ВЕРНУТЬСЯ

   Стефан Цвейг

 

   Ол туралы айта алмайсың, өйткені, оның уақыты өтіп кеткен
немесе енді келді; оның заманы қашан да бар еді, бірақ оның уақыты
келгендігі  жөнінде хабарлайтын сағат соққанда,
ол адамзаттың сағатының соғуымен дәл келмеді. Алты жүз жылдан бері «сөйлеу қабілеті
бар адамдар ұрпағының» кем дегенде жиырма ұрпағы (гректердің жігерлі сөзімен
айтқанда) оның даңқын көкке көтеріп және оның поэмаларының тастан қаланғандай
сарайларына көз алмастан қараумен келеді, тереңдікте тұрып қол да жетпес, көз
де жетпес биіктікке қарағандай қарайды. Оның қабірінің мәрмәріне ойып жазылған
Джованни де Вирджильдің «Vulgo gratissimus auctor» - «тобыр ұнатқан ақын» деген
сөзі дәл сол күнгідей, бүгінгі таңда да достық ниетпен жазылған, бірақ
адасушылық болып табылатын  поэтикалық қызыл
сөз ғана, өйткені Дантенің ешқашан да, қай дәуірде де ықпалы күшті болған емес
және өмірде өз орыны сезіліп тұратын ұлылардың қатарына жатқызылған да емес. Оның
даңқы жер жарып тұрса да, шыр көбелек айналып, ауысып жатқан уақыттың өн
бойынан асқақтай қарап тұрса да, ол дәл кешегі күнгідей, дәл бүгін де өз заңғарында
жаңғыз және әлі танылмаған қалпында тұр. 

Қуғынға түскен ол ызадан және ерекше бір сүйіспеншілікпен өзінен
басқа ешкімнің шамасы жетпестей форманы таңдап алды, оның балғасының қасиетті үнінен
уақыттың өзі дірілдетіп тұрды, күллі Италия шырқау биігінен тас табанына шейін,
Альпыдан Сицилияға дейін, оның төрелік үнінен дүр сілкінді; бірақ қуғында жүрген
ол үшін - «fuoruskito» үшін Флоренцияның қақпасы тастай жабық күйінде қала
берді. Сол кездегі ең жоғары награда - лавр жапырақтарынан өрілген венокты
иемдену жайындағы арманы арман күйінде қалды, бірақ, кейін мұндай венок bel
San-Giovanni[1] жерінде оның «Арна
жағалауларында жүргенде ақсары болған, кейін ақ кірген бұйра шаштарына»
кигізілген еді. Оған жып-жылы болып жанын жылытатын махаббат бұйырған жоқ, оған
тек даңқ қана, мәрмәрдей даңқ қана бұйырды. Қайтыс болғаннан кейін оның даңқы
жайылды, аңызға айналды, бірақ әлемнің жүрегіне тікелей және жеңіл апаратын
жолды басқалар тапты. Оның құйылған қорғасындай тілінен Петрарка сонеттердің ұсақ
монеталарын соғып, роман даласын сонымен былғады, сөйтіп жүздеген ғашықтардың
махаббатына және құштарлығына Петрарканың өзі ие болды; бақытты мұрагерлер
Ариосто мен Тассо молшылыққа кенелді, ал кезінде ұлы Данте сол жердің қараңғы қапасында
өзінің тырмасымен бейнет кешкен еді-ау. Данте құдайға айналды, ал адамдардың
махаббатына олар ие болды.

Алып жартас сияқты ол уақыттың тасқынында жаңғыз өзі жеке
дара тұр; комментаторлар мен зерттеушілер конъектураның қанаттары арқылы төменге
қарай тартып алып, оны жұрттың бәрінің көзбен 
көруіне мүмкіндік жасағысы келеді, бірақ ол бұрынғысынша қасқайып тұр әрі
жат, оны орынынан қозғалту да, талқандап сындыру да, бөлшектеп тастау да мүмкін
емес. Төменнен жоғары қарай қарап тұрған бұл асқақтан да асқақ ақын тым биік,
тіпті оның, әйтеуір, бір кездерде халықтың жүрегіне толықтай сыя қою да неғайбіл.
Ол ешқашан да біздің жер бетіндегі қыбыр-жыбыр күнделікті тірлігімізбен үндесе
алмайды, бізге ол өз құпиясын толық ашпайды да.

Оның асқақ тұлғасының айналасынан адам баласының сансыз ұрпағы
бір көтеріліп, бір құлап, жағаға соғып, кері қайтқан шулы толқындардай өтіп
жатыр, ал ол - алып жартас - селт етпестен олардың арғы жағындағы қиыр
шексіздікке көз тігіп қақшиып тұр. Оның аяғының астында, уақыт ағымында талай ұлы
халық ұсақтанып, жоқ болып, жойылып, мемлекеттер қирап жатады,  ал оның дастандарының мәрмәр қатарларының бір
де бір тасы әлі күнге дейін мызғыған жоқ. Өнерде оның шығармашылығын құрайтын
он төрт мың өлеңнің мықтылығынан асқан мықты ешнәрсе жоқ. Өлеңнен өлең өріліп өсіп
шыққан оның дастандарымен қатар сол замандарда тастан тасқа өрілген
ескерткіштер: Флоренциядағы және Палаццо Веккиодағы аппақ тастан қаланған
соборлар қирады, Джотто мен Чимабуэнің картиналары собордың өзі құлап қалмастан
бұрын-ақ түсі солғын тарта бастады, музыкасының үні жоғалып кеткенге дейін-ақ өңін
жоғалтты. Дантенің дастандары дәуірдің бел-белестеріне тереңірек тамырын жайған
сайын, табиғаттың өзі сомдап шыққандай әсер береді және қасқайып  тұрған жартас сынды өтпелі қара жердің үстінен
мәңгілік аспанға қарай өрлеп барады. Ұрпақтардың көзіне Данте неғұрлым зорайып
көрінген сайын, ойдан шығарылған нәрселердің бәрі де ұсақтай береді.

