ВЕРНУТЬСЯ

    Бір мың тоғыз жүз жетпіс төртінші жылы «Қазақ әдебиеті»
газетінің қырық жылдығы тойланды. Жазушылар сарайының кең залы лық толы. Жиынды
казақ әдебиетінің ақсақалы Ғабит Мүсірепов ашты. Салтанатқа сол кездегі Қазақ
ССР Жоғары Советі Президиумының председателі Сабыр Ниязбеков те қатысқан-ды.
Бір кезде залға Мұқағали Мақатаев келіп кірді. Қасында ұйғыр ақыны Ілия
Молотов. Шамасы, екеуі де жылылау секілді. Залдың арт жағына барып жайласқаннан
кейін Мұкағалидың даусы шығыңқырап отырды. Жұрт құлағына ерсілеу сөздер де
шалынып қалды...
      Мәжілісті
басқарып отырған Ғабең дағдысынша баппен көтерілді де:
-        Әй, Мұқағали,
ана көшеде айтылар сөздеріңді жер таппай келіп айтып отырсың ба?! Қоймайсың ба?
- деді әр сөзін салмақтап асықпай сөйлеп.
      Мұқағали екі қолын
ұшатын құстың қанатынша қомдап орнынан тұрды:
- Ғабе, мен құладым...
       Зал жым-жырт.
Шыбынның ұшқаны естілердей тыныштық орнай қалды. Неге өйтті? Менің ойымша, оның
сыры - құладым - деген жалғыз ауыз сөзде. Сөз сиқырын ерттеп мінген дарынды
ақын мынандай хал-күйінің өзінде де: қойдым, жаңылдым, қателестім, - деп жатқан
жоқ. Өлеңде де, өмірде де үнемі кесек турайтын Мұқағали қателігін құлауымен
мойындап жатыр. Және кімнің алдында? Қазақ халқының біреуден жасы үлкен, біреуден
кіші болғанымен жол үлкендігіне еш қарияң таласа алмайтын Ғабит Мүсіреповтің
өзінің алдында. Сөз қадірін білетін Ғабит ризалығын жымиюымен білдіріп орнына
отырды.
      Мұқағали осыдан
кейін аузын ашқан жоқ. Кикілжің осымен бітті. Мінбедегі шешен сөзін жалғады.
Жоқ, кикілжің тынбады. Үстінде орман шаруашылығы қызметкерлерінің киімі бар бір
азамат мәжіліс президиумының соңғы қатарынан тұрды да айқай салды:
-        Міне мына
жиынға қымбат уақытын жіберіп Республика Президентіиің өзі қатысып отыр. Сол
кісінің алдында көргенсіздік танытып, бейбастақтық жасап отырған әнебіреуді
әкетіңдер залдан!
        Мәссаған безгелдек!
Халық ақсақалы Ғабиттің өзі тындырған істі қайтадан қоздыра ушықтырып, алты аласы,
бес бересі жоқ бөтен үйге келіп тәртіп орнатып жатқан бұл кім өзі?! Орман
шаруашылығы миннстрлігінде істейтін бір азамат екен.
       Мен бұл кісінің
дарақылығын кейін осы тойға арналған дастарқан басында да байқап қалдым. Соғыс кезінде
даңқты қолбасшы Конев басқарған адайданның бір құрамында болған, кейін орталық
Қазақстанның бір ауданының бірінші басшысы есебінде Партия сьезіне қатысқан
Төлебаев Кремль сарайында үзіліс кезінде бұрынғы қолбасшысына аяғын сарт-сұрт
тік басып барып: пәлен армияның пәлен дивизиясындағы пәлен батальонының
пәленшесінің өзі келді, - деп рапорт беріпті. Жәй азамат киімін киген бұл
кісінің мына ерсі қылығына маршал абыржыңқырап қалыпты да, төңіректегі
жұрт күліпті. Осы бір ерсі ісін ол осы дастарқан басында да
ерлікке санап айтқаны бар.
     Төлебаевтің
айкайынан кейін бір-екі жігіт қаумалап Мұқағалиды сыртқа алып кетті. Жәй алып
кеткен жоқ.
