ВЕРНУТЬСЯ

     Стефан Цвейг

     Чарлз
Диккенсті өз замандастыры қалай жақсы көргендігін оның өзінің кітаптары да, өмірбаянын
жазғандар да дәл сондай деңгейде жеткізіп бере алмайды. Махаббат тек ауызша сөздерде
ғана өмір сүріп, тыныс алады. Сондықтан да бұл туралы сізге біреудің әңгімелеп
айтып бергені дұрыс, оның ішінде де Диккенстің ең алғашқы жеңістері туралы
білетін және содан бері елу жыл өтіп кетсе де»Пиквиктің» авторын Чарлз Диккенс
деп емес, оны зор құрметпен, ескіше, өздері үйреніскен және еркелете Боз[1] деп атайтын ағылшынның
айтып бергені дұрысырақ әрі дәлірек болар еді. Олардың мұңдана еске алып
айтатын әңгімелерінен-ақ сол кездегі оның романдарының жалғасы басылған көкшіл
кітапшаның кезекті әр данасын зор қошаметпен қарсы алатын мыңдаған адамдардың оған
деген ерекше құштарлығын байқауға болады (қазір библиофия үшін қымбат бағалы мүлікке
айналған бұл кітапшалар жәшіктер мен шкафтарда сарғайып жатыр).

    Оның ескі жанашырларының бірінің айтуынша, олар Боздың
келесі көкшіл кітапшасын сөмкесіне салып алып келетін почташыны үйлерінде күтіп,
шыдап отыра алмайды екен. Олар бұл кітапшалардың әрбір келесі санын бір ай бойы
шыдамсыздана тосып, ал ол кітапшалар келгенше бқлар бір-бірімен шығарма
кейіпкерлері туралы әңгімелесіп, «Копперфиль Дореге үйлене ме, жоқ әлде Агнессаға
үйлене ме» деген мәселе төңірегінде дауласып, Микобердің тағы да қиын жағдайға
түсіп қалғандығын, бірақ оның бұл жағдайдан пунша шарабының және үнемі көтеріңкі
жүретін көңіл-күйінің арқасында қалай да аман-есен құтылатынын білетіндіктен қуанысып
жататын. Енді олар бұл кейіпкерлерді қашанғы әңгіме қылсын, әлгі ылғи қалғып-мүлгіп,
аяғын басып болмайтын почташының сүйретіліп, бұлардың үйлеріне дейін келіп
жеткенін күтіп отыра берудің «азабын» арқалап, жаңағы мәселелердің бәрінің анық-қанығын
қашан тезірек біліп болғанынша шыдамдары таусылады. Отыра беруге шыдамдары
жетпейді. Міне, осылайша, жылдардан соң жылдар өтіп, жас баладан бастап жасы
келген қартқа дейін почташы келетін күні әрқайсысы өзіне тиеслі кітапшаны
тезірек қолына алу үшін екі миль жерден оның алдынан шығатын. Қайтып келе
жатып, жол бойы оқып келе жатады: біреулері көршісінің қолындағы кітапқа оның
иығынан қарап үңіліп келе жатса, енді біреулері дауыстап оқи бастайды, ал
солардың ішіндегі ең қайырымдылары бұл олжасын тезірек әйелі мен балаларына
апарып беру үшін үйіне қарай аяғы аяғына тимей ұша жөнелді. Дәл осы қалашықтың
тұрғындары сияқты әрбір деревняның, әрбір қаланың, бүкіл елдің, ал оның
сыртында бәрі - колонияда тұратындар, әлемнің әр түкпіріне шашыраған ағылшынша
білетіндердің бәрі бұл көк кітапшаларды жабыла оқып шығады; шығармаларымен
танысқан алғашқы минуттардан бастап, оқырмандар Диккенсті оның демі үзілген соңғы
сәтіне дейін соншалықты жақсы көрді. Он тоғызынша ғасырда ешбір елде жазушы мен
халықтың арасында дәл осындай шынайы жақындық болған емес. Диккенстің сөздері ұшқыр
ракетадай заулап көкке бір-ақ шығатын, оның оттары әлі сол қалпында тұр, әлі өшкен
жоқ: ол өзінің шапағымен жер дүниені нұрландырды да, өз көгінде сол нұрлы қалпында
күн секілді тұрып қалды. 

    «Пиквиктің» ең алғашқы шығарылымы төрт жүз дана болған, ал
он бесінші шығарылымы қырық мың данаға жетті, оның даңқы өз дәуіріне осындай
тасқынмен келіп кірген еді. Бұл даңқ көп ұзамай Германияға қарай жол тартты,
оның жүздеген, тіпті мыңдаған арзан кітапшалары ең бір сұрқай жүректердің өзіне
жылылық ұялатып, көңілдерін көтеріп, күлкіге көмді; қажымас қаламгер тудырған
кішкентай ғана Николас Никльби, байғұс Оливер Твист және басқа да мыңдаған
образдар Америкаға, Австралияға, тіпті Канадаға дейін жетіп барды. Қазір
Дикенстің миллионнан астам кітабы айналыста жүр: оның ішінде үлкені де бар,
кішісі де бар, қалыңы да, жұқасы да, кедейлерге арналған арзаны да, байларға
арналған керемет көркем етіп Америкада басылған қымбаты да бар (бір де бір
жазушының кітабы мұндай қымбат бағамен басылған емес, миллиардерлерге арналған
бұл басылым шамамен үш жүз мың маркі тұрады), бірақ күні бүгінге дейін бұл
кітаптардың әрқайсысы бірінші бетін ашқаннан-ақ адамдарды күлкіге көміп, ол күлкілердің
дуылынан құстар дүр етіп ұшардай, сыйқырлы сазды сан үнмен құйылып тұр.

    Бұл автордың атақ-даңқы бұрын-соңды болмаған дәрежеде кең
таралды, оның даңқы жыл өткен сайын артпаған сияқты болып көрінсе, оның себебі
біреу-ақ: оған деген оқырмандардың махаббатының шексіз болғандығы соншалық, ол әрі
қарай өсу мүмкіндігінің шегіне жеткен еді немесе, тіпті, шек жоқ еді. 

    Бірде Диккенс өз оқырмандарымен бетпе бет кездесіп, өз шығармаларын
олардың алдына шығып оқуға ниеттенгенде, Англия дүр сілкінгендей болды. Залға
кіруге естерінен тана ұмтылып, қай күні келсең де зал аузы-мұрынынан шығып тұрды;
тіпті құмарлары залдың колонналарына өрмелеп кетті, эстардаға шығып алды, әйтеуір,
қайткен күнде де өздерінің сүйікті жазушысының дауысын естіп қалуға ұмтылды.
Америкада адамдар кассаның алдындағы кезектерін күтіп сақырлаған сары аязда үйлерінен
алып келген көрпелеріне оранып, түнеп жатып алған, ал көрші мейрамханалар оларға
тамақ тасып тұрған; кезекке таласқандардың «қырғыны» адам айтып жеткізе
алмастай еді. Келгендерді қай зал да сыйғыза алмай, бәрі де тарлық еткен соң, ақыр
соңында жазушыға өз шығармаларын Бруклиндегі шіркеуде оқуға рұқсат етілді. Бұл
жерде ол Оливер Твисттің бастан кешкендерін 
және кішкентай Неллидің тарихын оқыды. Оның даңқына ешкім де көлеңке түсіре
алмады, ол Вальтер Скотты екінші қатарға ысырып тастады, Теккерейдің ұлылығының
барлық жылдарын бүркеп тұрып алды, ал Диккенс қайтыс болып, жалын сөнген кезде,
ағылшын әлемі шайқалып кетті. Тіпті бірін-бірі танымайтын адамдар да көше де
бір-біріне бұл хабарды жеткізіп жатты, Лондон дәл сол күндері ұлы соғыста жеңіліп
қалғандай күйде тұр еді. Оны Англия пантеонындағы Вестминстерск аббаттығында
Шекспир мен Филдингтің ортасына апарып жерледі; жазушының қабірінің басына мыңдаған
адам ағылып келумен болды, оның қарапайым ғана қабірінің басы бірнеше күндер
бойына гүл шоқтарына көміліп жатты. Тіпті, бүгін де, яғни, қырық жыл өткен соң
да оның қабірінің басының гүлден арылған күні жоқ, бұл суреткердің даңқы мен оқырмандарының
оған деген шексіз махаббаты әлі күнге солғын тартқан емес. Баяғыда әлі ешкімге
есімі таныс емес, ертеңгі күнінен ешбір керемет күтпеген оған Англия аяқ
астынан әлемдік даңқ сыйлағанда Чарльз Диккенс қандай болса, ол дәл бүгін де күллі
ағылшын әлемінің ең сүйікті, ең құрметті жазушысы.

    Жазушының мұншама өлшеусіз, кеңдікке де, тереңдікке де
кетіп  жатқан даңқының себебі, әдетте,
бір-бірімен қайшы келіп жататын екі стихияның сәйкес келуінен болады, яғни, ғұламаның
өз ұмтылысының өз дәуірінің дәстүрімен үндес болуы басты рөл атқарады. Әдетте, дәстүрлілік
пен ғұламалықтың өз ара әрекеті от пен судың өз ара әрекетіндей болып келеді ғой.
Әрине, ғұламаның негізгі айырым белгісі - оның жаңа дәстүрлердің рухын
кейіптейтіндігінде, ал ескі, уақыты өткен дәстүрлерге қарсы шығады, өйткені ол
жаңа ұрпақтың ең бастауында тұрады, өліп бара жатса да, кетпей тұрып алғандарды
қанды қырғынға шақырады. Ғұлама мен оның уақыты екі сәуле сияқты, бірімен бірі
араласып кеткен жарық пен қараңғы іспеттес, бұлардың орбиталары ара-тұра
бірімен бірі қиылысып қалып отырса да, ешқашан бір-бірімен сәйкестеніп, жарасым
таппайды. Міне, біздің көз алдымызда жұлдызды аспандағы өте сирек кездесетін оқиға
сияқтанған жағдай тұр, бір сәуленің  көлеңкесі
екінші сәуленің бетін  толықтай жапқан
кезде олар бір-бірімен араласып кетеді: Диккенс - он тоғызыншы ғасырдағы ұлы
жазушылардың ішіндегі субъективті ойлары дәуірдің рухани сұранысына толығымен
сай келген жалғыз жазушы. Оның романдары сол кездегі Англияның рухани сұранысын
толығымен қанағаттандырды, оның шығармашылығы ағылшын дәстүрінің жүзеге асуы
болып табылады; Диккенс дегеніміз - бұл юмор, тәжірибе, мораль, эстетика,
Ла-Манштың арғы бетіндегі алпыс миллионнан астам адамның рухани және көркемдік
сұранысының мәні, олардың кейде бізге жат болып көрінетін, ал кейде қатты сүйсіндіретін
әлемді өзіндік танып-сезінуі. Бұл шығармаларды жазған ол емес, оны жазған - ағылшындық
дәстүр, ең қуатты, ең бай, өзіндік ерекшелігі де мол, сол себепті де қазіргі мәдени
дәстүрдің ішіндегі ең қауіптісі, ия, шын мәнісінде қауіптісі болып табылатын дәстүр.
Оның осындай өмірлік қуатын бағаламау мүмкін емес.

   Әрбір ағылшын - ағылшынның да ағылшыны болып табылады, оның
ағылшындығы немістің немістігінен өтіп кетеді. Ағылшындық бастау адамға тек
сыртқы пішінді ғана беріп қоймайды, ол адамның күллі мәніне терең сіңіп, қанына
дейін жетіп барады және, ең бастысы, ол ең қасиетті жерлерге, соның ішіндегі де
ең дарасына - шығармашылыққа сіңеді.

