ВЕРНУТЬСЯ

      Көше ақындары,

көше ақындары арғымақтары даланың,

Алшаңдай басып келе жататын тротуарында қаланың.

Білмейді оны бүгінгі мынау тәртібі жақсы жас ақын,

Мен көрген сол бір көше ақындары шараппен

шөлін басатын.

Зар кезеңдер мен тар кезеңдерде қазақты

олар сатқан жоқ,

Көше ақындары

жер астында да тып-тыныш

ұйықтап жатқан
жоқ.

Өмірде сол бір
көше ақындары

жеңілгендер жақта еді,

Көз жасыменен топырақтарға көмілгендер жақта еді.

Олар хақында сөйлейді өксіп, өкініп, кейде шаттанып,

Мұнлықтарымнан мұра боп-қалған

сыр шерткен ескі дәптері.

Жабығып жалғыз бейітке барар үн-түнсіз

жап-жас жесірлер,

Еркеліктерін
кешірді ел,

енді мұрасын зерттеп шешіңдер.

Артында қалған жас жетімдердің

қабырғалары қатпаған,

Көше ақындары сырласы түгіл,

көз таныстарын сатпаған.

Далалық заң бұл ауызша қалған

бұрынғы өткен
шалдардан,

Запы боп әбден
топырағы өзге қазаққа

қатал заңдардан.

Жазады түбі олар
жайында,

айтады түрлі мінбеден,

Достары түгіл, дұшпандары да көре

алмай кеше күндеген.

Тағы бір кеше көше ақыны өтті

опасыз мынау жалғаннан,

Сұлулықтар мен зұлымдықтарға

сәбидей бейне таң қалған.

Салқын өзендер сахарамызға асыққан асып арнадан

Талайларының баласы түгіл,

моласы тіпті қалмаған,

Қара жер менің көкелерімді

құшағына алған, жалмаған.

Жасай алмаған қатал тағдырда ары да бері қақпақыл,

Том-том боп қалған ата мұралар қазақы нұрлы

сапта тұр,

Көше ақындары
басында мұңлы Мағжан мен қайсар

Қасым тұр,

Соңынан шапқан
жас тұлпарлардан

екі алып солай басым тұр.

Көше ақындары ерке ұлдары,

серке құлдары халықтың,

Солардың мен де көзіндей болып

бетінде жердің қалыппын.

Оралды көктем, құстар да қайтты,

тағы да жарды өрік гүл,

Сендерден бізді

жер жарықтықтың үсті мен асты беліп тұр.

Адал сүт еміп, өмірі мендей

өлеңмен өткен қарағым,

Өзек өртейтін көп ойларымды айта алмай

елге барамын.

Даласын сүйген тектілерім-ай, кектілерім-ай, қайтейін,

Сендермен бірге сан армандарым

кетті менің-ай, қайтейін.

Елеусіз етті сұрама, жаным, жылама, жаным, қайтейін,

Оңаша қалып көзіңнің жасын бұлама, жаным, қайтейін.

Көк аспандағы көк байрағымды

көре алмай ерте көз жұмған,

О, менің қайран ғұламаларым, ғұламаларым, қайтейін.

Арыла алмастан ұлттық арман, ұлттық асқақ ойлардан,

Асылдарым-ай,

аулақтау жүрген қызыл жалаулы тойлардан.

Көше ақындарын ұмытпаңдаршы,

ұмытпандаршы, адамдар,

Солар ғой кеше Алаштың үстін

алты қаздайын айналған.