ВЕРНУТЬСЯ

       Еске түсті ертегі апам айтқан баяғы,

Менің өмір сапарым жер ортаға таяды.

Тірлік болды бұл өмір

ештеңе де ұтпайтын,

Қайран анам,

жан анам,

бір сәт естен шықпайтын.

Ескі бейіт, ескі ауыл,

кеткем бәрін қалдырып,

Иінағашпен су алып,

иығыңды талдырып.

Қара көзің жасаурап жолға қарап тұрдың ба?

Алма ағаштың түбіне

текеметті төсетіп,

көрпешеңді салдырып.

Қия алмадым қайтейін

Алматының жаңбырын,

Маңдайыма жазылған

дәл осылай тағдырым.

Ассалаумағалайкүм,

ей, тәкаппар қарлы шың,

Әкем бата берерде,

анам айтқан баяғы,

Ғайыперен қырық шілтен,

шылауымда бармысың.

Бос болмаса шынында

бүгін менің шылауым,

Енді қалған ғұмырда мүмкін емес жылауым.

Әлдекімнен әлдене мүмкін емес сұрауым,

Маған да ептеп ауысты-ау шашыңдағы қырауың.

Қара өлеңмен ауырған, қара балаң баяғы,

Солатұғын қырдағы гүлдерді де аяды.

Қайырылмаған артына қайран анам, жан анам,

Менің өмір сапарым жер ортаға таяды.