ВЕРНУТЬСЯ

       Біз өткенде жылама да жоқтама,

«Ақын еді!» - десең, - жетер жоқ баға.

Күнәмізді құдай өзі кешірер,

Кешпей жатса ара түсіп,

ақтама.

Бөлеу артық үлде менен бүлдеге,

Керегі жоқ көміп аза гүлге де.

«Ақын еді!» - дей сал,

айтсаң бірдеңе,

Одан жылы сөз таппассың - үндеме.

Кетері бар

Келді деме несіне,

Көк аспаннан көп іздеме тесіле.

Жылама да, жоқтама да, ойлама...

Өзіміз-ақ түсерміз біз есіңе.

Зар емеспіз заңғар биік мүсінге,

Жыр оқысақ жарар кейде түсіңде.

Жылау,

жоқтау,

еске алу да,

бәрі бар

«Ақын еді!» - деген сөздің ішінде.