұқағали мұңайса,

Гауһар жырың қайта оқыған жас аруды жылатқан.

Өлеңіңнің сырлы сазы сан толқынды толқытқан,

Шыңыраудай терендігің жауларынды қорқытқан.

Тәніңді алып, әніңді алып ұшақпенен қаңтарда,

Арқалыққа бір қаралы ең соңғы рет жол шықкан.

Нәзік жанды, ерке мінез, бөлек бітім тектім-ай,

Соңындағы екі ұлыңа мейіріміңді төк, құдай.

Артына ерген бозбала едім арасында тобырдың,

Табындырып, сағындырып тым ертерек кеттің-ай.

Мынау елің аңсады ғой, шын сағынды даусыңды,

Қайран ақын, дәм-тұзың да неге ерте таусылды.

Қылшылдаған қырық екі жасқа толған шағыңда,

Қасиетті туған жердің топырағы қаусырды.

Содан бері жүрек сыздап көктем келіп, жаз өткен,

Құбылысты елемеген билікке бар наз, өкпем.

Он жеті жыл эфирлерден естілмеді дауысың,

Он жеті жыл жаңа жырың көрінбеді газеттен.

Шет-шегі жоқ,

сағым жүзген өніп шығып ертеңнен,

Қызыл заман шылауында кеткендерден жеркенген.

Есін алып ескі белдер,

ескі ауыл, ескі сөз,

Ол ұлттың ақыны еді, өзегі ерте өртенген.

Есіме алсам, көкірегім қайғы-мұңға толатын,

Жазушылар одағына оралмады сол ақын.

Дала жырын аспандатып, құбылыс боп тербеген,

Ол Кеңшілік Мырзабеков болатын.