ВЕРНУТЬСЯ

     Ақын зиратындағы
ой

     Қабырға сөккен қазақтың мұңы тербеткен,

Қара бала едім қараша ауылда ержеткен.

Қаратау жақтың қара талының шыбығын,

Ат қылып мініп түскенмін жолға сен кеткен.

Көсіліп жатқан

куә ғой

қырат, сай мына,

Қырандар көкке қанатын бірден жайды ма?

Мәңгілік өмір іздедім мен де өзіндей,

Қаршадайымнан айналып Асан қайғыға.

Жырақта қалып жылдарым сауық құратын,

Басында тұрмын,

қасында тұрмын, ұлы ақын.

Қасым боп ашқан дүниенің мынау есігін,

Сұрапыл жылдар сырларын бізден сұра, түн.

Бір кезде қалған ізінді іздеп Ембіден,

Боталап көзім жырыңа қайта телмірем.

Жұртыма ертең соңымда менің мұра боп,

Өлеңнен өзге қалады дейсің енді нем.

От-жалын кештің кешпеген мынау еш пенде,

Жабықтың ба екен ескі шинельді шешкенде.

Жұмақ-ау шығар ол жақта сенің мекенің,

Көп көріп едің тозақты ғұмыр кешкенде.

Алқара кектей, дариға-ай, сол бір қайда арман,

Қиялың қалқып аспанда жүзген айды алған.

Сене алмай тұрмын көздерім менің бұлдырап,

Қасым ба мынау ақ топыраққа айналған.

 

I

Маған да бір сәт көз салып өтсін ертеңгі,

Қазақ деп туған қара көз жап-жас Қасымдар.

Ақ толқындардай жағасын жардың ұратын,

Сағыныш дертін біздерден ғана сұра, түн.

Жүз жылдық жүкті арқалап даңқ-дақпыртсыз,

Басында тұрмын, қасында тұрмын, ұлы ақын.

 

II

А, анау Балқашқа қарай,

алқына аққан Ақтайлақтың өзені,

Қызыларай тауларының көлге ұласқан кезеңі,

Жүзімді жаңбыр жуғаны-ай.

Қара нарлардың үстінде

аруларымды тербеткен алтын шатырлар,

Төбелерінде мәңгі тұрарын,

білгендей екен туған ай.

Кешегі өткен дулыға киген батырлар,

Артында азынаған үй қалып,

Жарық жалғанды қимай да,

қимай қиналып.

Бұрынғылардың жолына

бұрылып барып түскенсіз,

Сондықтан ба екен Алаштың сан баласынан үстемсіз.

Сұп-сұр боп жүзің соңғы рет,

сары қымызды сапырып тұрып ішкенсіз...

Еңкейгенге еқкейген,

Шалқайғанға шалқайған.

Сен жоқ жерде бақыт тапсын жар қайдан.

Өзімсініп келгенді өзегінен теппеген,

Атқан оғы айдалаға кетпеген.

Қабырғаларын біртіндеп тұрып сөккенде,

шытпай тұрған қабағын,

Алтынменен жалатқан ет салатын табағын.

Қаршадай кезде ауылда далалық дана,

Кемпір-шалдардың үздік бітірген сабағын.

Жүлдызды түнде ай нұрына жуынған,

Қынабынан ақ семсерді суырған.

Бозбалаға бойжеткен қасын керіп назданған,

Ей, мірі кем аяулы,

нұрлы ғұмыр аз жалған.

Сол бозбала
әп-сәтте бота көзі қаласа,

Арыстан мен
жердегі, аспандағы қазды алған,

Сондарында
аңыздай отты жыр мен саз қалған.

Зымырайды
замандар,

Өзгереді
қоғамдар.

Аруақтар ертеңгі,

Бүгінгі барлық
адамдар.

Теңеспейді
ешқашан

Жақсы менен
жамандар.

Менің мұңым жер бетінде жоқ қала мен жоқ ұрпақ,

Аманаттап туған жерді тастап кеткен сол ұрпақ.

Осындай елді ешкімде сала алмас ағаш табытқа,

Талпынған сонау себездеп түскен жарыққа.

