ВЕРНУТЬСЯ

      Бұлбұл ма таңда бір сәт сайрамаған,

Жігіт пе елін-жұртын ойламаған.

Дүниеден баяғыда өтіп кеткен,

Есіме түсті бүгін қайран анам.

Есіме түсті менің асыл анам,

Біздерді баққан-қаққан, асыраған.

Жан баласын жатсынбай, дүниеге

Мейірімі шуақ болып шашыраған.

Өмірден өтті солай ғашық адам,

Қиындыққа, жоқтыққа жасымаған.

Қара жолда баратып қоңыр кеште,

Есіме түсті тағы асыл анам.

Екі дүние арасын салмақтаған,

Дүниеден өтті-кетті ардақты адам.

...Аманатын арқалап ғаріптердің,

Ғұмырын мұнлықтардың жалғап барам.