ВЕРНУТЬСЯ

       Қоштасар сәтте

махаббат жырын жырландар,

Сөздер мен көзде қаншама нәзік сырлар бар.

Қауышар қашан,

білмедім,

енді тамбурмен,

Перронда мынау шығарып салып тұрғандар.

«Хат жазшы»,-

дейді дірілдеп үні гүл-гүлім,

Айтылмай қалды айтылар деген

сыр бүгін.

Ары да бері

жүргіншілерден қысылған,

Ғашықтар мынау

қия алмай тұрған бір-бірін.

Ақша жүзіне
жарасқан әсем

ақ моншақ,

Тәкаппар ару
қоштасар сәтте

жасқаншақ.

Қымбатсың маған қиыншылығыңмен сөз жетпес,

Қалтырап қолдар,

береке бізден қашқан шақ.

Оңтүстік жақта
піскен жоқ

уыз тұт әлі,

Қара баланың
шыққан жоқ

жеке кітабы.

Түркістан жақтан

жылжыған қою қара түн,

Абыр да сабыр поезды қазір жұтады.

Шымкент жаққа
келіп тұрыңыз,

арай қыз,

Шығарып салып,

күтіп алуға
жараймыз.

Кетеді поезд,

қалада мына қалғандар,

Еңсеміз түсіп үйді-үйге сосын тараймыз.

Беймәлім жаққа
бастап жүр қазір жыр мені,

Бейтаныс қыздың сүйкімді қандай күлгені.

Елеусіз тұрған қара баланың,

алайда,

Ағыл да тегіл
жырларын ешкім білмеді.

Сонда да,

аға,

бақытсыз жанмын демеспін,

Тартады тәні Қарашық пенен Келестің.

Кетер ем мен де отырып мына поезға,

Алматы жақта күтпейді бірақ мені ешкім.