ВЕРНУТЬСЯ

    Әкем марқұм (жаны Жәннатта болғыр) ескі қара қазанның тесігін жамамақ
болып қол бұраумен үш күн бойы тесік тескенде мен әкемді аяп кетіп, осы
еңбегіңе бір қазан сатып алуға болмай ма деп едім, жарықтықтың морт кеткені...

    Осы ойыңмен, сен, бейшара жандайсың,

Шала бықсып, өмірде еш жанбайсың.

Бірін емес онын тауып аларсың,

Қара қазан сатып ала алмайсың.

Таңба көрсең ескілердің жүзінен,

Ізі өмір, содан толы жүзі мең.

Мына тесік түскен қара қазанға,

Жеті анаңның қырғышының ізінен.

Билеп кетсе құдайсыздық сиқыры,

Серпіл, таста - ойсыз тірлік ұйқыны.

Мына сенің жан-тәнінде, қаныңда,

Қырғыш қырған осы қазан қиқымы.

Мені аяма, өзінді ая, шырағым,

Құдайым бар, бағдарым бар - Құраным!

He болады күнің ертең, сорлылар,

Өз жаныңның сайламасаң тұрағын.

...Қозғап кетті мені ауыр өктем үн,

Сезгендеймін сезім мұзын сөккенін.

Қазан маңы толып кетті елестен,

Сынай қарай сығалайды көкте, кім?..

...Содан бері ойға терең батам мың,

Содан бері құны қымбат қатамның.

Содан бері қара қазан басына

Шақырады үрейлері атамның...

Ақтау. 14.09.1993 ж.