Көзімнің жасы тамады үнсіз,

Батысқа қарай, мұнайлар аққан арыққа.

Бүгінгі мынау,

қайырсыз қара иттерге біткен мол байлык,

He пайда сенен аш-жалаңаш,

біз сүйген сорлы халыққа.

Асты мен үстін жерімнің

сататын іскер тажалдың,

Қақпайларына көнгім келмейді мені андып,

соңымда жүрген ажалдың.

Қайран аңқау қазағым, бүгінгі барлық қайғыңды,

Кешегі өткен Қасымдай,

құлазып жүріп жазармын...

 

III

Дүниеге келер әлі талай Қасым,

Олар да бұл Қасымды бір байқасын.

Қасым Аманжолов

Ұлы жырыңды,

ұлы даланы шайқаған,

Өзіңнен соңғы қаншама толқын байқаған.

Ақындар келіп-кеткенмен мына өмірге,

Дүниеге сендей келмейді Қасым кайтадан.

Боз жусандайын боз ала кезде от кешкен,

Қысқы окоптарда досының төсін оқ тескен.

Жарқылдай жетті жырларың жаңа ғасырға,

Бетінен жердің жоғалып, өшіп кетпестен.

Қаршадай кезде-ақ бас тіккен қауіп-қатерге,

Күркүреп күндей майданнан жеткен аты елге.

Өзіңді ойлап, қуана алмастан, қиналып,

Мұңайып тұрдым кіргенде жаңа пәтерге.

Келгенде көктем тыраулы үнін тырнаның,

Қырға да шығып сен құсап, аға, тыңдадым.

Семейге соғып сандалғанменен таппадым,

Кезгенмен жалғыз Қарқаралының қырларын.

Жеткізіп, бәлкім, айта алмай жүрген болармын,

Теңіздей сонау тартылып барып толармын.

Жағалауынан таппадым іздеп Жайықтың,

Жастығың қалған ормандарынан Оралдың.

Кейбір пенделер жетпей жүргенмен парқыңа,

Жырларың сенің жасын боп жетті халқыңа.

Жан-жаққа қарай поездар аққан далаңда,

Туатын таңда Шолпандай мәңгі жарқыра.

Алаш деп іштей алаулап жанып, күйінген,

Қазақ деп өткен Хан Кене ерге сүйінген.

Отыңды жаққан Сақыпжамалдың қолынан,

Ғафаңмен бірге дәм татқам бірде үйіңнен.

Дауысың жетті саңқылдап асқақ залдардан,

Алысқа кеткен даңқыңа сонда арбалғам.

Сұрағам қанша мен өзің жайлы, кешегі

Сырбай мен Ғафу секілді текті шалдардан.

Сарыарқадағы боздайды бүгін сары нар,

Ақындар сирек Сақыпжамалдай жары бар.

Сахарамызға тұлпарлар аздық етпеген,

Қазақстаным Қасымын мәңгі сағынар.

Дәуірлер жайлы толғай да толғай толғаған,

Заманалардан ұрпаққа жырын жолдаған.

Қасқа жол салған, басқа жол салған қашанда,

Қазақта біздің Қасымдар осал болмаған.

 

IV

Найзағайлы қара бұлттай құйып өткен жауыным,

Семсер тілді,

от жүректі тынбай соққан дауылым.

Жалғыз қалып жабыққан бір осы мұнды жылдарда,

Аруағы мен жыры мені демеп келген бауырым.

Он бестегі таңғы шықтай мөлдіреген сезімдей,

Қараша ауыл, қасқа жолда қалған балғын кезімдей.

Қызыл заман құрсаулаған Түркістанның қайғысын,

Жүрегіме жасырып ап жолға шыққам өзіндей.

Тына қалған тамшы көрген, сан ғасырлық тастардан,

Мұрат іздеп «Мұндық-Зарлық» секілді асыл дастаннан.

Атамекен Аққорада қасіретің басталған.

Сағым көшкен Сарыарқадан алыс-алыс жақтарға,

Алдыңды орап ақ киік боп бала кезден қашты арман,

Алашымның шоқ жұлдызы ағып түскен аспаннан.