ВЕРНУТЬСЯ

     Жаңбырлы кеш,

ғажайып тылсымдым-ай,

Өзге қызық ығысып түрсын былай.

Сүп-сүйкімді әніңнен сіркіреген,

Әйнегімнен үңіліп сыр тілеп ем.

Сарылып ем сан кеште сілем қатып,

Ғашықтарға осы кеш білем бақыт.

Жүрегімді әуенің тербеткелі,

Сәбидейін сезінем жөргектегі.

Моншақтарың ілініп бұтақтарға,

Өлең болып ендіндер кітаптарға.

Аялап ем талдардың бүршіктерін,

Тамшыларың жүзімнен ыршып менің.

Сыр ашпастан жоғалды жерге сіңіп,

Ал сонан соң телміргем перде сырып.

Қара көзді елік боп елестедің,

Алты ай қыста күткенде келмес пе едің.

Өзге дүние,

қарашы,

өзді-өзімен,

Қарап отыр бір-ақ жан өз көзімен.

Жаңбырлы кеш,

ғажайып тылсымдым-ай,

Өзге қызық ығысып тұрсын былай.

Тауды кезсе табатын арқар ізді,

Екеумізде ұқсастық бар тәрізді.

Жолға шығып біреудің қолқасынсыз,

Қыдырғанды ұнаттым қол шатырсыз.

Күн батқанда батыста жалқынданып,

Танытсам да сыртымнан салқын қалып.

Өз-өзімнен қарадай егілемін,

Кешке ғашық жүрегім тегі менің.

Жиырма төрт жыл осынау ғұмырымда,

Жыр жолында жанам деп құрыдым ба?

Тау суы боп құладым шатқалдардан,

Көкірегімде сонда да сақталды арман.

Қара судан қуанғам үйрек көріп,

Қара жолдар есейтті иректеліп.

Бұл мәңгілік тақырып таусылмайтын,

Жаңбыр жайлы жырласам даусым да айқын.

Ұнатпаса қойсыншы ұнатпаған,

Ұнайды деп сыр айтты бұлақ маған.

Ұнатпаса койсыншы ұнатпаған,

Ұнайды деп сыр айтты қырат маған.

Жаңбырлы кеш, сөз жетпес,

сүйкімдім-ай,

Бұрын, сірә, қашпаған ұйқым бұлай.

Саған ғашық біраз жан осындағы,

Мақаншыда тұратын досым-дағы,

Дамылдасам кеудемнен көшті деп сең,

Мені есіңе ал, жаңбырлы кешті көрсең.

Есімде әлі,

есімде,

Көк көйлек киген қызбенен,

Көктемнің мөлдір кешінде,

Шарықта, қиял,

алып ұш,

Шаттықтан сырт көз мас дейді.

Айтқанмын жалған адрес,

Тоқтатып талай таксиді.

Тоқтатпак болған пішінмен,

Таксиді қудым өкшелеп.

Тұрушы ем тілеп ішімнен,

Тоқтамай тағы кетсе деп.

Есейтіп кетті жыл бізді,

Гүлдепті тағы ақ сирень.

...Көк көйлек киген бір қызды,

Көремін енді таксиден.

Көшеден такси іздегем.

Туған жерден іздеп келген Айнұрдың,

Айдай сұлу жүзін көріп қайғырдым.

Жас аруды қара өлеңге қимадым,

Жолдарында қалар екен қай жырдың.

Арпалыспен өткен асау тағдырым,

Алматының көшесінде қаңғыдым.

Сағындым мен Түркістанның сол қызын,

Сағындым мен Бабайқорған жаңбырын.

Жырға ғашық қыратта өскен еліктің,

Көздерінен сәулелі ойлар көріппін.

Қалған ғұмыр сол суретті жырлайды,

Ләйләдайын асыл туған көріктім.

Бір күн тәтті

өтіп жатқан бір күннен,

Сол қызды ойлап алыс жақта жүрдім мен.

Қырық жамау жүрегіммен, қалқам-ау,

Ең соңғы рет ғашық болып тұрмын мен.

Жаңбыр-ау, ерке тырсылыңа мен

Құлағым тостым таң атпай.

Тап болдым, тағдыр, қырсығыңа мен

Жағада қалған шабақтай.

Шашырап күннен тарайтын шығар,

Тарайтын шығар шуақтар.

Бізге де біреу қарайтын шығар,

Қарайды, бойда қуат бар.

Шапағатына бөлейтін шығар,

Күзді де сүйгем сары ала.

Бізді де біреу елейтін шығар,

Қарамасаң, сен қарама.

Түн сайын жұлдыз ақпайтын шығар,

Күн сайын адам өлмейді.

Бізді де біреу жақтайтын шығар,

Жақсыны жақсы бөлмейді.

Түсініксіздеу боп тұрса да, мейлі,

Бізді де біреу түсінер.

Арам түзағын құрса да, мейлі,

Кісімсіп жүрген кісілер.

Көзінде өлі ой аяқтан шалар,

Жаман пиғылын жасырар.

Арамдығы үшін таяқтан қалар,

Алдымда бірақ бас ұрар.

Еркелеп аққан бұлақтай едім,

Несіне, тағдыр, тірестің?

Жаны аруларды жылатпай елім,

Мен солар үшін күрестім.

Жаза алмай жүрген Қаншайым - дарын,

Автобуста адам сығылыс.

Шалынды көзге сан шайырларың,

Байқай алмаған құбылыс.

Мен кеткенмен, жүрегім елде қалды,

Махаббат бірге ойнаған белде қалды.

Кешегі киелі, асыл мекенім-ай,

Көзімнің алдын түгел көлбеп алды.

Мәңгі кеттім..

ұзадым өздеріңнен,

Сүйедің сырлы өзендей сөздеріңмен.

Екінің бірі болғым келмей жүрген,

Жылдарымда жарқ етіп кез келіп ең.

Тұнжырап тұрысың да сүйкімді еді,

Аңғартты көзіндегі сиқыр нені?

Жүрегім елде қалды, сол үшін бе,

Талады талай рет «итің» мені.

Айтақтады аямай таласын деп,

Қорқытты төмпешік боп қаласың деп.

Ызалы сол төбеттер бүл күндері

Жалайды жүрегімнің жарасын кеп.

...Мен кеткенмен, жүрегім елде қалды,

Махаббат бірге ойнаған белде қалды...

Жаңадан жаза бастаған

Ұяңдау сол бір жас ақын.

Құшағына алған Астанам

Қара көз қызды тосатын.

Аққудай бейне сыланған,

Әдемі емес - сүйкімді.

Әр ВУЗ-дан қыздар құралған,

Желіктірмеген би кімді.

Досынан көйлек сұрап ап,

Жаңбырлы кеште тосты ол.

Астында Айдың тұра қап,

Сол қызды жырға қосты ол.

Редакторы алғашқы,

Алашадайын сілкіді.

Даланы қанша қар басты,

He күндер өтті күлкілі...

...Әлем де жәлем киінген,

Өтежан ағам кергіп түр.

Дәм татқан сыншы үйімнен,

Сынады-ау дейсің жер ғып бір.

Айнала түгел қолдаса,

Жүретін жері кілең той.

Қыздардан ұят болмаса,

Кім екенімді білем ғой.

1980 ж.