ВЕРНУТЬСЯ

      Мы были как вы, Вы

     Бәйіт

 

     Ойлаудан қашсаң бүгінде,

Ой салар тұғыр тас мына.

Барамыз біздер түбінде

Қап-қара жердің астына.

Шалқыған дарқан көңілге,

Байлыққа ажал қарамас.

Жалаңаш келіп әмірге,

Өтеді адам жалаңаш.

Өседі бәрі қарыштап,

Сәбилер әлі-ақ ес білер.

Жылдардан қалған алыстап,

Менің де даусым естілер.

Өтеді менмен пенде де,

Өтеді асыл құрбы да.

Ұқпағам мұны мен неге,

Тас тұғыр айтып тұр мына.

Жыр жазғанменен талғаммен,

Кейде арым сілкіп,

тергейді,

Аңыз боп,

ән боп қалғанмен,

«Өлгендер қайтып келмейді».

Ойлаудан қашсақ бүгінде,

Ой салар тұғыр тас мына.

Барамыз біздер түбінде

Қап-қара жердің астына.

Автовокзал...

өткен жыл, сарыатанда,

Кейіп тұрғам сұғанақ балақанға.

«Жетпейсің» деп корқытты алпыс жасқа,

Сыған қызы қарап ап алақанға.

Сыған қызы, сөзіңнен қорықпадым,

Содан қайтып өзіңе жолықпадым.

Жалғыз келе жатқанда еске түсті,

Жыр еліне жасаған жорықтарым.

Өкпелеңдер,

тәтті азап шекпегендер,

Жете алмайды ақ еңбек етпегендер.

Қырық жас та аз емес, о, дариға-ай,

Еске түссе отызға жетпегендер.

Масаң қалыппен поезға келіп отырдым,

Мұндылау перрон қоштасып қалды менімен.

Сал жігіттерге серік ем,

Даладай аппақ қос рельс қара бұрымды,

Қара көз қызды жаңбырлы кеште көріп ем,

Мұңдылау перрон қоштасып қалды менімен.

Ұзады поезд тербетіп мені сәбидей,

Бәдия дала таусылар емес шегініп,

Жанымның жайсаң кезін ұқ

Жүрегім менің жібек жолдармен шырмалған,

Дүниеде мынау жалғыз қалғандай сезініп,

Тамбурда келем егіліп.

О, шөлдің сәні сексеуіл,

Анаммен талай сырласушы едің ошақта,

Дала мен мені қосақта,

Әрбір минуты қымбат болса да өмірдің,

Ауылға барып, алаңсыз жатам осы апта.

Таңдайда әлі
ауылда жеген таба нан,

Көзіме оттай басылды сонау бағанаң.

Ағаны сүйем тентектігіме сабаған,

Әжімді дала - ақ жаулық тартқан ақ анам.

Еркелеп келем, көк вагон бейне ақ бесік,

Көрінген сонау ағаштан мінгем ат кесіп.

He болса соған таласушы едік бәстесіп,

Бұрымды қыз-ай, бақыты болған басқа есік.

Келеді поезд, келеді поезд тербеумен,

Босатам ертең ақтаңкер атты белдеуден.

Бәдия дала, өтермін саған селдеумен,

Келеді поезд, келеді поезд тербеумен.

Көкірекке беймәлім желік кіріп,

Мына өмір барады еліктіріп.

Қобалжимын мен кейде кейбір ойдан,

Өлеңімді газетке беріп тұрып.

Қара жолдың келемін шаңын қағып,

Бал болашақ алда тұр сағымданып.

Ізденіссіз күн өтсе, өзге біреу

«Өлең» атты қоярдай тағымды алып.

Мен келемін өз күйім, әуеніммен,

О, әуенім, жерімдей мәуелі ме ед?

Жарық дүние жарқ еткен сонау сәтте

Ағаларға ұқсағам әуелі мен.

Ағаларша жылағам жөргегімде,

Жаным анам, жұбаттың тербедің де.

Сыбағамды сұрасам шырылдап мен,

Ақ сүтіңмен өлеңді бермедің бе?!

Сонан бері күн ақты, жылдар ақты,

Аққан жылдар кеудеме жыр қалапты.

Талай рет қуансам жан-тәніммен,

Талай тамшы жанардан сырғанапты.

Көкірекке беймәлім желік кіріп,

Мына әуен барады еліктіріп,

Қобалжимын мен кейде кейбір ойдан,

Жырларымды баспаға беріп тұрып.

1977 ж.