ВЕРНУТЬСЯ

      Айтар едім,
құдай-ау, айтар едім - тыңдар кім?

Ортасында отырып құлақ кесті құлдардың.

Өткізе алмай өзімді, жеткізе алмай сөзімді,

Терек болып теңселіп, ырғай болып ырғалдым.

Тындағанға тілімді тігіп тұрып бәске мен,

Айтар едім, амал не, айналамыз тас керең.

Жақсыларым жауыннан қорғалаған торғайдай,

Соқыр көздің өзінен
сорғалаған жас көрем.

Айтар едім, не керек, құлақ қайда тыңдайтын,

Бозторғай да емеспін - берекесіз жырлайтын.

Қайраймын кеп өзімді, кісі едім ғой деймін де

Иілмейтін емендей, самырсындай сынбайтын.

Айтар едім - біреулер ұнатпайды бұртиып,

Енді бірі қабағын, мен айтпай-ақ, тұр түйіп.

Беттілерім бұл
күнде жер шұқиды көзімен,

Итті көрген
текедей тектілерім үрпиіп.

Айтар едім, құдай-ау,
айтарымды елге арнап,

Қайда бара қоймақпын ағайынды енді алдап?

Біле тұра
бір сөзім дарымасын ешкімге,

Айналаға айқайлап айта берсем... нем қалмақ?!

Еңсем түгілі,
етегімді елге бастырмай,

Өзім бар жерде
өзгенің Жағын аштырмай.

Пендені бетіме қаратып көрген жоқ ем мен,

Бес төбет келіп беттей алмайтын қасқырдай.

Патшаның қызы
батып кіре алмас қойынға,

Бес жігітіңнің
буы бар еді-ау бойымда.

Алаш ұлына
асыртпап едім бастан сөз,

Тығыла күліп, жығыла жүріп сойылға.

Қарасы түгілі, ханның алдында кішірмей,

Қарныма бола кісіге күнімді түсірмей.

Қаһарым болса қайғыға қарсы салушы ем,

Қара бір тастан қашай да салған мүсіндей.

Қиянат көрсем - қарайып қайта қаныма,

Жексұрындарды
жолата қоймай маңыма.

Жағымпаздардың өліп кете ме өзеуреп,

Тұра
қашпадым, құлақ аспадым
зарына.

Жүрейін десем пенделіктен де алшақтау,

Иттері ырылдап,
биттері жыбырлап шаршатты-ау!

Ар сатпау еді Аллаға берген антым да,

Қиындап барады, қайтейін, бірақ жан сақтау!

Көптен-ақ көзге үйіріле қоймай жырдан шық,

Көлі құрғаған
көңілдің өзі тұр қаңсып.

Қабамын дей ме - қаптап келеді көп төбет,

Тісін ақсита тап-тап береді... бір қаншық!

Көлеңке жерде
қалып бір қойған мұздақтай,

Тымырайып қана тұрар
еді-ау ол міз бақпай.

Сәлеміңнің өзін сызданбай алған күні жоқ,

Жүрегінді сенің шымыр еткізе сыздатпай.

Бүрісе қалып бұралқы
ит көрген кептердей,

Тіл қатқан емес кеміте күліп, кектенбей.

Инеліктей боп ілмиіп, ішін бермейтін

Атасының көрін Иманас қазып кеткендей.

Ұрғашыға
да, құрбашыға да ұқсамай,

Күркетауықтың мекиені құсап түк самай.

Үніңнен үркіп, үдірейе қарап тұратын

Тоқсан жасында Тегеран барған чукчадай.

Санасып жатпай сақалы бар деп, мұртты деп,

Жусатып айдап иі жұмсақтау жұртты көп,

Күн көрсетпейтін қызметі төмен кісіге

Күшік күйеудей кішірейте сөйлеп, түрткілеп.

Жүргенде солай жанына торсық байлатпай,

Өтті де кетті тасыраң дәурен тайлақтай.

Алақан жайып аңырып қала беріпті

Көлі суалып, кемесіз қалған айлақтай.

Дұшпаны да
жоқ, жоқ еді қимас досы да,

Кектене
қарап, көлеңкесінен шошына,

Жынын алдырған бақсыдай болып жүр, дейді ел,

"Кезекті дүние, кезбе бақ" деген осы да!