    Суреткер ретінде ағылшын
- неміс пен французға қарағанда - өзінің ұлттық сезіміне әлдеқайда болып
келеді. Сондықтан да Англияда әрбір суреткер, әрбір нағыз жазушы өзінің жандүниесіндегі
ағылшындық бастаумен күресті, алайда, ең қызу қанды күрестің өзінің дәстүрді қиратуға
күші жетпеді. Ол өзінің аса нәзік артериялары арқылы ең бір алыстағы тереңдіктерге
жете алады, кім де кім өзінің жандүниесінен ағылшындығының жүрекшесін алып
тастағысы келсе, онда ол күллі организмінің талқанын шығарады да, қансырай
бастайды. Бірнеше ақсүйектер - Барон, Шелли, Оскар Уайльд күллі ғаламшардың
еркін, ортақ азаматы болғысы келіп, өздерінің бойларындағы ағылшындығын тұншықтырмақ
болған, өйткені олар ағылшындардың бойындағы және болмысындағы ежелден келе жатқан
буржуазиялық мәнді жек көрді. Бірақ олардың өзі ешқандай нәтижеге қол жеткізе
алған жоқ, тек өз өмірлерін тұншықтырды.

    Ағылшындық дәстүр - әлемдегі ең мықты, ең жеңімпаз дәстүр,
бірақ өнер үшін ең қауіптісі де. Ең қауіпті болатын себебі - ол қаніпезер, оның
қаныпезерлігінің мәні мынада: бұл бос жатқан сұп-суық, қонаққа жаны қас
елсіздік емес, ол өзінің жылылығымен, жанға жайлы бейбіт тынысымен маңына жолап
кеткен адамдарды арбап алатын, бірақ моральдық шектеулері де бар, өзіндік тәртіпті
талап ететін және еркін «өзім білем» деушіліккке жол бермейтін дәстүр. Бұл -
таза ауасы жоқ, бірақ тіршіліктің жел-дауылдарынан қорғалған, ықтасындағы, жарық
та қонақжай, өзіңнің үйің сияқтанған, буржуазиялық қарынтоқтың каминінде оты
маздаған  қарапайым ғана үй-жай, бірақ бұл
күллі ғаламшарды өз үйім деп есептейтіндер үшін, шексіз кеңістікте олай-бұлай көшіп,
тіршіліктің өзгермелі оқиғаларының қақ ортасында жүргісі келетіндер үшін - нағыз
түрменің өзі.

   Диккенс ағылшындық осы дәстүрдің жылы ұясына кіріп алды да,
оның төрт қабырғасының ортасында өз үйінде отырғандай жайлылықта өмір сүрді. Өзінің
үйреншікті жағдайында ол өзін өте жақсы сезінді және  Англияның көркемдік, моральдық, эстетикалық
шекарасын ешқашан бұзған емес. Ол революционер болған жоқ. Оның жандүниесіндегі
суреткер оның қанындағы ағылшындығымен жақсы тіл табысты да, бірте-бірте мүлдем
еріп, біртұтас әлемге айналып кетті. Диккенстің шығармашылығы - бұл - халықтың өзі
айта алмай, түсіндіріп бере алмай жүрген, өнерге айналған қалауы, сонымен қатар,
дәл осындай жағдайда жүріп, қаламгердің өз қуаттылығын, сирек кездесетін дарыны
мен шығармашылығының өзі қолдан шығарып алған мүмкіндіктері де аз емес, біз осы
жағдайға байланысты, жазушының қолдан шығып кеткен мүмкіндіктеріне Англияның өзін
кәналаймыз және бұл мәселе жөнінде әлі күнге дауласып келеміз.

    Диккенс - Наполеон өмір
сүрген ерлік дәуірі мен империализм дәуірінің аралығындағы, даңқты өткен шағы
мен болашағын алдын ала көре алудың аралығындағы ағылшындық дәстүрдің ең жоғары
көркемдік деңгейде көрініс табуы. Оның туындыларын біз ерекше жетістікке жеткен
деп есептеймыз, бірақ, соншалықты кең түрдегі ауқымдылығын сезіне алмаймыз, оның
себебі де бар. Оның мұндай жағдайына кедергі келтірген Англия емес, ұлттық
бастаулар да емес, оған кедергі келтірген - Англияның қазіргі сүреңсіз  викториандық ғасыры. Шекспир де ағылшындық
тарихтың бір дәуірі - Елизавета дәуірінің керемет құбылысы болып, поэтикалық тұрғыдан
көрініс табуының белгісі болған еді ғой, қуатты да табысты, жас жігіттей қылшылдап
тұрған, сезімтал Англияның, арнасынан асып, жағаны ұрғылаған қуатымен дауылдай,
лапылдай әлемдік билікке ең алғаш рет қолын созған Англияның поэтикалық тұрғыдан
көрініс табуы болмап па еді.

    Шекспирді іс-қимылдың,
еркіндіктің, ерекше энергияның ғасыры туғызды. Көкжиек кеңейіп, жаңа бір асулар
көрінген кез еді, Америкада жабайы патшалықтарды бағындыру үрдісі жүріп, ғасырлар
бойы келе жатқан жабайылық тас-талқан етілді, Италияға солтүстік тұмандарының
арасын қақ жарып Қайта өрлеу дәуірінің шұғыласы түсіп келе жатты, кәрі құдай
мен кәрі дін ығыстырылды, енді әлемді жаңа да тірі құндылықтармен толтыру керек
болды. 

    Шекспир - ерлікке толы Англияның гүл шоғын таққан ақыны
болса, Диккенс - прозалық Англияның символы. Ол жұмсақ мінезді, үй күшік, кәрі
патшайым Викторияның кезінде өмір сүріп, қатаң тәртіп орныққан, бірақ жанға
жайлы, жылы ұядай, бірақ құлашты кеңге жаюға да, асқан құштарлықтарға да жол
берілмейтін мемлекеттің азаматы болды. Оның шабытын қарыны тоқ, сол тоқтығын қорытуды
ғана ойлаған дәуірдің ауыр жүгі басып ұстап отырды; жалқау жел оның шабыт
кемелерінің желкендерімен ғана баладай ойнаумен шектелді, оларды ағылшын жағалауларынан
белгісіздіктің қауіпті болса да көркем қиырларына, жан баспаған шексіздіктеріне
алып кете алмады. Оның шығармашылығының рухы үй күшіктіктен, үйреніскен жағдайынан,
ескіліктен  арыла  алған жоқ; Шекспир кекшіл Англияның өжеттігін
кейіптесе, Диккенс тоқшылықтың байқампаздығын кейіптеді.

   Ол 1812 жылы туған. Оның көзі айналасындағыларды ажырата
бастаған кезде әлемде қараңғылық орнаған болатын, Еуропа мемлекеттерінің
шіріген ғимаратын жойып жіберуге қауіп төндірген ұлы жалын сөнген еді.
Ватерлооның гвардиясын ағылшындардың жаяу әскері талқандап, құтқарылған Англия өздерінің
тәжден және биліктен айрылған қас жауының алыс аралдағы жалғыздықта қалай өліп
бара жатқанына тамашалап қарап тұрды. Мұның бәрін, әрине, Диккенс өз басынан
кешкен жоқ: ол Еуропаның бір қиырынан екінші қиырына әлемдік өрттің отты мұнары
жылжып келе жатқанын көрген жоқ; оның көз жанары ағылшын тұманының ішінде
адасумен болды. Жас жігіт өз айналасынан өз образдарына лайық ер жүрек
батырларды таба алмады: себебі батырлардың заманы өтіп кеткен еді. Рас, кейбір
адамдардың бұл жағдайға сенгісі келмей, алға қарай кетіп бара жатқан уақыт дөңгелегін
кері айналдырып, әлемге оның бұрынғы желаяқ жүгірісін қайтарғысы келді, бірақ,
тыныштыққа ұмтылған  Англия оларды кері
итеріп тастады. Мұндайлардан біржола құтылу үшін Англия романтизмнің құпия қабаттарына
қарай жүгіріп, өлімсіреп бара жатқан ұшқынды үрлеп, лаулата жағуға ұмтылды,
бірақ жазмыштан озмыш жоқ еді. 
Шелли-ойшыл болса Тиррен теңізіне батып кеткен еді, лорд Байрон
Миссолунгиде безгектің отында күйіп жатты. Дәуір бұдан былай ешқандай да
шым-шытырық оқиғаларды көргісі келмеді. Әлем күл түстеніп, сұрғылт тартты.
Англия арқасын кеңге салып қойып, өзінің қанға бөккен жемтігін рахаттана жеп
жатты; билігіне мастанған буржуалар, ләпкешілер, маклерлер жұмсақ орындықтарында
шалқақтады. Англия осының бәрін өз қоғамының асқазанында қорытып жатты.

    Осындай уақытқа ұнау үшін
өнер де мұндай жайлы тыныштықты бұзбауы керек болды, көңілдерді алағай да бұлағайға
салып, итеріп-жықпай, жеңіл игерілетіндей, жеңіл түсінілетіндей, жай ғана қытықтай,
сипай өтуі тиіс еді; оған қайғылы болмай, сентиментальды болуға ғана рұқсат
етілді. Найзағайдай жарып өтіп, жандүниені селк еткізіп, қаныңды мұзға қатырғандай
сұмдықпен шошытпай, жеңіл ғана секем алдыруы талап етілді: ал мұның бәрі күнделікті
өмірдің өзінен-ақ жақсы таныс еді, бұл туралы француз және орыс газеттері
жазып, оқиғаны баяндаудың ала жібі көңілді көтере, қызықтыра тарқатылуы үшін
аздап ащылау, күлкілі және қиял-ғажайыпқа келіңкірейтіндей әңгімелер қажеттігіне
ым қақты. Бұл кезеңде үй шайқайтын дауылдарда пеш түбінде отырып оқылатын, әңгіменің
оқиғасы да маздап қана, шытыр-шытыр жанып, бойды жылытып қана тұратындай
сипаттағы өнерге сұраныс көп болған еді; шай сияқты жүректі жылытатын, бірақ
ып-ыстық қуанышымен мас қылып тастамайтын өнер беделге ие болды. Алдыңғы күні
жеңімпаз атанғандар өздерінің сол жеңістерін ештеңені өзгертпестен, ештеңеге тәуекел
етпей-ақ қолда ұстап, сақтап тұра беруге ұмтылып, өзгеріс атаулыға жоламай,
тіпті, өз сезімдерінің күшінен қорқатын қорқақтарға айналды. Өмірдегі сияқты,
кітаптарда да тек белгілі бір жағымды өлшемдегі әсерлілікті ғана көргісі келді,
сезімнің шырқауға шығып кетпей, тек болар-болмас қана, үп еткен лебінің сезіліп
тұрғанын қалады. 

   Англияда сол жылдардағы бақыт байсалдылықпен, эстетика
адамгершілікпен, сезімталдық мүләйімсумен, патриоттық көнгіштікпен, махаббат
некелесумен өлшенді. Қоғам өмірінің тамырында қан аздылық сезіле бастады.
Англия тоқмейілсіп, ерініп, жаңаруды жақтыра қоймады. Сондықтан да осындай тоқ ұлт
нені мойындаса, өнер сол шынайы жағдайға қалай да риза болып, соны қолдап, оның
шегінен шығып кетуге ұмтылып-жығылмауы керек. Міне, сөйтіп, кезінде елизаветалық
Англия өзінің Шекспирін қалай тауып алған болса, осы бір жағымды, мейірімді, ұғымға
жеңіл өнер де өзінің ғұламасын тауып ала қойды. Сол кезде табыла қалған Диккенс
- сол тұтстағы Англияның көркемдік сұранысының өнер туындысына айналуының көрінісі.
Ол дәл керек кезінде келе қалды және бұл оған керемет даңқ алып келді, ал, бірақ,
оның трагедиясы - өз уақытының талғамы деңгейіне тұсалып қалғандығында. Оның өнері
екіжүзді моральдан, қарны тоқ Англияның жылы-жұмсақ жағдайынан нәр алған еді,
егер де оның туындысының шын мәнісіндегі көркемдік қуаты және сонымен тең түсіп
жататын, алтын ұшқынымен көз жауын алар, алмастай әзіл-оспағы оның
кейіпкерлерінің ішкі сезімдерінің сүреңсіздігін ұмыттырып жіберетіндігі болмағанда,
Диккенс тек ағылшындық әлем үшін ғана маңызды болар еді де, ал біз үшін
Ла-Манштың арғы бетінде мыңдаған романдарын тасқындатып шығарып жатқан белгісіз
авторлардың бірі ретінде қала берер еді. 

