ВЕРНУТЬСЯ

        Құс шулаған осы өзен сырласым ба,

Шалқамнан жатушы едім жылғасында.

Жанары жүрек өртер қара көздің,

Жырладым жалтылдаған сырғасын да.

Аяғын әрең басқан еркеліктен,

Жанымды құрсау-сеңнен ерте еріткен.

Жақсының шуағына шомылып ап,

Өскен ем жамандардан жеркеніп мен.

Қайран ел,

жаманы аз, жақсысы көп,

Сырларын қатпар-қатпар ашқысы жоқ.

Мен жүрмін көкке қарай талпынғанның,

Қалсам деп көтеретін басқышы боп.

Осылай қарапайым тұрғасын ба,

Қимаймын жылғасын да,

тырнасын да.

Мен елден алыстасам, елегізиді

Елеусіз бір төмпешік қыр басында.