ВЕРНУТЬСЯ

      Ағадан өстік сыр ұғып,

Қолға алған істі қоймаушы ек.

Он екі бала бірігіп,

Он екі таяқ ойнаушы ек.

Шомылып суға жатушы ек,

Ыстық кұм төсеп бауырға.

Тығылып торғай атушы ек,

Күн батпай қайтпай ауылға.

Жарысушы едік көк белде,

Қылаң жорғасын тербете.

Назымхан ағам жеткенде,

Жеркепе жақтан желдете.

Сағынсаң-дағы сабыр ет,

Жоғалды қайда баяғы үн.

Әперген жеңіс сан рет,

Қай жерде қалды таяғым.

...Сәби кез қайран кекілді,

Істейтін істер сөгерлік.

Он екі таяқ секілді,

Он екі жаққа жөнелдік.

Еске алсам әлі дір етем,

Қиялдап жатып көз ілем.

Он бірі қайда жүр екен,

Он екіншісі өзім ем...

Қиналды ішке сора алмай,

Көршінің ұлы Елгезек.

Қалдыбек ағай бола алмай,

Отырмын мен де - бір кезек.

Байқап қап біреу ұрысса,

Дуалдан асып қашатын.

Тығылып тұрып бұрышта,

Бас салса, қатты сасатын.

Тентек ұл осы сондағы,

Ауылды талай шулатқан.

Өлеңнен өзге қонбады,

Кеудемде ыстық тулап қан.

Жоғалдың демде, беу, неге?

Жігіт боп қызбен билегем.

Тіреліп төсі кеудеме,

Ерніме ерні тимеген.

Күндер де өтті, түн де өтті,

Өтті ғой, несін айтайын?

Ақынды біреу күндепті,

Газетті шолып қайтайын.

Деп шықкан едім жалғыз мен,

Газетті бірақ таппағам.

Ол кезде гүл ме ем, жалбыз бе ем,

Ағадан жырлар жаттағам.

Ұмытпан сол бір көктемді,

Ұмыту оны масқара.

...Есіме салды өткенді

Темекі сорған жас бала.

1982 ж.