ВЕРНУТЬСЯ

     Ауылды ойлап,

қаланы ойлап,

жырды ойлап,

Жүріп жатқан жайымыз бар сұр бойдақ.

Біз де ержеттік әне-міне дегенше,

Қайда достар жүрген кеше бірге ойнап?

Бақытымыз шықпады алдан біз күткен,

Сағынышқа кетті айналып күз тіптен.

Есімізге әлдекімді салады

Подъездегі ғашық үндер үздіккен.

Көкейіме кептеледі бір тілек,

Жасты көзді біз де талай сүртіп ек.

Дір-дір етіп тітіркенген ағаштар,

Жаңбыр мынау жауып тұрған сіркіреп.

Қалып жатқан күндерімнен сырылып,

Бір әдемі қалам, досым, сыр ұғып.

Күресеміз, тіресеміз біз әлі,

Кеудемізден тарағанша жылылық.