   Викториандық мәдениеттің екіжүзділікпен бітетін шектеулерін
жандүниеңмен жек көре отырып, қарны тоқтықтың менмендігі жайлаған әлемге біздің
қызығушылығымызды оятып, тіпті ұнатып қалуға дейін жеткізіп және өмірдің ең бір
сүреңсіз прозасын поэзияға айналдыра білген бұл адамның ғұламалығына еріксіз
тамсанасың.

   Диккенс ешқашан да мұндай сипаттағы Англияға қарсы сөйлеген
жоқ, бірақ өзінің ең түпкі санасында өзінің ағылшындығымен күресумен болды. Алғашқы
кездері ол өз жолымен нық та сенімді жүрген еді, бірақ бірте-бірте, кем-кемнен,
күшін жоғалта, жаңа заманның сырғымалы құмына малтыға берді, малтыққан сайын дәстүрдің
кең де таптаурын жолына қайта-қайта айналып келе берді. Диккенс өз дәуірінен жеңілген
адам, оның тағдыры туралы ойлай келе, мен ылғи да Гулливердің ергежейлілермен
арада болған оқиғасын есіме аламын. Алып адам ұйықтап жатқан кезде кішкентай
адамдар мыңдаған жіңішке жіптермен оны қара жерге тас қып байлап тастайды
да,  оянған кезде оны тұтқын етіп ұстап
отырады, тек ол тізе бүгіп, өз елінің заңдарын ешқашан бұзбауға ант бергенде ғана
босатып жібереді. Міне, дәл осылай ағылшындық дәстүр белгісіз Диккенсті шырмап
алды да, бостандығынан айырды, ал бұл жағдай оған зор табыс әкеліп, бұл табысы
оны Англияның бір шөкім жеріне батыра байлап тастады, байланып отырған оған атақ-даңқ
сыйланды және сол атақ-даңқ оеы одан сайын шырмап,  қол-аяғын енді босата алмастай халге жеткізді
және сол қалпында қалды.

   Сүреңсіздеу болып балалық шақ та өтті, Диккенс парламенттің
стенографисі болып жұмысқа орналасты, бір күні бірнеше очерктер жазып көруге
талпыныс жасады, ондағы мақсаты ішкі жандүнисенің қажетін өтеу емес, аздап та
болса ақша табу еді. Алғашқы тәжірибе жаман болған жоқ: ол газеттің қызметкері
болып жұмысқа кірді. Күндердің күні болғанда баспагер оған Англия клубтарының
біреуі туралы бірнеше сатиралық очерктер жазып көруді тапсырды, сатиралық
суреттемеге қажетті джентрилердің[2] өмірі туралы мәтінді
өздері ұсынатын болды. Диккенс келісті. Оның сәттілігі күткендегіден де асып түсті.
«Пиквик клубтарының» алғашқы шығарылымы бұрын-соңды болмаған табысқа жетті, екі
айдан кейін Боз ұлттық авторға айналып шыға келді. Бұл даңқ оның әңгіме жазуын
ары қарай жалғастыруына мәжбүр етті, енді «Пиквик» романға айналды. Тағы да сәттілік.
Ұлттық даңқтың ұсақ торлары бұрынғыдан да жиілеп, оның Диккенсті шырмай бастаған
құпия байламдары бұрынғыдан да беки түсті. Мұндай атақ-даңқ жазушының бір шығармадан
екінші шығармаға көшуіне итермелеп, көп ұзамай үстемдік құрып тұрған сұраным-талғамның
қоршауына енгізді де жіберді. Міне, осылайша мыңдаған қолшапалақтың, шулы
табыстың асқан қулықпен тоқылған жүз мыңдаған торы мен өзінің шығармашылық күшін
танудың мақтаныш сезімі оның ағылшын жерінде бар бітім-болмысымен асқақ түрегелуіне
мүмкіндік бермеді, бұл бір жола тізе бүккенше және өз Отанының эстетикалық-моральдық
заңдарын ешқашан да бұзбауға ант бергенінше жалғасты. Ергежейлілердің ортасындағы
жаңашыл Гулливер ағылшындық дәстүрдің үстемдігінің, ұсақ буржуазиялық талғамның
астында қала берді. Оның қырандай қалықтауға лайықты керемет фантазиясы осы
тап-тар әлемнің үстінде шыр айналып жүріп, атақ-даңқтың торына оратылды да қалды.
Терең қанағаттанғандық сезімінің ауыр жүгі қаламгердің шабытын жанши жатып
алды.

   Диккенс мәз еді. Әлемге де, Англияға да, өз замандастарына
да керемет риза еді, ал олар Диккенске одан да шексіз риза еді. Екі жақта дәл
осы күйлерінше қалуды қалады. Оған кекті махаббат жат болды, ондайды ұнатпады, өйткені
ол мұны қарғап-сілеп, тебірентіп-тербелтіп, қоздырып-шабыттандырып, асқақтатып әкетер
еді; ол үлкен суреткерлердей құдаймен күреске шығып, ескі әлемді талқандап, оны
өзінің көңіл қалауы бойынша қайта құруға ұмтылмады да. Диккенс батыл емес
еді,  қандай нәрсе болса да оны таңқалдырып,
не нәрсеге де ол балаша аңтарылып қалатын. Оның көңілі тоқ еді, оған көп нәрсенің
керегі де жоқ-тын.  Бір кездері бұл
кедей, тағдыры теріс қарап, адамдардан қорқып, әбден зәрезап болған бала
болатын; ауыр еңбек оның жастық шағын жоқ етті. Сол кезде ол керемет жарқын
армандардың құшағында жүруші еді, бірақ оны бәрі де кері итеріп тастап, ұзақ
жылдар бойына ол сәл нәрседен қорқып-үркіп, бейнет шекті. Бұл оның жандүниесін өртеп,
жағып жатқандай әсер берген. Сондықтан да Диккенстің балалық шағы өмірді
поэтикалық та, қайғы-қасіретті де жағынан тану жылдары болды, оның шығармашылыққа
бейімділігінің дәні үнсіз қасіретінің құнарлы топырағына түсіп жатты; соның нәтижесінде,
көпшілікке ықпал ете алатын дәрежеге жеткен кезде оның ең терең де қасиетті
арманы - үркектеп өткен балалық шағы үшін кек қайтару болды. Өзінің романдарын
жазу арқылы ол барлық кедей, жалғызлікті, тастанды балаларға, бір кездегі өзі
сияқты, азып-тозған мектептердегі мұғалімдердің қаталдығынан, баламен шаруасы
жоқ ата-аналардан, көптеген адамдардың балаға деген соншалықты мейірімсіздігінен,
тас жүрек эгоизмдерінен зардап шеккен балаларға көмектескісі келді. Ол
балалардың бойындағы сан бояулы жарқын қуаныштарын, өзінің бойында бір кездері
бір тамшы мейірім көре алмай, өліп қалған қуаныштарын қорғап қалығысы келді.
Балалықтан кейінгі бейнеттерден соң, өмір оған бәрін де берді, оның ендігі өміріне
өкпе айтатындай реті де жоқ еді, сонда да өзінің балалық шағында көрген бейнеті
еске түссе, кегі қайнайтын. Ендігі жердегі оның шығармашылығының ең басты мақсаты
қорғансыз балаларға қамқорлық жасау еді: ол үшін сол кездегі қолданыстағы барлық
тәртіп-ұстанымдарды жақсартуды ойлады. 
Ол ұстанымдарды жазушы түгелдей жарамсыз демейді, мемлекеттік құрылымға қарсы
шыққан жоқ; ол жұдырығын түйіп алып, қорқытып-үркітуге кіріскен жоқ, өз қатарластарына,
заңға, буржуазияға, жалпы ұстанымға айналған жалғандық-көлгірсушілікке қарсы
келмеді де, тек қоғамдық тіршілікте біресе ана жерден, біресе мына жерден қан
тамшылып тұрғандығын жайлап қана көрсетіп өтеді.

   Англия Еуропадағы 1848 жылдан бері бүлік шығармаған бірден
бір ел. Диккенс төңкерісті де, жаңа қоғам құруды да жақтамайтын адам еді; ол
тек ескі қоғамды түзеп-жөндеп, жақсартуды ғана қолдады, әлеуметтік әділетсіздіктердің
өткір ұшы мен ауыртпалығы қатты сезілген жерлерде оларды аздап жұмсартуды ұсынды,
бірақ ешқашан да қатігездіктің түп тамырын ашып, оның ең басты себептерін
тауып, құртып жібеурге ұмтылған жоқ. Нағыз ағылшындық ретінде ол үстемдік етіп
тұрған моральға қарсы шығуға бата алмады, өйткені бұл мораль, дәстүрге таңылған
евангелие сияқты, қасиетті болып саналатын. Дәуірдің болбыр болмысы қалыптастырған
бейбіт, тып-тыныш тіршілік Диккенске де тән. Оның өзі өмірден көп нәрсені талап
етпеуші еді, оның кейіпкерлері де дәл сондай болып шықты. 

   Бальзактың кейпікерлері сараң әрі билікке құмар және билікке
құштарлықтың отына күйіп-пісіп жүреді, оған қанша берсең де, аз. Бальзактың
кейіпкерлері тойымсыз, олардың әрқайсысы - әлемдік жаулаушылар мен талқандаушылар,
анархистер, сонымен бірге наполеондық қуатқа ие арыстан тектілер. Достоевскийдің
кейіпкерлері бар нәрсеге құштарлықтың дауылында жүреді, олардың жүгенсіз кеткен
еркіндігі әлемді әрі итеріп тастап, шынайы өмірге көңіл толтыруды білмейтін
кереметтіктерімен өз қалаларындағы дұрыс өмірге ұмтылады; бірақ олар басқыншы
да, көзге білінбейтін көмескі адам да болғысы келмейді, өмірден қағажу көрген бұлардың
әрқайсысының жүрегінде «құтқарушы болсам» деген үміттер ұшқындап тұрады.
Бальзактың кейіпкерлері әлемді бағындырып, бәрін де құлға айналдырғысы келеді,
Достоевскийдің кейіпкерлері оны жеңгісі келеді; олар да, бұлар да күнделікті
тіршіліктің күйбеңінен шығып, шексіздіктің шалқар кеңдігіне қарай жанұшыра ұмтылады.
Ал Диккенстің персонаждары болса, өте қарапайым.  Құдайым-ау, бұларға не керек өзі?

   Жылына жүздеген фунт стерлинг ақша, жақсы үй қызметшісі,
оншақты бала, жақын жора-жолдастары үшін жайылған дастархан, Лондонға таяу
жерден терезесінің алдында жап-жасыл алаңы мен кішкене бағы бар коттедж және
бір шөкім ғана бақыт болса болғаны - бар керегі осы. Олардың тоғышарлық
идеалдары ұсақ буржуазиялық сипатта. Міне, Диккенстің шығармашылығына осы тұрғыдан
келіп қарау керек; бұл шығармаларды ызалы құдай жазған жоқ, мұны жазған хаосты
ауыздықтап тұрып жазатын, алыптан да алып, адамнан да асып түсетін суреткер
емес, мұны  бейбіт күнді сүйетін, тәртіпті
азамат жазды. Диккенстің барлық романдары - 
буржуазиялыққа қаныққан шығармалар.

    Оның ұлы да ұмытылмас еңбегі мынада: ол қарапайым тіршіліктің
ішінен ромнатиканы тауып ала білді, прозадағы поэзияны ашты. Ол ең бір
поэтикалық емес ұлттың қарапайым тірлігін поэтикаландырды. Ол аспандағы күнді
осыншама сұп-сұр, сәулесі жоқ мұнарға қақ жарып кіруге мәжбүрледі, ал кім де
кім ағылшынның будақ-будақ, жабырқаңқы тұманының арасынан күннің қандай шұғыла
шаша алатындығын өмірінде бір рет көрген болса,   қоғамды қорғасындай ауырлықтан арылтудың
осындай сәтін өнерге айналдырған жазушының өз халқын бақытқа бөлеуі үшін қандай
жолмен жүру керек  болғандығын да түсінер
еді. Диккенс - Англияның күнделікті күйбең тірлігін самалаға шомылдырған алтын
шұғыла; ол - қарапайым тірлікті де, қарапайым адамдарды да құшағына алған нұр;
ол - англиялық идиллия. Басқа жазушылар өз кейіпкерлерін ерекше бір жағдайлардың
ортасынан, ақсүйектер салоны люстраларының астынан, ғажайып ертегілер бағына
баратын жолдан іздеп жүргенде, Диккенс өз кейіпкерлері мен олардың тағдырларын
басқалар соншалықты мән бермей өте шығатын қаланың шет жағасындағы көшелердің
бойынан іздеді.

