Балбал тастар!
Кәрісің бе, жассың ба?
Жаңалыққа доссың ба, әлде, қассың ба?
Тасқа айналған адамсың ба сен, әлде,
Адам болып келе жатқан тассың ба?
Көрер күнің көп пе, әлде, аз-ақ па?
Өңіңдегі шаттық, әлде, азап па?
Жусандардың ұлты - қазақ,
білемін,
Ал сенің ше?
Сенің де ұлтың қазақ па?
Қазақсың ғой,
танып тұрмын сөзіңнен,
Тас кеудеңе ұлы тарих көз ілген.
Өзің тұрған мына аңыз далаға,
Қарайсың сен ғажап қазақ-сезіммен.
Балбал тастар,
мәнімізге мән қоса,
Мейіріммен тербетесің жанды аса.
Өңіңдегі нұр-күлкіңнің қалдығын,
Жел ұшырып кеткендігі болмаса.
Сені, тіпті,
көме алмады құм-тағы,
Қайта сені ол аялады, қымтады.
Балбал тастар,
сен меніңше кешегі,
Білге қаған, Күлтегіннің ұрпағы.
Біз -
Күлтегін ұрпағымыз қуатты,
Жаралғанбыз өжет болып тұяқты.
Шыңғыс ханның мүрдесі де жасырынып,
Бізден әлі қашып жүрген сияқты.
- 279 просмотров