ВЕРНУТЬСЯ

       Дүние кызыл-жасылды,

Сан ұрпақ саған бас ұрды.

Толқын да толқын қазақтың

Топырақ жүзін жасырды.

Өткізіп қилы ғасырды,

Ырысым жатқа шашылды.

Тау менен тасқа соқтым мен,

Халқым деп ғазиз басымды.

Ноғайлы болып аңырадым,

Отырар болып қаңырадым.

Ақтабан болып шұбырып,

Далада қалды сандағым.

Семей де болып сенделдім,

Ертіс те болып емделдім.

Қасіретіңмен қайысып,

Қызығыңды кем көрдім.

Нарын да болып ұлыдым,

Арал да болып құрыдым.

Желтоқсан болып борадым,

Лақтырып тағдыр құрығын.

Төрі ме деп жұмақтың,

Дүние, сені ұнаттым.

Асан қайғыны зарлатып,

Йассауиды жылаттың.

Кесіле жаздап тілім де,

Үзіле жаздап ділім де.

Қиямет-қайым жолдармен

Тұралап жеттім бүгінге.

Тағдырдың шәлкес сұрағы,

Көңілде күй боп тұр әлі.

Бөлініп қалған даламнан,

Бейіттер үнсіз жылады.

Дүние-ай,

сені нетермін,

Мен-дағы бір күн өтермін.

Керуен де керуен ұзаған,

Бабаларыма жетермін.

Дүние-ай,

сені нетермін,

Көз жұмар мәңгі жетер күн.

Сайын да сайын даламды

Кімдерге тастап кетермін.

Жүрегін жаудың қақ тілген,

Алшайтып тұрып ат мінген.

Қазақ деп мұңға баттым мен,

Қазақ деп жылап жаттым мен.

Көзімде мұңның табы бар,

Ернімде шөлдің зары бар.

Жетім ботадай боздадым,

Сөз ұғар біреу табылар.

Алдыма түсті-ау жабылар,

Жабылардан да жалығар.

«Қазақтың зарын айтты-ау» деп,

Мені де жоқтар, сағынар.

Шеттегі көше,

жүретін ойнап бір бала,

Шалқаңнан жатып

қараушы ең ұшқан тырнаға.

Кешір сен,

досым, жасы емес көздің, басқа емес,

Көтеріп сені тұрғызып алар жыр ғана.

Еске алу ауыр,

еске алу ауыр, сол түні

Өзіңді түгел Оңтүстік еске ап толқыды.

Шығарып сені баратты соңғы сапарға,

Машиналар мен адамның шексіз толқыны.

Желбіреп желмен

қап-қара сенің шаштарың,

Қара жер жұтты

қара көздердің жастарын.

Қаралы хабар кернеді, досым, сол түні,

Тұнжырап тұрған қаланың мұңлы аспанын.

Қайғысыз,

қамсыз осындай әсем шат күнде,

Өмір аспаннан

жұлдыз боп мәңгі ақтым де.

Қаралы әуен ойнады туған көшенде,

Жаттың сен қарап жарқырап тұрған ақ күнге.

Елжірей сүйген сезімтал жүрек соқпайды,

Тірлікте мына осыдан өткен жоқ қайғы.

Кіріп келер деп есікке қарап елендеп,

Аяулы анаң, сүйкімді жарың жоқтайды.

Әкесіз күнін сәбилер қалай батырсын,

Арманың сенің ұлыңды алға шақырсын.

Шуылын естіп машиналардың сен бүгін,

Биіктен туған қалаңа қарап жатырсың.

Қырық жыл бойы үміттің жібін үзбедік,

Көктемдер менен жаздар да өтті, күз келіп.

Қара ормандар мен қара жолдардан сарылып,

Оралмай қалған сіздерді біздер іздедік.

Ұлы Отан үшін азапқа қилы көндіңдер,

Сағынған жардың түсіне түнде ендіңдер.

Әр көктем сайын жапырақ болып ағашта,

Қыратқа гүл боп, бәйшешек болып өндіндер.

Батса да жара сыр бермедіндер тістеніп,

Жылап ояндық, қорқынышты біз түс көріп.

Сағыныштардай шемен боп қалған кеудеде,

Әр көктем сайын ораласындар құс болып.

Қырық жыл өтті соғыстан соқ да сан қилы,

Қаншама ана боздағын ойлап жан қиды.

Айналам толы жайнаған жүзді сәби мен

Сіздер қорғаған гүлдердің иісі аңқиды.

Қырық кеп-кетті көктем мен күзің, жазың да,

Барсындар сендер сұлу қыздардың назында.

Барсындар сендер мұңлы әуендердің қаншама

Аналар салған, балалар салған сазында...