   Басқа жазушылар үшін қарапайым адамдар жердің тартылыс күшінің
жүзеге асырылуына ғана қажет болған болымсыз нәрселердей көрінді, ал бұл
жазушыларға ерекше әсер жалынымен көкке ұмтылатын аса қымбат жандар қажет
болды, сезімнің адамдары немесе нағыз батырлар керек болды. Диккенс болса, қарапайым
ғана еңбеккерді өзінің кейіпкері етіп алуға қысылған да, қымтырылған да жоқ. Өйткені
оның өзі де төменнен шыққан, өзіне өзі қарыздар, сол шыққан жеріне деген аса нәзік
құрметін сақтап қалған адам еді. Ол барлық қарабайырлықтарға соншалықты құрметпен,
тіпті шабытпен қарады, кез келген жәй ғана нәрсенің өзі, кез келген ескі дүние
оны ерекше әсерге бөледі. 

    Оның кітаптары - келесі бөлігін оқырмандары ондаған
жылдар  күткен ерекше оқиғалардың, күлкілі
жағдайлардың мидай араласып кеткен, өзіндік қоспасы сияқты, бұл қоспаның ішіне үңілсеңіз,
басқа бір адамдар үшін ешқандай да құны болмайтын, тозығы жеткен нәрселер үйіліп
жатқан, ескі-құсқы дүниелердің өзіндік дүкені сияқты әсер берер еді. Ал Диккенс
осындай ескі, құны кеткен, шаң басқан заттарды жалтырата тазалап, тәртіптеп,
жинақтап қойып, оларды өзінің шымшыма тілінің күн сәулесімен нұрландырды. Міне,
сол  кезде әлгі заттар тамаша түске еніп,
құбылып, құлпыра жөнелді. Осылайша ол қарапайым адамның кеудесіндегі бұған
дейін бағаланбай, білінер-білінбес болып қана жатқан сезімдерді жарыққа алып шығып,
үніне құлақ түріп, олардың механизмдері тық-тық дыбыс шығарып, тірлік нышанын
бергенше баптады. Бап қонған олар курантты сағаттардай зырлап, гулеп, ақыр аяғында
аңызға толы елдердің рыцарлары мен «судың пері қыздары»[3]
канцондарының мүләйімсіген балладаларынан әлдеқайда асып түсетін, сазды, жүрекке
берері көп, баяу ғана естілетін ескі де жанға жайлы әуендерді айта бастады. Ол
біржола ұмытылып кетудің  күлін аршып,
оларды қайтадан жарқыратып, бойын түзеді: тек Диккенстің шығармашылығында ғана
бұл әлем қайта тірілді.

   Бұл әлемнің барлық ақымақтығы мен шектеуліліктері оның көрегендігінің
арқасында түсініктілік сипатқа ие болды, ал көркемдік - кімге қымбат болса, сол
адам оны сезіне алатындай дәрежеге жетті; барлық болымсыз көзқарастар жаңа әрі өте
поэтикалық сипаттаға мифологияға айналды. Оның баяндауындағы пештегі оттың
сытыр-сытыр дыбысы музыкаға айналды, жаңа жылдық қоңырау адам тілімен сөйлеп
кетті, рождество түні поэзияны діни сеніммен табыстырды. Тіпті кіп-кішкене ғана
қуаныштың өзінен ол терең мән таба білді, қарапайым адамдардың жай күндердің өзінен
поэзияны танып-тауып алуына көмектесті, олардың бұрын да қымбатты нәрселерін, құрғақ
ағаштардың жанған дыбысы баурап, оты маздаған пешінің үстінде шәйнектері
шуылдап, ән салып тұрған, адамдары тынымсыз тіршіліктен бір сәтке бас тартып, әлемнің
мазасыз дауылынан, қаніпезерлігінен тығылатын үйлерін, кіп-кішкене бөлмелерін
одан сайын жақсы көре түсуіне ұмтылдырды. Ол мәңгі-күнделікті тіршіліктің тұтқынында
қамалып отырғандарға дәл сол күнделікті өмірдің поэзиясын ашып көрсеткісі
келді. 

   Мыңдаған, тіпті миллиондаған адамдарға олардың жұтаң өмірлерінде
қуаныштардың да бар екендігін, кетіп жатқан күндердің күлінің астында тып-тыныш
қана шаттықтың ұшқыны жатқандығын білдіріп, сол ұшқынды үрлеп, одан көңілді де,
жанға жайлы от жағып алуды үйретті. Барлық рухани және материалдық жағдайдың көңіл-күйдің
мұндай орташа қалыбынан шығып кеткендерін ол онша ұната қоймады, жазушы қатардағы,
жай ғана жағдайларды ғана жан жүрегімен жақсы көрді. Байларды, ақсүйектерді, тағдыры
ерке еткен жандарды ол тіпті жек көрді. Бұлар Диккенстің кітаптарында қашан да
дерлік оңбағандар, нашар адамдар, ешқашан да олардың толық кескіндері кейіпкер
ретінде берілмейді, беріле қалған күннің өзінде де каррикатура түрінде болады.
Оларға жаны қас еді. Бала кезінде ол қарызға батқаны үшін түрмеге жабылған әкесіне
оның қарыздары туралы хаттарды жиі-жиі апаратын. Маршалсылардың бұлардың мүліктерін
сипаттап жазғандарын да көрген, ақшаға мұқтаждықтың  қандай болатындығын өте жақсы білетін. Ол өзінің
балалық жылдарын Хэнгерфордстэзде шатырдың дәл астындағы лас күркеде өткізді,
етік майлайтын қара маймен күніне жүздеген қораптарды толтырып, байластырып,
кішкене ғана бала саусақтары талғанша, жаны қиналғаннан көздеріне жас толып
кеткенше отыратын. Лондон көшелерінің таңғы суық тұманында талай отырған ол
аштық пен жалаңаштықтың не екендігін өте жақсы біліп болды. Ол кезде оған ешкім
де көмектескен жоқ: кареталар мен атты адамдар суықтан қолы қалтыраған баланың қасынан
жайбарақат өтіп кете беретін, қақпалар қанша қақсаң да ашылмастан қалатын. Тек
кішкентай адамдар ғана оған қайырымды болды, сондықтан да Диккенс тек соларға ғана
алғыс айтқысы келді. Диккенстің шығармашылығы жоғары деңгейдегі демократтық
сипатта еді, бірақ ол социалист болған жоқ, өйткені ол күрделі өзгерістерге әкелетін
түбегейлі шаралардың барлық қажеттіліктерін түсінген жоқ, оған тек махаббат пен
ішкі мұңы ғана асқақтық берді.

   Ол жұмыссыздар үйіне тап болу қаупі өмір бақи бастарына төніп
тұратын, рент алу жайлы армандарына ғана жылынып өмір сүретін  қарапайым адамдардың әлемін жақсы көрді.
Диккенс сондай адамдардың бөлмелерін сол жерге дәл қазір өзі барып тұрғандай
етіп, әбден тәптіштеп суреттейді; оларға күннің жып-жылы сәулесімен жылынып тұрған
сан бояулы тағдырды сыйға тартады, олардың қарапайым ғана армандарына бойлап
кетеді; бұл олардың қорғаушысы, жол басшысы еді, бұл - сұп-сұр әлемнің үстінен
күннің нұрын сеуіп тұрған олардың сүйіктісі болатын.

Соның арқасында осындай кішкентай ғана тіршілік иелерінің қарапайым
өмірі  қандай байлыққа кенелді десеңізші!
Оның кітаптарында жәй халықтың өмірі олардың үй-тұрмысының жағдайымен,
айналысатын кәсіптерінің сан түрлілігімен және көзге көрінбейтін айқұш-ұйқыш
сезімдерімен астасып, өзіндік жұлдыздары да бар, өзіндік құдайлары да бар ғаламшарды
құрады. Оның өткір жанары көзге ілінбейтін мыңдаған тіршілік иелерінің тоқтап-тоқырап
қалған, әрең-әрең елес беретін біркелкілігінің арасынан шексіз қазынаны көріп қалды
да, оны аса нәзік тормен жарыққа көтеріп алып шықты. Жалпы тобырдың ішінен өз
кейіпкерлерін екшеп алды, ал олардың саны қаншама десеңізш! Жазушы сомдаған жүздеген
кейіпкерлер толық бір қалашықты толтыруға жетер еді. Олардың ішінде тек әдебиеттегі
өлмес бейнелерге ғана емес, кәдімгі халықтың күнделікті қолданыстағы тірі сөзіне
еніп кеткендері де аз емес: Пиквик және Сэм Уэллер, Пексниф және Бетси Тротву -
бәрі де ерекше бір сыйқырлы күшпен еріксіз күлкі шақыратын есімдер. Бұл
романдар қандай бай десеңізші! «Дэвид Копперфильддің» бір эпизодының өзі басқа
бір авторды сюжеттік оқиғалармен өмір бойына қамтамасыз етер еді. Диккенстің
кітаптары, писхологиялық новеллалармен созбақтатыла беретін неміс романдары сияқты
емес, - бұлар қозғалыстарға толы, бояуларға қаныққан нағыз романдар. Диккенсте өлі
нүкте, құм басқан елсіздік деген жоқ, оқиғалар толқындардың келіп, кері қайтқаны
сияқты бірімен бірі алмасып отырады, олар өлшеуге де келмейтін, көзбен көріп
жобалауға да келмейтін теңіз сияқты. Сансыз кейіпкерлердің көңілді де шулы
тобырын көзбен шолып шығу қиын, олар бір-бірімен қыстырылыса кимелей келіп,
сіздің жүрегіңізді жаулап алады, жаулап алады да бір-бірімен тағы да қыстырылыса
жүріп қиырларға қарай тобырымен асығыс-үсігіс аттанып бара жатады.

   Бір қарағанда романның ішіне кездейсоқ кіріп кеткен сияқты
болып көрінетін кейіпкерлердің бір де біреуі де ешқайда сіңіп, жоқ болып
кетпейді; олардың әрқайсысы басқа бір кейіпкерді толықтырады, аша түседі немесе
жарығын күшейтіп, кей жерінің көлеңкесін көбейтіңкіреп жетілдіреді. Көңілді де
салмақты оқиғалардың шым-шытырығы іс-қимылдың домалақ бумасын ойынқұмар мысықтай
олай да, бұлай да домалата береді;  
сезімдердің небір реңктері біресе қызып, біресе тынышталып шапшаң
гаммада естіліп тұрады; бұл жерде бәрі де араласып кеткен - шаттықтың шексіз қызығы,
сұмдығы, таң-тамашасы - бәрі де бар, біресе, жүрегі езіле жақсы көрудің көз
жасы мөлт ете қалады, біресе, күле-күле көзден жылт-жылт жас аққанын көресің.

