ВЕРНУТЬСЯ

        Сары аязда сол жылы сақылдаған,

Ерттеп берді Тұрдыбай атын маған.

Төрт тұяққа лақтыртып кезек қарды,

Жалғыз үйлі қыстауға жақындағам.

Жалғыз қыстау, адасып тапқан едім,

Сақта дедім, үмітті ақта дедім.

Қырау басып мұздаған терезені

Сабыменен қамшының қаққан едім.

Қимағандай кетер жыл, өтер айды,

Анам салған ыңылдап «Көкем-айды».

Киізбенен қапталған қара есіктен

Жас келіншек көрінді бөкебайлы.

Ақ тістері тіс емес, асыл тастар,

Тіл байланды, әзіл жоқ батыл бастар.

Аяз ата секілді тұрған маған,

Сығалайды есіктен тақырбастар.

Екі-үш бала есікке таласады,

Таласады,

таңырқай қарасады.

Ақ мұржадан өрілген қара түтін -

Сол келіншек бұлғаған қара шәлі!..

Дәл сол қыстай ешбір қыс тондырмаған,

Дәл сол аттай еш жылқы болдырмаған,

«Ағаң жоқ» деп, қыраулы қысқы кеште,

Бейтаныс жеңешем-ай, қондырмаған.

Қазақтағы жисаң да бар қызды, аға,

Бұл ініңнің айтары жалғыз ғана.

«Көкем-айлап» ән салып ұзай берген,

Қай асуға жетті екен жалғыз қара?