ВЕРНУТЬСЯ

     I

    Сен толқып жаттың,

Қырғыздың көлі,

Толқытты мені

бір қыздың меқі.

Қырғыздың жері,

Қырғыздың желі,

Жүрегімді өртеп бір қыздың демі.

Ақ көңіл,

ақын Қырғызым менің,

Еркімді алды бір қызың менің.

Аспанды нұсқап жұлдызым дедім,

Ақын қазаққа аялай қарап,

Күледі жұмбақ

жұлдызым менің.

Кім атады екен

Есік деп көлім,

Сарыарқа жақтан көшіп кеп пе едің.

Қырғыз бен қазақ ортасын бөлген,

Ақ бас тауларды тесіп кеп пе едің?

Толқыттың, ерке Есік көл мені,

Жүзімді сипап Есік кел желі.

Қырғыздың мынау бесік белдері,

Қалың қазақта елеусіз жүрген,

Қара баланы есітпеп пе едің?

Түсіме енді сол қыздың меңі,

Көздері бейне Қырғыздың көлі.

Жұлқынып тұрды

Қырғыздың желі,

Алыстай берді ақырын менен

Бір қыздың демі.

Қырғыздың жері,

Қырғыздың көлі.

 

    II

    Жегідей жеді

жалғыздық жанды,

Өзіммен өзім алысқам.

Талақ етіп

мен бар қызықтарды,

Толқын ойлармен жарысқам.

Қырғыздың көлін

аялап тұрды,

Аспандағы аппақ Ай нұры.

Сыбырға толы

саябақ құрлы,

Ұмыта алмадым қайғыны.

Күйігін қыздың

көтерем жалғыз,

Халқымның жайы қиындау.

Лашық тігіп ап,

өтер ем жалғыз,

Қылмыс қой бүгін

жиылмау.

Күле танысып,

жылап қоштасқан,

Қыздар-ай, нәркес жанарлы.

Жырыма жатқан

құлақ тоспастан,

Толтырам қалай Аралды.

Көзімнен аққан, көзіңнен аққан,

Тамшылар солай ақсыншы.

Сезімнен батпан,

сезімнен тапқан,

Көз майын тауысар жас сыншы.

Қырғыздың көлі,

жағанда түрып,

Ойладым алыс Аралды,

Туған жер тозды-ау

табанда тұрып,

Обалы кімге Маралдың.