   Бұлттар жинала қалып, қайтадан тарқап кетеді де, сәлден соң
тағы жан-жақтан жүгірісіп келе қалады, ақыр соңында найзағайдың күркірімен
тазарған сап ауа күннің сәулесімен ойнап шұғыла шашады. Осы романдардың
кейбіреулері ұрысқа мыңдаған батырлар шығатын «Иллиадаға» ұқсап кетеді, бірақ бұл
құдайлары да, құдай-аналары да жоқ, кәдімгі қара жердің бетіндегі ұрыс; ал
кейбіреулері  жай ғана, бейбіт
идиллиялар; бірақ кереметтері де, ауырлау оқылатындары да бар оның барлық
романдары сан қырлылығымен ерекшеленеді. Және барлық, оның ішінде іш пыстырарлық
қайғылы романдарына да автор, ландшафтардың құздарында кездесетін гүлдер тәрізді,
өте нәзік образдардың шоғырын сеуіп жіберіп отырады; мұндай ұмытылмастай,
тартымды образдар жазушының кітаптарының жап-жасыл кең алқабының барлық
жерінде, көзге бірден түсе қоймайтын, моп-момақан, кішкентай фиалкалар тәрізді,
гүлдеп тұр; тіпті ауыр оқиғалардың тасты бұралаңдарында да, алаңсыз күлкінің мөлдір
бұлағы тынбастан, сылдырлай ағып бара жатады. Диккенсте табиғат көріністерімен ғана
салыстурға келетін тараулар бар, олар керемет тап-таза, тәңірдей еркін, олардың
өн бойында шаттық пен мейірімге толы күнсәулетті адамдық тұрады. Диккенске, басқа
еңбектерін былай қойғанда, туындыларының тұла бойында молынан жатқан осындай
кішкентай ғажайып шығармалары үшін ғана бас июге болар еді, мұндай дүниелерінің
көптігі зор ауқымдылықты құрап тұр. Оның барлық тентектеу, ылғи мәз болып, күліп
жүретін, мейірімді, бір жағынан қожанасырлау болса да, өмірде өзіндік орыны бар
кейіпкерлерін кім санап тауыса алады? Бұл кейіпкерлер өздерінің күлкілі іс-әрекеттерімен,
қиялилықтарымен орта толтырып, өздеріне ғана шақ кәсіптерінің шеңберінде жүріп,
қызық-қызық оқиғаларға себепкер болып, өздері сол оқиғалардың ішінде
шырматылып-шатаса жүріп, айналасындағыларды да мәз қылады. Бір ғажабы, бұлар қанша
көп болса да, бір-біріне мүлдем ұқсамайды, әрқайсысы ең ұсақ детальдарына дейін
асқан ептілікпен бір-бірінен ажыратылған, бір де бір көшірме жоқ, бір де бір ұқсастық
жоқ, кейіпкерлер ойдан шығарылған адамдарға ұқсамайды, олардың әрқайсысы оқиға
ішінде өмір сүріп, сезімге беріліп, суреткердің теңдесі жоқ көреген көздерімен әрқайсысы
өзіндік сипатқа ие болған.

   Оның көздері - өте дәл өлшейтін және бір де бір қателік
жіберуді білмейтін өлшеуіш құралы. Диккенс - адам айтса сенгісіз көргіштігімен
таңқалдырған адам. Оның кез келген портретін- жас кезіндегі болсын, жасамыс
кезіндегісі болса, тіпті жақсы - алып қараңызшы: күллі болмысы оның керемет көздерінде
тұнып тұр. Бұл шабыттың шалқарында оттай жанып немесе мұңмен мұнарланып тұрған
ақынның көзі де емес, көріпкелдің жұмсақ деуге келіңкіремейтін, лапылдаған өрт
ішіндегі көзі де емес. Бұл англиялық көз - суық, сұп-сұр, құрыштан құйылғандай өткір.
Олар герметикалық болат сейфтер сияқты, ол сейфтің ішіндегілер бұзылып та
кетпейді, жоғалып та  қалмайды, сыртқы орта
әкеліп берген нәрсенің бәрі де - кешегісі болсын, бұдан бірнеше жылдар бұрынғысы
болсын - сол күйінше сақтаулы тұрады, олардың ішінде ерекше асқақтары да,
болар-болмас бірдеңелер де, Лондон көшелерінің бір жеріндегі кішкене лавкалардың
маңдайшаларына қалай болса, солай жазыла салынып, іліне салынған тақтайшалар
да, бес жастағы бала Диккенстің есте жоқ ескі күндерінде көзіне түскен бір жағдайлар
да, тіпті осы дәл қазір терезенің алдында жапырақ жайып тұрған ағаш та бар. Бұл
көздер ешқашан ештеңені ұмытпады - ол уақыттан да құдыреттірек еді; оның көргендерінің
бәрі сананың есте сақтау қоймаларында, жазушы оларды шетінен алып өз шығармаларына
пайдаланғанша, жата берді. Ешнәрсе де ұмытылудың толқындарына тұншығып, батып
кеткен жоқ, өңін де бермеді, күңгір те тартпады; бәрі де айқын да дәлме дәл хош
иістері мен шырындарын сақтап, жарыққа шығар күнін күтіп жата берді; ешқайсысы өлмеді
де, солмады да.

    Диккенстің бір көргенін ұмытпайтын қасиетін ештеңемен
салыстыра алмайсың. Балалық шақтың тұманын ол алмастай тіліп өтіп барып көре
алады; «Дэвид Копперфилдте», яғни, оның бүркемеленген өмірбаянында екі жастаға
баланың өз анасы мен өзінің күтушісі туралы санадан тыс аумақтың тереңдігінде
жатқан естелігі айқын кескінімен көрініс береді. Диккенсте бұлдыр сызықтар атымен
болмайды, ол заттарды әркімнің әртүрлі көруіне мүмкіндік бермейді, бәрін де
шегіне жеткізе нақты суреттейді. Оның кескіндеушілігінің қуаты оқырманның
фантазиясына еркіндік те бермейді, ол оқырманның фантазиясын басып тастап
отырады (оның фантазиядан жұрдай ұлт үшін идеал болғандығы да сондықтан.). 

   Диккенстің кітаптарын жиырма шақты суретшіге беріп,
Копперфилд пен Пиквиктің портретін салуды тапсырсаңыз, портреттер бір-біріне өте
ұқсас болып шығар еді. Олардың бәрі де ақ кеудеше киген, көзілдірік шыныларының
арғы жағынан мейірім тұнған көздерімен қарап тұратын жұп-жуан мырзаны, Ярмутқа
кетіп бара жатқан пошта каретасында отырған әп-әдемі, сары бұйра шашты,
жігерсіздеу баланы керемет ұқсастықпен кескіндеп салар еді. Диккенстің не нәрсені
болса да айрықша айқындықпен, ұсақ-түйегіне дейін дәл көрсетіп суреттейтіні
соншалық, оның көру сыйқырына тәнті боласың. Бальзактың магиялық көзқарасы өз
кейіпкерлерін отты сезімдердің хаосынан өсіріп шығарады.  Диккенсте мұндай магиялық жоқ. Диккенсте -
адамның білінер-білінбес қана өзіндік ерекшеліктерін іліп түсетін қыранның көзі,
аңшының көзі, моряктың көзі бар. Ол бірде «өмірдің бүкіл мәні ұсақ-түйектерде»
деген еді. Оның жанары ұсақ біткеннің бәрін, бірақ оның ішіндегі көркемдерін
тап басып ұстайды: ол көйлектегі дақты көріп қалады, қысылып-қымтырылған адамның
байқалар-байқалмас қана қимылын, бұлқан-талқан болған ашу үстіндегі адамның қап-қара
паригінің астынан көрініп қалған жирен шаштың өрімін байқайды. Ол әр сәттің қалтарысындағы
нәрселерді де көріп қалады, қол алысқан кездегі әр саусақтың қимылына дейін,
жымиған адамның бетіндегі әрбір реңкті де көре алады.

    Әдебиетші болғанға дейін ол парламентте ұзақ уақыт
стенографист болып жұмыс істеген кезде шашыраңқы деректерді біртұтас көруге, сөзді
бір сызықпен белгілеп, бір ирекпен сөйлемді белгілеуге үйренген. Кейін ол
шынайы өмірді өзіндік поэтикалық стенографияға көшіріп, тұтас бір суреттеме қажет
болатын тұстарды бір ғана кескінмен алмастырып, тіршіліктің тарғыл-тарғыл
деректерін тазалап, бақылаудың өзіндік квинтэссенциясын жасауды дағдыға
айналдырды. Ол адам таңқаларлық алыстан көргіштігінің арқасында ұсақ-ұсақ сыртқы
белгілерді бірден айырады, оның көзінен ешнәрсе де аман қалмайды, фотоаппараттың
тамаша объектісі сияқты әр қимылды, тіпті сәл қозғалыстың өзін секундтың жүзден
біріндей қас-қағым сәтте түсіріп ала қояды. Жазушының бұл қасиетіне көзінің
ерекшелігі де жаңа мүмкіндіктер ашып берді: ол заттарды кәдімгі айна тәрізді
сол заттың табиғи тепе-теңдігі күйінде көрмейді, оның көздері  заттың негізгі сипаттарын ойыс айна сияқты үлкейтіп
көрсетеді. Диккенс қашан да өз кейіпкерлерінің объективті көріністерін ғана
беріп қоймай, олардың ерекшеліктерін барынша үлкейтіп, айқындай сипаттап,
каррикатурасын жасап шығады. Үлкейте, күшейте келіп, оның өзіндік символын жасақтайды.
Пиквик жандүниенің жұмсақтығын кейіптесе, ап-арық Джингл - қатігездікті, ызақорлық
- шайтанды, мейірімділік - жан-жақты жетілгендікті кейіптейді. Әрбір үлкен
суреткер сияқты Диккенс те әр нәсені үлкейтіп көрсетеді, бірақ өте зор ауқымдылық
үшін емес, оның үлкейтуі - әзіл-қалжың үшін ғана. Оның кескіндемелерінің күлкілі
әсері өзінің соған құштар болғандығынан дегеннен гөрі, оның өткір көздері өмірдің
барлық иірімдерін ап-айқын көріп тұрады деген нақтырақ анықтама болады, соның
арқасында автор көрген нәрсесінің бәрін күлкілі суреттемелерге айналдыра алады.
Ал, шын мәнісіне келетін болсақ, Диккенстің данышпандығы оның жандүниесінің
аздап тоғышарлығы да бар ерекшелігінде емес, оның данышпандығы - көргіштігінде.
Ол тіпті адамның жандүниесін тап басып, 
жарқын немесе бұлыңғыр дәндерінің тамыр тартып, сан бояумен жапырақ
жаюына мүмкіндік жасап беретін писхолог та емес. Оның психологиясы кәдімгі көзге
көрілетін жағдайлардан басталады, ол адамды сыртқы көрінісі арқылы, әрине,
жазушының көзіне ғана көрінетін, былай қарағанда соншалықты бір мәні жоқ сияқты
болып тұратын нәрселерді табуы арқылы бейнелейді. Ол ағылшын философтары сияқты,
алдын ала болжамнан бастамайды, ол әуелі сыртқы белгілерін әңгімелейді. Сосын
рухани өмірдің болмашы ғана көрінісін, бірақ оның материалдық тұрғыдағы сипатын
айтады да, сол арқылы кез келген нәрсені карикатура түрінде көре алатын көргіштігімен
көріп, баяндай жөнеледі. Сондай ұсақ белгілеріне қарап, адамның мінезінің
ерекшелігін анықтауға мүмкіндік жасайды.

    Мектеп мұғалімі Криклді 
дауысы өте жай адам ретінде таныстырады, демек ол әр сөзін күшпен, зорға
айтады деген сөз. Демек, дыбыстаудың күшке түсетіндігінен, маңдайының қан
тамырлары білеуленіп тұратын бұл адамның алдында отырған балалардың қандай үрей
құшағында болатындығын сіз алдын ала сезіп отырасыз. Урии Гиптің қолдары қашан
да мұздай және терлеп тұрады, бұл образ осынысымен-ақ жиіркеніш сезімін
тудырады. Мұның бәрі ұсақ-түйек нәрселер, сырттай қарағандағы белгілер, бірақ
адам психикасына әсер ететін де - нақ осылар. Кейде оның бейнелегендері, шын мәнісінде,
адам бейнесіндегі немесе қырсық мінезі қозалысқа келтіретін механикалық қуыршақ
бейнесіндегі таңғажайып бір жағдай болып шығады. Кейде ол өзінің кейіпкерін оның
қасындағы серігі арқылы бейнелейді және образдың өзіндік ерекшелігін сол
моделдің өзінде емес,  оның ала-бөтен көзге
ұрып тұратын көлеңкесі арқылы көрсететіні де қызық, мысалы, Сэм Уэллер болмаса,
Пиквик кім болып шығар еді, Джипсіз Дора ше, қарға  болмаса, Барнеби кім болар еді, пони болмаса,
Кит ше?! Оның мінездерді кескіндеуі, шын мәнісінде, әр нәрсенің белгілерінің
жиынтығы, бірақ олардың керемет нәзіктікпен өрнектелетіні соншалық, олар барлық
жағдайларда да көркем мозикалық портрет құрай отырып, бірін-бірі толықтырады,
сондықтан да олар көп жағдайларда сыртқы көрініспен, көрнекі түрде, бірден көзге
түсіп, жарқ ете қалатын, бірақ көңілсіз әсер қалыдартындай әрекеттер жасайды.

