ВЕРНУТЬСЯ

     I

    Жастық шаққа көрік болған Ғалекем,

Жақсыларға серік болған Ғалекем.

Біздің мынау Ғалекеңдер нар екен,

Қатар шабар үзеңгілес бар екен.

Сен сатпадың, кейбір досым сатқанда,

Сөзге сатпадың, жұрт гулетіп жатқанда.

Мұқағали туған күні туылдың,

Арқа жақта тоғызыншы ақпанда.

Мұңдас болған ақбөкендер, кептерлер,

Бетпақ дала сексеуілді бөктерлер.

Аты кеткен үш жүзде де әйгілі,

Ата-бабаң ат баптаған бапкерлер.

Ана жылы Сарыарқаға сыймаған,

Жауларың да жамандыққа қимаған.

Тоқалары аман болсын Бөзкөлдің,

Қазағыма қос ақынды сыйлаған.

Қара өленде кітап сайын өстің сен,

Ақындардың бал ғұмырын кештің сен.

Жаңаарқаның жусаны боп бұрқырап,

Ескененің самалы боп естің сен.

Есен, Нұра, Сарысуға ұласқан,

Ақтау, Ортау, Иманақта қыр асқан.

Жыр оқыған кештерінде арулар,

Бұл қай жақтың жігіті деп сұрасқан.

Жылқы бақтың жолыменен әкеңнің,

Ұлы жырға ұлы өлеңдер әкелдің.

Кездескендер жалт бұрылып қарайтын,

Сен інісі ең қазақ сүйген Сәкеннің.

Мен інісі ем ерте кеткен Саттардың,

Адал құрдас, адал дос боп сақталдың.

Беу, кешегі отызымда қап қойған,

Куәсі едің таңғажайып шақтардың,

...Бар сырымды келді бүгін ақтарғым.

 

      II

     Ғалым құрдас, Ғалым дос, Ғалым ақын,

Алыстасаң Сарыарқа сағынатын.

Бұл қазақтың аз емес жігіттері,

Сенің мөлдір жырыңа табынатын.

Ғалым құрдас, Ғалым дос, Ғалым ақын,

Қара түнде қағазға сарылатын.

Бұл қазақтың аз емес қыздары да,

Сені сұрап іздейтін, сағынатын.

Арқасында еліңнің сайрандадың,

Атың келіп бәйгеден жайраңдадың.

Өттік біз иттей болып ырылдаспай,

Ит жылы туылсақ та, қайран Ғалым.

 

     III

     Алдымызда алпысқа аман келу тұр,

Бір Алла мен тек өзіңе сену бұл.

Таңғажайып махаббаттың әлемі,

Соңымызда елу белес, елу қыр.

Береріңді халқыңа бер, Fалекем,

Соңында дөңгеленсін жер, Ғалекем.

Елу деген нәйеті елу көктем,

Елуден сен қорықпа, ер Ғалекем.