ВЕРНУТЬСЯ

       Қазақ, қазақ дегенмен,

Сан қашырды-ау ұйқымды.

Құс ұшырып төбемнен,

Өзімізді жұбаттық,

...«Керуен көшті, ит үрді».

Жалғыз шыққам елден мен,

Кетті бәрі, дос сатты.

Мұң-наламен шерленген,

Қара көзім боталап,

Қу көкірек бос қапты.

Анам бейбақ күрсінген,

Жүрегімде, ойымда.

Туған жерден нұр сіңген,

Қажымайтын, талмайтын,

Тылсым күш бар бойымда.

Мазалар бұл жай кейін,

Күшік беріп, кит тосқан.

Қазағым-ай қайтейін,

Жақсысының соңынан

Қақпан құрып, ит қосқан.

Серкелерім сұлтандай,

Пышақталып кетіпті-ау.

Жігіттерім ұлтандай,

Отын жарып, күл тасып,

Ұсақталып кетіпті-ау.

Ажал ма екен жаза аты,

Парықсызбен тірестім.

Ғұмыр бойы қазақы,

Сахараның киелі,

Рухы үшін күрестім.

Емексітіп алдайтын,

Ғазиз өлең бір ғана.

Көлеңкедей қалмайтын,

Елімді ойлап қажыған,

Мәңгі серік мұң-нала.

Бұл пәниде жыр азық,

Алтын елім, өз елім.

Рух іздеп құлазып,

Жел өтінде, жарығым,

Өртеніп тұр өзегім.