   Бальзактың немесе Достоевскийдің кейіпкерлерінің бірін,
мысалы, Горио Әкейді немесе Раскольниковты еске түсірсек, бірден жаңғырық тәрізденіп,
біздің көз алдымызға өз пайдасынан өзі қашатын, түңілген, әр нәрсеге ұмтылып,
бей-берекеті кеткен тірлік елестейді. Пиквиктің аты аталса-ақ, көңілді,
кеудешесінде алтын түймелері бар толықша келген мырза елестейді. Біз осыдан-ақ
Диккенстің кейіпкерлерінің  кескіндеме өнері
арқылы берілетіндігін байқап қаламыз, ал Бальзак пен Достоевскийдің образдары
музыка арқылы бейнеленеді. Бәлкім, олар өз әлемдерін кескіндеп шыққан шығар, ал
Диккенс тек өзі көргендерін қайтадан баяндап шығады; олардың ішкі жандүниесі көреді,
Диккенс кәдімгі көзімен көреді. Ол тәңірдей тәнті етіп, жеті есе қуатпен күйдіретін
отпен ғана бағындырылатын жандүниені санадан тыс аумақтың ымыртынан елес сияқты
көтерілгенде ұстамайды; ол пайдасы жоқ стихияны шынайы өмірде қалдырған ізі арқылы
ұстайды; ол жандүниенің мыңдаған көрінісін қолға ұстап тұрып көрсетеді және бұл
тұста ол өзінің көру аумағынан ештеңені жібермейді. Оның фантазиясы, шын мәнісінде,
оның байқағыштығында ғана, сондықтан да ол тек қара жердің бетінде болатын
орташа сезімдер мен образдарға ғана жетеді; оның кейіпкерлері қалыпты жағдайдағы
қалыпты темпетатурада ғана өздерін жақсы сезінеді. Ал өрттей сезімдерге тап
болса, балауыз фигуралар сияқтанып, сезімталдықтың құшағында ери бастайды
немесе ызадан кеуіп, жұп-жұқа болып қалады. Диккенске ерекше қызықты, жандүниесінде
мейірімділік пен зұлымдық, тәңірлік пен жабайылық бірінен біріне өтіп,
шырматылып  жататындардан гөрі, тек түзу
сызықты кескіндер ғана ұнайды. Оның персонаждары қашан да біртекті болып
келеді, мысалы, олар не керемет батырлар, не болмаса, нағыз оңбағандар; олардың
сипаттары да алдын ала анықталып қойылады, мысалы, кейіпкердің иығындағы басына
қасиеттіліктің орамасы көркемдік беріп тұрады немесе сол басқа бәле жабылады.
Олар құрап тұрған әлем мейірімділік пен зұлымдықтың, сезімталдық пен
сезімсіздіктің ортасында тербеліп тұрған маятник сияқты тербеліс үстінде
болады. Осы екі аралыққа, яғни, құпия байланыстар мен жұмбақ тоғысулар аралығына
ол кіре алмайды. Шексіз нәрсені уыстап ұстай алмайсың, асқан батырлықты зерттей
алмайсың ғой. Диккенстің даңқының да, трагедиясының да мәні осында, ол қашан да
ортаңғы тұста болды - данышпандық пен дәстүрдің, адам құлағы естімеген ғажаптық
пен қарабайырлықтың, күнделікті өмірде тәртіпке келтіріліп қойылған қайырымдылық
пен әсерліліктің, жанға жайлылық пен тоғышарлықтың ортаңғы тұсынан ұзап
кетпеді.

   Бірақ оған бұл даңқ аздық етті: идиллия авторы трагедиялылықты
аңсады. Трагедиялылық деңгейіне ол қайта-қайта ұмтылумен болды, алайда қайта-қайта
сол мелодраманың тұсынан келіп шыға берді. Өйткені оның шығармашылығының шегі
осы еді. Диккенс жасаған бұл тәжірибесінің бәрі де сәтсіз аяқтала берді,
Англияда «Екі қала туралы повесть» пен «Салқын үй» атты шығармалары жоғары деңгейде
бағаланғанымен, бұлар біздің сезімдерімізге әсер ете қоятындай ештеңе айта
алмады, өйткені кеңге салған қимылынан оқиғаның ойдан шығарылғаны бадырайып,
ерсі болып көрініп тұр. Трагедиялылыққа сонша құштарлана ұмтылуы, шынында да, ұмтылыс-ақ:
бұл романдарында Диккенс бір бәленің үстіне бір бәлені үйіп, кейіпкерлерінің төбесіне
тас құлағандай етіп, сұмдық апаттарды бастан кешіртіп жатады, автор нөсер жаңбырдың
түнгі алапат тасқынын, халық көтерілістерін, революцияны үйіп-төгіп, не керек, әйтеуір,
үркіту мен зәрені алудың күллі аппаратын іске қосқанымен, оқырманның жандүниесі
басыңа төніп, келіп қалған апатты сезіне қоймайды, тек болуы мүмкін анадай көріністердің
сыртқы сипаты жай ғана бойыңды тітіркендіріп жібереді, бар болғаны сол ғана,
сонымен оның әсері бітеді. Оның кітаптарында тереңіңді шайқап жіберетіндей,
найзағай соққандай есеңгіретіп, үрейден жандүниең кірерге жер таппай қалатындай
дауылдатқан найзағайлар жоқ; бір қауіптің ізін қуған екінші бір қауіп келіп қалса
да, бізге қорқынышты бола қоймайды. Ал Достоевскийді аяқ астынан түпсіз құздың
шетіне келіп қаласың, зәрең ұшады, өйткені сол бойда өзіңнің жандүниеңнің көз
жетпес шыңырауы, аты жоқ түпсіздігі қап-қараңғы болып алдыңнан шыға келгендей,
табаныңның астындағы қара жер бір жаққа сені тастай қаша жөнелгендей, аяқ
астынан басың айналып кеткендей болады, аса қауіпті және, бір ғажабы, соншалықты
тартымды; соның әсерімен ол сені төмен қарай тарта береді, арпалысқан қуаныш
пен қайғы аппақ болып кеткенше өртеніп, енді екеуін бір-бірінен ажырату мүмкін
болмай қалады. Әрине, Диккенсте де осындай өзіндік тік құлама құздар бар. Оларды
автор айқара ашады да, оған қап-қара қараңғылықты толтыра құйады, сосын мұның өте
қауіпті екендігін ескертеді, бірақ, бізге бәрібір қорқынышты емес, жүрегің зу-у
ете қалғанда, үзіліп кетердей болатын бас айналдырар дәмділік, шошынудың өзінен
керемет бір эстетикалық ләззат алу бәрібір жоқ, тұщынбайсың. Өзіңді қауіпсіздік
жағдайында, сені құлатпайтын мықты жақтаудан ұстап тұрғандай арқайын сезінесің,
ол жақтаудың ешкімді де құлатпайтындығын да, кейіпкердің де ешқайда жоқ болып
кетпейтіндігін біліп отырасың, ағылшын жазушының әлемінде шыр айналып ұшып жүрген
ақ қанатты қос періштенің, яғни, бейнет пен әділеттіліктің оны қандай тар қыспақтан
да, қандай құздардан да аман алып шығатынын біліп отырасың. Нағыз трагизм үшін
Диккенске қаталдық пен қайсарлық жетіспейді. Ол қайсар емес, ол сентиментальды. 

    Трагизм дегеніміз - не нәрсеге болса да қайсарлықпен қарсы тұру,
сентиментальды дегеніміз - көзінде жас мөлтілдеп тұрған мұң. Диккенс ешқашан да
шектен шыққан қасіреттің шыңына шыға алған жоқ, мысалы, «Копперфилддегі» Дораның
көзіне жас та алмаған, бір ауыз сөз де айтпаған өлімі - міне, оның ең шегіне
жеткізе суреттей алатын сезімі осы ғана. Диккенс, шынымен-ақ қатты да ауыр соққы
беруге ұмтылып, сөзді олай-бұлай сермелегенде, оны бәрібір әлдеқандай бір
жанашырлық сезімі ұстап тұрғаны байқалып қалады. Оның құтырынып шыққан
стихиясын бейнеттің күйік майы тыныштандырып тастайды; ағылшын романының
сентиментальды дәстүрі зор ауқымдағы қасіретті бейнелеуге деген ұмтылысты тұсай
береді. Финал Апокалипсисті, Үрейлі төреші болып, қайырымды адамдар құрметеледі,
қатігездер сазайын тартады. 

   Диккенс, өкінішке орай, туындыларының мұндай жағдайын өзінің
көптеген романдарында бастан кешірді: шығарамадағы оның оңбаған кейіпкерлері тұншығып
қалады немесе бірін бірі өлтіреді, асқан байлар кедейшілікке ұшырайды, ал нағыз
батырлар марапатқа кенеледі. Осындай таза ағылшындық моралданудың гипертрофиясы
жазушыны еліктіріп, оның трагедиялық роман жазуға деген ұмтылысын тұсап
тастады. Олай дейтін себебіміз, бұл кітаптардағы заттар туралы ұғым, ішінде қасқырдың
күшігі шыр көбелек айналып жүргендей, тепе-теңдікті сақтап, құлатпай ұстап тұрады,
ал бұл - еркіндіктегі суреткердің ұстанатын бағыты емес, бұл - ағылшындық
буржуазияның ұстанымы. 

Өзінің сезімдеріне еркіндік берудің орынына, Диккенс өзін өзі
цензураға салады; ол Бальзак сияқты оқиғаның қайнай-қайнай, асып-тасып кетуіне
мүмкіндік бермейді, тұсауы мен қоршауларын пайдаланып, оқиғаны бір арнаға қарай
бұрып, асырмай да тасытпай, буржуазиялық моральдың шеңберіне салады да қояды.
Діни уағызшы, құрметті пастор, дұрыс ниеттегі философ, мектептің ұстазы, міне,
осының бәрі суреткердің шеберханасына білінбей кіріп алып, оның шығармашылығымен
араласа жүріп салмақты романды шынайы тіршілікті қарапайым ғана етіп баяндаған,
жастарға үлгі боларлық, жамандықтан сақтандыратын сипатта жазылу бағытына алып
кетеді.

   Ойдың мұндай мақтаулы образы, әрине, Диккенс қайтыс болғаннан
кейін айтылды: епископ Винчестерский оның шығармаларын кез келген баланың қолына
оқуға бере салуға болатындығы үшін мақтады, міне, өмірді өзінің шынайы көрінісі
түрінде емес, керісінше, балаларға қандай сипатта көрсеткісі келген қалыпта
баяндағандықтан да туындының шынайылығы төмендеді. Ағылшын емес біздер үшін бұл
шығармалар тым мейірленіп және онысы тым бадырайып тұрады. Диккенстің кейпікері
болу үшін жақсылықтың бәрін жүзеге асырып, пуритандық идеал бола қалуың керек.
Филдинг пен Смолетте Жанға жайлы ғасырдың балалары болса да - бұлар да ағылшындықтар
-  төбелесіп, өзінің қарсыласының мұрынын
бұзғандығы  немесе парасатты ханымға
деген ыстық махаббатына қарамастан, үй қызметшісі-қыздың қасына қонып шыққаны
оның жағымды кейіпкерлігіне ешқандай зиянын тигізбейді. Диккенстің ең бір жүгенсіз
кеткен кейіпкерлерінің өзі мұндай  жөнсіздіктерге
бармайды.