      Келесі күні
мемлекет басшысы отырған жерде бейбастақтық жасады деген айып тағылып, Мақатаев
жазушылар қатарынан шығарылды. Дәлелдің мықтысы: мемлекет басшысы отырған...
Мәселе, міне, қайда жатыр десеңші!
Сабыр Біләлұлы Ниязбековті мен сонау бір мың тоғыз жүз елу
төртінші жылдан білетін едім. Сәкең онда Солтүстік Қазақстан обкомының екінші
секретары болып істеді. Өзімнің туған облысыма барып жүріп онымен талай-талай
кездескенмін. Үйінде де болғаным бар. Содан білетінім: Сабыр Біләлұлы өте
кітапқұмар адам, үйі толған кітап. Бір жақсысы - кітапты жәй сәндік үшін
жинамайды, оқу үшін жинайды. Өзінің үйінде өткізген кеште мен оның орыс
әдебиетін, батыс әдебиетін ғана емес, қазақ әдебиетін де оқитынын, аңғарғанмын.
       Сәбит Мұқанов,
Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсіреповтер ғана емес, кейінгі буынның өкілдерін де
білетініне, әманда оқып қадағалап жүретініне көзім жеткен. Осы бір ұғымым мені
жетелеп отырып президенттің өзіне алып барды.
-        Сәке, Сіз
Мұқағали Мақатаев деген ақын барын білесіз бе?      
-        Білгенде
қандай?!
-        Қандай ақын?
-        Айтары жоқ
тіпті,,.
-      Ал ендеше осы
айтары жоқ ақынды кеше Жазушылар одағынан шығарып жібеірді.
-        Не себепті?
-        Себебі
Сізде...
-        Неліктен менде
болмақ?
        Мен істің
мән-жәйін түсіндірдім.
        Ниязбеков
шошып кетті.
        Дереу қажет
кісілеріне телефон соқты. Соның нәтижесі - Мұқағалидың мүшелік билеті
қалтасында қалды.
       Арада біршама
уақыт өтті. Бір күні семьяммен келе жатып әрі сыра, әрі минералды су сататын
киосканың қасынан өте беріп, әйелім су ала кетейік деген соң тоқтай қалдым.
Киоскаға жақындай бергенімде, екінші жағынан қасында бір жас жігіт бар Мұқағали
шыға келді. Сәлемдескеннең кейін, жуырда Ниязбековте болдым, - деп сөз бастай
беріп едім, менің ол ісімнен
мүлде бейхабар Мұқағали дүрілдете жөнелгені.
-        Ниязбеков
деген кім өзі? Ертең орынан түссе көптің бірі болады да қалады. Ал мені
Ниязбеков отырғаны үшін деп мүшеліктен шығарып...
-        Жоқ, мүлде
олай емес... Мен барып сөйлесіп...
      Мұқағали сөз
соңын тосудан қалды.
-        Неге олай
емес? Дәл солай. Оның атын екінші рет атайтын болсаң, мына берген тиыныңды
қайтып берем.
-        Ал қойдым
ендеше.
       Мұқағали
киоскаға қайта кірді. Мен сүйретіліп машинаға келдім.
      Осы оқиғадан
кейін Мүқағалимен кездесе алған жоқпын.
Әй, аңғырттық-ай десейші! Ана әңгімені ретін тауып дұрыс
кезінде айтсам... Жә, қойшы! Айтылған болса.
Үзіліп түскен алмадай,
Үзіліп көңіл калғаны-ай!
Арыма баскан таңбадай,
Арылмай койды-ау дау-дамай!
Тасыған көңіл арнадай,
Таусылып бүгін қалғаны-ай!
...Қиылып калған құрақты
Қиын да болар жалғау-ай!
Шоқтанып жанған көгімде,
Шолпаным бар ғой менің де.
Жолдассыз, доссыз тегінде,
Өткерген өмір өмір ме?!
Өкініш көп қой көңілде.
Осы да жақсы, кім білсін,
Ділгірсің, көңіл, ділгірсің.
Өкініш-ынсап бір жүрсін.
Алайда доссыз өткерген,
Күн құрсын, бауырым, күн құрсын! - деген жан толғанысы туар
ма еді, әлде тумас па еді?!
     Өкініші жоқ.