ВЕРНУТЬСЯ

     Бурадайын жараған,

«Жау қайдан?» деп қараған,

Тартып мінген ат жалын,

Қылышымен тараған,

Жәнібек тархан жан бабам!

Боз қыраудың күнінде,

Ай-жұлдызсыз түнінде,

Тебінгісін теріс таққан,

Сағана там түбінде.

Жұртының жүгі жатса ауып,

Қайғысын қуып, көк сауып.

Тұманды серпіп таратқан,

Бадана көзді ақ сауыт.

Сағымы жүзген даламнан,

Он сегіз мың ғаламнан...

Бесіктегі бала үшін,

Бейіттегі дана үшін,

Кетпей қанды алаңнан.

Жамылғаны жапырақ,

Төсенгені топырақ.

Қарсы шапқан кезінде,

Шарболаттай шатынап.

Далаға кетпей атқаны,

Найзаға үкі таққаны.

Жауының басын қаққаны,

Көкпар қылып сол басты,

Көз ұшында аққаны.

Жалғызға зорлық қылмаған,

Жауының құтын ұрлаған.

Қаншама дүрлер жырлаған,

Өте де шықты-ау тоқталмай,

Жалған да пәни зырлаған.

Құзды мекен еткенсің,

Жау түбіне жеткенсің.

Сары беліңді сарғайтып,

О дүниеге кеткенсің,

Жәнібек тархан жан бабам.

Қамын жеген ұрпақтың,

Қос өркеш атан тұрпаттым.

О дүниелік өзіңе

Бү дүниеден тіл қаттым.

...Жәнібек тархан жан бабам!

Мазалауда, қинауда шабыт бүгін,

Алқымымның түймесін ағыт, гүлім.

Тұлпарды әкел,

жазира, кең даланың,

Байқайыншы тағы бір жазықтығын.

Осы кезде кеудеңді шаттық кернеп,

Немересін айналған кәрі әжедей,

Күліп түрып, боз дала, егілерсің,

Мұндай сәтте ақынның ақындығы

сезілер шын.

Сап-сары боп қайыңның сабағынан,

Жапырақтар, сен-дағы сөгілерсің.

Қазақ таудың сырғанап жанарынан,

Ақ жаңбырлар еріксіз төгілерсің.

Бәрібір, кермиық кең даламдай,

Қалдыра алмас ешкім де ақынды ұмыт,

Жасын ішкен таулардың Жер-анадай,

Кете барам найзағай жасын жұтып.

Айыра алмас ешкім де сенен мені,

Туған жердің ақ қайың, емендері.

Мұңаймандар сондықтан қапаланып,

Менің таңым аппақ боп атары анық.

Сауысқандар отырар жөгіленіп,

Дүние түгел елітіп, тебіреніп,

Таң боп атқан өз ұлы мені көріп,

Қазақ таулар теңселіп шақ тұрады.

Тебіренбеген жүрегін бейшаралар

Жұлып алып, теңізге лақтырады.

Көкірегінде тұтанып бастапқы үміт,

Менің туған жеріме сүйіншіге,

Ерке бұлақ жүгірер сақ-сақ күліп.

Айтылмаған, айтылған сырларыммен,

Жазылмаған,

жазылған жырларыммен,

Жібіте алсам даламның көкірегін,

Мынау ғажап дүниеге ақын болып

Келгеніме қалайша өкінемін...

Замандасым,

сырласым,

мектептесім,

Әрбір сағат,

әр күнің тек кетпесін.

Қабылдаған Қасымын Қазақстан,

Қасымханын білемін шеттетпесін.

Білемін мен барлығын, сезем бәрін,

Көздеп жүрген біл сен де межем барын.

Өзен барын білем мен құмға сіңген,

Ертең үшін,

бәріне төзем,

жаным!

Тереземнің ар жағы қысқы дала,

Асыр салған алаңсыз

түсті қара.

Білте шамның түбінде көрші қызға,

Хат жазатын есіме түсті бала.

Алда деумен жүріппіз көктемдерім,

Әдемі бір әуендей өткендерім.

Өмір деген соқпақты жол бойында,

Қағысқандар,

сендерге кектенбедім.

Жүректерді тұрса да қинай күдік,

Бақыт таптық үлкенді сыйлай біліп.

Көз алдымда порттарда,

перрондарда

Қоштасқандар менімен қимай тұрып.

Жаңа жауған жұп-жұмсақ ақ қардайын,

Менің жолым жарқырап жатты әрдайым.

Ұлылықтан дәметтім,

содан ба екен,

Жамбасыма төсегім батты әрдайым.

Қарапайым күн кештім өзгелердей,

Сұрағанын сыйладым,

сөзге келмей.

Баспалардың есігін сирек қақтым,

Өсек айтып көргем жоқ езбелердей.

Өткен аман уақыттың елегінен,

Пенделікті жан едім жеңе білген.

Жинағымды апарып жайсаңдарға,

Мен туралы жазыңыз демедім мен.

Кінәм болса өзімді ақтамадым,

Дәптердегі жыр болды сақтағаным.

Жазғыштарды журналда даттағам жоқ,

Дарындарды газетте мақтамадым.

Замандасым,

сырласым,

мектептесім,

Әрбір сағат,

әрбір күн

тек кетпесін.

Қабылдаған Қасымын Қазақстан,

Қасымханын сеземін шеттетпесін.

Өтеді өмір,

өтеді өмір,

өтеді,

Сүйрейді бізді күндердің алға жетегі.

Ғажайып жылдар келгенде ертен, күлімдеп,

Ертегі болар бүгінгі менен кешегі.

Осылай,

жаным,

қалады елдің өсегі,

Бесікте жатқан бөбектер біздің өседі.

Қалалар менен ауылдар ертең ғажайып,

Жиырма бірінші ғасырға түгел көшеді.

Өтсінші жылдар осылай ғана тып-тыныш,

Қамыға берме,

бәрі де, бәрі дұп-дұрыс.

Жауап беретін болады әлі арының,

Алдында анау кісі боп жүрген «мықтымыз».

Жеңістерді ертеңгі күннен күтем кеп,

Қайғырып жүрген жайым жок сенсең бітем деп.

Беткейге гүл боп көтеріле алсақ жарады,

Табанға кірер шықпасақ болды тікен боп.

Қиын болып барады қауымға ұнау,

Немқұрайлы қарсы алған ауыл мынау.

«Сөз өнері дертпен тең» дейтін еді,

Мен де осы аурумен ауырдым-ау.

Хат салмады інім де солдаттағы,

Үсті-басқа қарайды талғап бәрі.

Көзіме оттай басылды өрік ұрлап,

Асып түскен көршінің шарбақтары.

Бұла қыз жоқ ешкімге тең көрмеген,

Баяғыдай әзіл жоқ жеңгемменен.

Ешбір қызға жүрегім көнбей жүр ғой,

Ерке өлең, өзіңе көнгенменен.

Алтын кездік бітті ғой шарықталып,

Сөз өнері, шык мені жарыққа алып!

Толқындардай серпілем кейін қарай,

Жүрегіне жұртымның барып қалып.