   Оның қыдырмпаздары, шын мәнісінде, өте тәртіпті адамдар;
олардың бар бүлдіретіндері - кез келген кәрі қыз ешқандай қысылып-қымтырылмастан
қыдырымпаздар туралы жазылғандарды оқи береді. Мысалы нағыз жеңіл жүрісті Дик
Свивеллерді алайық. Оның жеңіл жүрістілігі неде дейсіз ғой? Ол екі стақан емес,
төрт стақан арақ ішеді, өзіне келген есепшоттарды ұқыпты төлеп жүрмейді, аздаған
масылдығы тағы бар - болды, осы ғана. Сосын, ақыр аяғында нақ керек кезінде өзіне
тиесілі, аз ғана болса да мұра алады, соның артынша сәті түсіп, жақсы бір қызға
үйленеді, ол қыз мұның дұрыс жолға түсуіне көмектеседі. Тіпті қазірдің өзінде
Диккенстің кейіпкерлері соншалықты моральдан аттап кеткен адамдар дейтіндей
емес, олардың ақымақтық әдеттері болған күннің өзінде де, ол ақымақтықтары да
болмашы ғана. Сезімнің толыққандылығын жоққа шығаратын осындай ағылшындық өтірік
оның шығармаларының үстіне іріңді жара сияқтанып жабысып алған; бұл нағыз көзі қисайған
ағылшындық екі жүзділік болып табылады, бұл екіжүзділік тек өзі нені көргісі
келсе, соны ғана көреді, сол арқылы нағыз ағылшындық болып табылатын Диккенстің
де өткір көзін шынайы жағдайдан алып қашады. Виктория патшайымның кезіндегі
Англия Диккенстің нағыз арманы - шын мәнісіндегі  трагедиялық романдар жазу арманына кедергі
келтірді. Егер де оның шығармашылығы құтылып шыға алатындай басқа бір әлем
ашылмағанда және оның утилитарлықтың қапас аумағынан қуанышты да келісті әзіл-қалжыңымен
көтеріп алып кететін күміс қанаты болмағанда, ағылшындық бұл қоғам суреткерді өзінің
қарыны тоқ ортаңқолдығының тереңдігіне одан әрі тартып әкете берер еді де,
танымалдықтың шынжыр құшағында ол жүрмелі моральға айналып, соның адвокаты
болып қана қалар еді.

   Ағылшын тұманы кіре алмайтын жаңғыз ғана қуанышты да еркін
аймақ - бұл балалар әлемі. Ағылшындық екі жүзділік адами сезімді тұншықтырады және
үлкендерді өзінің әміріне бағындырады, ал балалар жұмақта жүргендей өз
сезімдерінің тұнығында жүзіп алаңсыз жүреді; өйткені бұлар әлі ағылшындықтар
емес,  бұлар - адами гүлдердің кішкене ғана
жарқыраған шоғырлары, екі жүзділіктің түтін-пердесі олардың сан бояулы әлеміне
көлеңке түсіре алмайды.  Міне, Диккенс
осы жерде ғана, балалар әлемі бар жерді ғана еркін жаза алды, ағлышындық
буржуаның ар-намысы оған кедергі келтіре алған жоқ, сондықтан да ол өлмейтін
туындыларды дүниеге әкелді. Оның романдарындағы балалық жылдар керемет көркем;
менің ойымша, балалардың мұндай образдары мен адам өмірінің таңғы шапағында ғана
бола алатын көңілді де, салмақты көріністер әлемдік әдебиеттің ішінде ешқашан
да жоғалып кетпейді.

    Кішкене Неллдің
одиссеясын кім ұмытады, қарапайым да нәп-нәзік Неллдің өз атасымен бірге түтін
мен мұнар басқан үлкен қаладан кетіп, бусанып жатқан жап-жасыл далаға келуін және
неше түрлі қиындықтар мен қауіп-қатердің ортасында жүрсе де өле-өлгенше өзінің
періштедей күлкісін сақтаған Неллді кім ұмыта алар? Бұл шын мәнісінде де жан
тебірентерлік жағдай, жыламсырау мен мұңаюдың көлеңкесі де жоқ, нағыз адами
тірі сезімдер. Ал тап-тар  шалбар киіп жүретін
сеп-семіз бала Трэддлз ап-арық скелеттердің суретін құштарлана салғаны соншалық,
соққы тиген жерінің ауырғанын да ұмытып ктетеді; берілгендердің ішіндегі де
берілгені - Кит; кішкене ғана Никльби ше, басқа романдардың беттерінен қайтып
оралып келе беретін «өте кішкентай және ешкім еркелетіп көрмеген» сүп-сүйкімді
бұл бала - өзінің балалық шағының қуаныштары мен қасіреттерін өлместей етіп тасқа
басып кеткен жазушы Чарлз Диккенстің нақ өзі. Ата-аналары жетім қылып тастап
кеткен, былайғы жұрттан қағажу көріп, әбден қорқып, зәрезап болып қалған
арманшыл бала туралы Диккенс қайта-қайта жазады; мұндай тұстардағы пафостан көзіңе
жас аласың, баланың сыңғырлаған үні одан сайын қоңыраудай сыңғырлап естіледі.
Диккенс романдарындағы балалар образының осындай хороводын естен шығару мүмкін
емес.

   Күміс күлкі мен көз жасы, ауқымды көріністер мен күлкілі жағдайлар
бір-бірімен араласып, кемпірқосақ тәрізді өрнек салады; сентиментальдық пен асқақтық,
трагедия мен комедия, шындық пен поэзия бірімен бірі бой өлшесіп, жаңа, бұрын-соңды
болмаған әлемді жасақтайды. Бұл тұстарда ол ағылшындық пен өтпелілікті жеңіп,
шексіз биікке көтеріледі және онымен ешкімді де салыстыра алмайсың. Егер де
Диккенске ескерткіш қойылатын болса, оның қола мүсінін балалардың мәрмәр
хороводымен айналдырып қою керек, өйткені бұл суреткер сол балалардың әкесі
бола білді, қорғаушысы және бауыры болды. Ол балаларды жалпы адам мәнінің ең айқын
көріністері ретінде жандүниесімен жақсы көрді. Өз кейіпкерлеріне деген сезімін
бәсеңдету үшін автор сол сезімдерін балалар образы арқылы кескіндеді. Осындай
балалар үшін бала бола алмай қалғандарды да, яғни, ақыл-есі жетілмей қалғандар
мен жынды ауруымен ауыратындарды да жақсы көрді. Оның әрбір романында міндетті
түрде ақыл-есінен адасқан, күнделікті өмірді де, мұң-қайғыны да білмей,
ой-санасы ақ құс тәрізденіп көкте қалықтап жүрген адамдар болады, олар үшін өмір
- ауыр еңбек те, шешуі қиын міндет те емес, керісінше, нағыз рахат, әрі түсініксіз,
бірақ өте көркем ойын. Бұл адамдарды оның қалай кескіндеп салғанын көргенде,
тебіреніп кетесің. Оларға сырқат адамға жақындағандай ақырындап жақындап келеді
де, үлкен мейірімділіктің шапағымен олардың болмысын жиектеп қояды. Олар
Диккенс үшін - рахат өмірдің, өзінің балалық шағында мәңгілікке қалып ойған өмірдің
жұмағы, өйткені Диккенс романдарындағы балалық шақ дегеніміз - жұмақ. Мен
Диккенс романдарын оқып отырып, ондағы балалар өскен сайын мұңға батамын, тіпті
қорқамын да. Өйткені өмірдің ең тәтті шағы, қайтып келмейтін шағы енді
оралмастай болып сөніп бара жатады, енді сәлден соң поэзия түрлі шарттылықтармен,
нағыз шындық ағылшындық өтірікпен араласып кетеді. Өзінің жандүниесінің тереңдігінде
мұны өзі де сезінетін болуы керек, сол себептен де ол өзінің сүйіктілерін үлкен
өмірге қинала-қинала жібереді. Диккенс бұл кейіпкерлерін ешқашан да олардың
ересек жасқа жеткеніне шейін, кәдімгі 
саудагерлер мен лавкалардың қожайындары болған кезге дейін жетелемейді,
суреткер оларды барлық қауіпті жерлерден аман-есен өткізіп, некенің қасиетті қақпасына,
тып-тыныш тірліктің айнадай жарқыраған гаванына дейін жеткізіп салады да, қош
айтысады. Ал Диккенс үшін осынау әлем-жәлем тізбектің ортасында жүрген сүйкімділердің
ішіндегі сүйкімдісі, өзі оған Нелл деп есім берген - кішкентай қыз. Нелл деген
есім Диккенстің өзіне сүйікті болған, бірақ жастайынан қайтыс болған
бойжеткеннің есімі еді. Кішкене кейіпкерін осылайша атаған автор бұл сүйкімді
кейіпкерін мынау сәтсіздіктерге толы тұрпайы әлемнің, жалғандық әлемінің
ортасына ешқашан жібермейді. Диккенс оның кіп-кішкене көздерін тым ерте жұмғызып,
сол арқылы оның көктемнің шуағынан о дүниенің күңгірт әлеміне алаңсыз өтіп
кетуіне мүмкіндік жасап, оны балалық шақтың жұмағының ішінде мәңгілікке қалдырып
кетті. Диккенс кішкентай ғана, сүп-сүйкімді Неллді бар жандүниесімен қатты жақсы
көрді, сондықтан да шынайылығымен тұрпайы мына өмірдің ішіне жіберуге қимады.
Себебі, жоғарыда айтқанымыздай, Диккенс үшін шынайы өмір дегеніміз - бірқалыпты-буржуазиялық,
қарыны тоқ Англия, көзбен көріп, қолмен ұстауға келмейтін өмірлік мүмкіндіктердің
кішкентай ғана бөлігі. Мұндай соншама жұтаң әлемді тек үлкен сезімдер ғана
толтыра алатын. Бальзакта жазушының буржуаға деген жеккөру сезімі сол образдың
ерекше қуатты болып шығуына мүмкіндік берді, Достоевскийде құтқарушы ретіндегі
махаббат сезімі күшті болды, Диккенс - үлкен суреткер - өзінің юморы арқылы өз
кейіпкерлерін жердің тартылыс күшінің бейнетінен құтқарады. Ол өзінің тоғышарлық
әлеміне объективтік маңыздылық ретінде қарамайды, жағымды кейіпкерлеріне олардың
іскерлігі мен сергектігі үшін  гимн
ойнап, мақтамайды да. Оларға жылы жүзбен қарап, көңілдене ишара ғана білдіреді,
сол арқылы, Готфрид Келлер мен Вильгельм Раабе[4] сияқты, олардың
ергежейлі қылықтарын күлкілілеу етіп сипаттайды. Бірақ күлкілі болғанда жағымды
мағынасындағы күлкілі, сүйкімді қылықтары мен жүріс-тұрыстары   оларды одан сайын сүйкімді көрсетеді.
Жазушының әзіл-қалжыңдары, күннің шапағы сияқтанып, кітаптарын сәулелендіріп тұрады,
шығарманың  қарапайым ғана ландшафтарына
күтпеген жерден жарық түсіріп, шексіз бір әсемдікке бөлеп, мыңдаған
кереметтермен толтырады; осындай жып-жылы оттың жалыны бәріне жан бітіріп, оқиғаны
нанымды етіп, тіпті көздің жасы да мөлт ете қалып, кішкене ғана сезімдер кәдімгі
өрт сияқты лаулай жанады.

    Диккенстің юморы өз шығармашылығын өтпеліліктен сақтап, мәңгіліктің
туындысына айналдырды. Оның кітаптарындағы әзіл-қалжыңы, Ариэль тәрізденіп,
оларды құпия әуенмен толтырып, құйындатып, өмірдің шексіз қуанышына үйіріп әкетеді.
Ал бұл туындының өн бойында жүреді. Диккенс ең бір сүреңсіз оқиғалардың өзін
терең түкпірлерге бойлап барып, шахтер шамының отындай болып жылт етіп жанып, оқиғаның
жолына жарық түсіріп, шешуі қиылыспай тұрған кез келген жағдайлардан алып шығады;
тым жылауық болып кеткен тұстарды нәзік ирониямен жұмсартады, тым үлкейтіліп
кеткен жерді соның өзінің көлеңкесі арқылы кішірейтеді, юмор дегеніміз - оның
туындыларында  бәрін де теңестіретін,
біркелкілендіретін тұрақты элемент. Жазушылардың бәріндегі сияқты Диккенсте де
ағылшындық, таза ағылшындық юмор бар. Бірақ оған да толыққанды сезімталдық
жетіспейді, ол өз көңіл-күйінің ықпалында кетіп қалмайды, ешқашан рұқсат
етілетін шектен шығып кетпейді. Суреткер тіпті ерекше әсер құшағында отырғанда
да белгілі деңгейден аспайды, Рабле сияқты айқай салмайды, кекірік атпайды,
Сервантестегі сияқты жабайы таңқалыспен әлем-тапырық дыбыс шығармайды және
америкалық әзіл-қалжың сияқты есінен танғанша шапқылап мәнсіздікке ұрынбайды.
Ол қашан да тұп-тура жүреді және ұстамды. Диккенс те, бүкіл денесімен емес, басқа
ағылшындар сияқты бір езулеп жымияды. Оның көңілділігі оның өзін жағып
жіберердей емес,  тек ұшқын атып, мыңдаған
шырақтардай жанып-сөніп, сол арқылы адамдардың артериясына өз жарығының
тамшыларын құяды. Диккенс өмірдің ең қалың ортасында күлкілі елестер мен адасып
жүрген оттар жасап жүретін, айналасына жағымды қалжыңқой адам. Оның юморы
-сезімнің шабытты шағы мен тентек мінездің және байсалдылықпен жымиып қана қоятын
ирония арасындағы компромисс (Диккенстің тағдыры - қашан да орта тұста жүретін
тағдыр ғой). Оның юморы ағылшындық басқа ұлылардың юморына ұқсамайды. Диккенсте
Стерннің бәрін жеп жіберетіндей удай ирония жоқ, деревня дворянині, Филдингтің
шектен шығып кететін юмора да жоқ, ол Теккерей сияқты юмормен адамның жанын күйзелтіп
те тастамайды, бұл - тек қана жақсы-жұғымдылығымен жүретін автор, ешқашан адам
жанын жараламайды, оның юморы күннің қояндарындай, кейіпкерінің сәл бұрылғанының
өзінде немесе кейіпкерінің қолының әр қимылында көңілдене ойнап тұрады.

    Ол юмор арқылы моральды көрсетуге ұмтылмайды, сатира да жасағысы
келмейді, өзінің қалжың қалпағының астына салтанатты-салмақты бірнәрсені
жасырып та қояйын демейді.  Ол тіпті ештеңе
де жасағысы келмейді. Ол тек тіршілік етеді. 
Оның тіршілік етуі ешқандай мақсатты да көздемейді, мәселенің бәрі
Диккенстің не нәрсені болса да айрықша қырынан көре алатын ерекше қабілетінің
астында жасырулы жатады, сол себепті жазушы әр қайсысын анықтап, кейіпкерлерінің
бояуын қалыңдатып, оларды күлкілі қылықтарымен, комикалық жүріс-тұрыстарымен
ерекшелеп жазады, ал бұл сосын миллиондаған оқырмандарын қуанышқа бөлейді. Бәрі
оның осы юморының жарығына түседі, образдардың ішкі мәні сәуле шашып көрініп тұрғандай
болады; тіпті тоғышарлар мен оңбаған адамдар да өзіндік юморлық сипатқа ие,
Диккенс бір қараса болды, күллі әлем еріксізден еріксіз рахаттана күлкіге көмілетіндей
болады да тұрады. Бәрі жарқырап, айнала шаттықтың ішінде шыр айналатындай, тұманды
ел күннің көзін сағынудан біржола құтылғандай әсер береді. Сөз де құбылып, бір
сөз бір сөзді кескестеп, әр жаққа жалт-жалт бұрылып, өзінің айтайын деп тұрған
ойымен жасырынбақ ойнағандай, бір-біріне сұрақ лақтырысып, бірін-бірі қалжыңмен
қажап, көңілді сәттер төңіректің бәрін билетіп жібергендей әсер береді.
Диккенстің юморы ештеңеден қорықпайды да. Ол ағылшын ас үйі бермей қойған,
сезім сөлінен айрылған дәмді бәрібір сақтап қалды; баспагердің жазушыға
келтіретін қандай келеңсіздігі болса да, оны адастыра алмайды, өйткені ызадан
жарылайын деп отырса да, қайыршылықта отырса да, ауырып жүрсе де Диккенс тек көңілді
жазуды ғана білді. Оның юморының теңдесі жоқ, ол осы өткір көздерде нық отырды
да, сол көздердің нұры сөнген кезде ғана сонымен бірге нық қалпында сөнді.
Диккенстің құдыреттілігі бәрінен де асып түсті, тіпті уақыттың өзі де оны жеңе
алған жоқ. Өйткені «Пештегі оттың сытыры» атты новелланы ұнатпайтын және осы
кітаптың ішіндегі көптеген көріністердегі күлкілі, көңілді жағдайларға
елтімейтін адамды мен көз алдыма елестете де алмаймын. Рухани қажеттіліктер де,
әдеби қажеттіліктер де ауысып, өзгеріп тұруы мүмкін, бірақ адамдардың күлкі мен
қызыққа деген құштарлықтары бар кезде, жандүние демалып, құлшыныстың бәрі
тынышталып, демалып жатқан шақтарда, жандүниеде өмір тыныстап, әдемі әуеннің ырғағымен
жүрек рахатқа бөленген шақта - дәл осындай кезде Англияда және күллі әлемде
адамдар осынау қайталанбас туындыларға әлі де қол созатын болады.

   Қара жердің бетіндегі тіршілікке соншама жақын, тіпті өте жақын
шығармашылық өз бойында күннің қуатындай қуатты сақтап тұр, оның ұлылығы да, өміршеңдігі
де осында. Ұлы шығармалар туралы тек олардың ішкі қуатына қарап немесе оның
сыртында тұрған адамға қарап қана емес, шығарманың таралу аумағы мен адамдарға
ықпалына қарап та бағалау керек. Он тоғызыншы ғасыр жазушылары ішінен Диккенс
туралы біз «ол әлемнің қуаныш-шаттығын молайтқан адам» деп айта аламыз. Оның
кітабына қарап тұрған миллондаған көздерге жас тұнады; кеуделерінде көңілді күлкінің
гүлдері шешек атады, ал жандүниесі солғын тартқан жүздеген адамдардың
кеудесінде Диккенс шығармалары арқылы сол гүлдер қайтадан шешек атады, оның шығармаларының
ықпалы әдебиеттің аумағынан асып кетті. Ағалы-інілі Чириблдер туралы оқыған бай
адамдар ақылға келіп, қайырымдылық мекемелерін ашты; қатыгез адамдар жұмсарды;
«Оливер Твист» жарыққа шыққаннан кейін қайыр-садақа беру көбейіп, үкімет жоқ-жітік
адамдарға арналған үйлердің жағдайын жақсартып, жеке меншік мектептерді қадағалауды
қолға алды. Диккенстің арқасында Англияда адамдардың бір-біріне деген аяушылық
сезімі артып, көптеген кедей-кепшіктердің тағдыр-талайы жеңілдеді. 

   Бірақ қоғамға мұндай төтенше ықпал етудің ол шығарманың көркемдік
деңгейіне, әрине, қатысы жоқ екендігін мен білемін, шығарманы көркемдік-эстетикалық
тұрғыдан бағалаудың жөні де, реті де басқа. Дегенмен Диккенс шығармаларының мұндай
ықпалы нені көрсетеді? Мұндай ықпал, яғни, ұлы шығарманың жазушы фантазиясының
аумағынан шығып, шығармашылық еркіндігі арқылы оқиғаны кез келген жаққа қарай бұра
алуы - шынайы өмірді де қайта құра алатынына дәлел бола алады және бұл аса маңызды.
Олар шынайы, көзге көрілетін шындықты жаңарта отырып, қабылдау сезімінің
температурасын да арттыра алады. Диккенстің жұбатуды және жан қиналысын
суреттейтін басқа жазушылардан тағы бір айырмашылығы - ол өз замандастарына көңілді
күлкі мен қуаныш сыйлап, өн бойларындағы қан айналымдарына жаңа тыныс берді. 

    Парламенттің жап-жас стенографы қолына қалам ұстап, адамдар
мен олардың тағдырлары туралы жазуға кіріскен күннен бастап, әлем бұрынғысынан
да жарқырай түсті. Ол өз заманының қажеті үшін деп қуанышты аман сақтап қалды,
ал болашақ ұрпақ үшін көңілді де кәрі Англияның - наполеондық соғыс пен
империализмнің ортасында тұрған Англияның - көңілді ұстанымын сақтап қалды. Көп
жылдар өткен соң да адамдар осы біртүрлі қызық, кәсіптері де уақыт ағымында
біржола жоғалып, индустриализмнің өкшесіне жаншылып қалған ескірген әлемге,
ешкімге зияны да тимейтін, толыққанды әрі тып-тыныш, әрі қуанышқа толы бұл өмірге
бұрылып қарай беретін болады. Диккенс өз шығармашылығымен идиллиялық Англияны
жасақтады. Ауқымы зор басқалармен салыстырмалы түрде қарағанда оның тып-тыныш әрі
бейбіт сипаттағы шығармашылығының маңызын тым кішірейтіп айтуға болмайды:
идиллия - бұл да мәңгілік, көнеден келе жатқан, қайта айналып соға беретін
форма. Бұл жерде «Георгиктер» мен»Буколиктер» жаңартылған, бұл - өз қажеттіліктерінің
талаптарынан шаршап, демалуға асыққан адамның поэмасы, ұрпақтан ұрпаққа өткен
сайын жаңарып отыратын поэма. Ол қайтадан жоқ болып кету үшін қайтып келеді, ол
- жандүниенің арпалысының алдында немесе одан кейін ес жинаған шақтағы бір сәттік
тыныс алу, мазасы кеткен жүректің қанағат тауып отырған сәті. Біреулер күш-қуатты
тудырады, біреулер тыныштықты тудырады. Чарлз Диккенс бір минуттық тыныштықтан
поэма жасақтап шықты. Бүгінгі таңда өмірдің тағы да у-шуы көбейіп кетті -
машиналардың шуы көбейді, уақыт бұрынғыдан да жылдамырақ, тарсыл-гүрсілімен
заулап барады. Бірақ идиллия өлмек емес, өйткені ол өмірдің қуанышы; ол астаң-кестең
болған ауа райынан кейін шайдай ашылған көк аспан тәрізді, барлық дағдарыстардан,
жандүниенің арпалысынан кейінгі өмірдің мәңгілік шуағы. Диккенс те адамдарға қуаныш
керек болған кезде, құштарлықтың трагедиялық салмағы шаршатқан кезде  өзінің келмесінен қайта-қайта оралып келіп
отыратын болады, ол қарапайым өмірге рух беретін поэзияға ұмтылады.

 

                                                                                              1919 

[1] Боз - Диккенстің жас кездегі бүркеншік
аты. Ол «Манфли мэгэзин» атты Лондон журналдарында өзінің ең алғашқы әңгімелерін
«Боздың очерктері» деген циклмен жариялап 
тұрған (1836).

[2] Джентри - XVI-XVII ғасырлардағы
орта және ұсақпоместелік  дворяндық

[3] Автор, шамасы, В.Скоттың (1810)
«Судың пері қыздары» атты тарихи дастанына сілтеме жасап тұрған болуы керек.
Алты бөлімнен тұратын дастанның әр бөлігіне сол кездерде ән жазылып, ол халық
арасында кең тараған.

[4] Вильгельм Раабе (1831-1910) - көрнекті
неміс жазушысы, прозик,

   Готфрид Келлер () (1819-1890) - швед
жазушысы, реалистік прозаның көрнекті өкілі