Оның «Құдыретті комедиясы» уақыт дегенді білмейді: орта ғасырдың
тасына қашалған бұл дастанның өзі уақытқа айналғандай. Готикалық собор сынды, бұл
дастан өзінің ғұмырынан да ұзақ ғұмыр кешуде, оның формасы - кезінде оның
идеясын жүзеге асырған мәңгілік форма. Тұңғиық су айырығы сияқты ол екі уақыт
тасқынын - Орта ғасыр мен Жаңа уақытты бір-бірінен мәңгілікке айырып кетті,
бірақ барлық биік құздар сынды, бір қарағанда екі мәдениетті бір-бірінен айрып
тұрған сияқты болғанымен, ол сол екі мәдениетті жалғап та тұр. Шығармашылық
теологиясы, яғни, христиандық құдай туралы ғылым Дантемен аяқталып, гуманизм, яғни,
жер бетіндегі тіршіліктің қасиеттілігі туралы ғылым Дантемен басталды. Сондықтан
да Данте -  ұлы бастамашы және ұлы аяқтаушы.

Ол күңгірттеу уақытта қалыптасты, соның арқасында күңгірттікке
жарық түсіп, айқындылық орнады. Аяқталған ұлы бір кезеңнің куәгері болған ол
осы аяқталуды ұлы бастаумен жалғастырып тұрды. Дәуірге Данте келіп жеткен кезде
католицизм өзінің тарихи ісін аяқтаған еді: еуропа әлемінде христиандық собор
бой түзеді. Шіркеу әлемдік билікке ие болды және бүкіләлемдік ғылымға айналды,
оның тіреу бағандары - адамгершіліктің жаңа қағидалары, жаңа философиясы, христиандық
ғылымы, қатып қалған қағидалары. Платон мен Аристотель ерте дүние әлеміне жаңа
этиканы, жаңа философияны берген болса, Блаженный Августин, Дунс Скот, Альберт
Великий сияқты алыптар христиан әлеміне дәл сондай деңгейде үлес қосты. Осы
кезеңнен бастап соборлар төменіндегі тас табанынан бастап төбесіндегі итарқасына
дейін тұрғызылатын болды. Бірақ қандай да бір іс бір жола аяқталған болса, одан
тоқырау мен өлімнің демі келіп тұратыны шындық қой. Шығармашылық ерлік жасалды
ма, бітті, жөндеуші шеберлер келіп, ұлыларды толықтырудың ісіне кірісіп кетеді:
комментаторлар, ағашқа түскен құрт сияқты кеміре бастайды, теология, тастай қатып
қалады да, схолостикалық сипат алып, құдай туралы ғылымға - бос даңғазаға
айналады.

Христиандықтың қасиетті шығармашылық оты сөне бастаған кезде
тек герман монастырларындағы ұлы мистиктер ғана әлі де жалындаған қалыптарынан
айрылмады, діннің революционерлері - еретиктер мен ересиархтар - батыс әлемінің
аспанына өрлеп шығар алдында Ренессанс пен Реформация басталған шақта догманың
күлінен қайта түрегелген болатын. Тек жалғыз Данте ғана осынау кері кетудің
ымыртында бар болмысымен бой түзеп, негізгі қорытындыны жасады:  христиандық ғылымға мифті сыйға тартты да, қақшиып
қатып қалған оның Жарғысына тастан қашалған өзінің дастанын қосты. Өзінің діни
реңктегі әмбебап туындысындағы діни сахнаға арналған үш басқышты көрінісіне бәрін
және барлығын: ғылым мен саясатты, аспан мен жерді, алыс пен жақынды, көне мен
жаңаны, Олимп пен  тозақты, сенім мен жоққа
сенгіштікті шығарады. Ал солардың қақ ортасына өзін - мәңгілік адамды қойды.
Біздің рухымыздың бастаулары болып табылатын Гесиод пен Пифагор не істеген
болса, Данте де соны жасаған адам: ол өзінің қиялымен әлемді құшағына алады, ол
ғалам туралы жаңа, христиандық аңызды жасайды, ол догматиктер жасаған сұп-суық өлі
образдардың кескіндеріне қан жүгіртеді. Рухани дүниені сезім әлеміне
айналдырады, пандекттер мен трактаттардың пергаменттерін сөнбейтін бояулармен
жарқыратады, диспуттарды пікір алмасу деңгейіне дейін көтереді. Ол үшін заң
образдың болмысына айналады, жалаңаш доктриналар сан бояулы аллегориямен көмкеріліп,
мәңгілік туралы христиандық ғылымның өзі оның поэмасының арқасында мәңгілікке
айналды.

Бірақ оның керемет сөздерін жеткізіп беретіндей бай тіл ол
кезде әлі жоқ еді, міне, осы тұста туындыгер Данте бұрыннан бері жинақталған,
бірақ дәл сол кезде өліп бара жатқан байлыққа тағы да назар аударады.
Теологияның тілі латын тілі болып қала берді, бірақ бұл баяғы Цезарь мен
Тациттің латыны емес еді. Догмалар мен силлогизмдерде классикалық сөздердің
шырыны баяғыда кеуіп қалған болатын, римдіктердің тілінің қызметтік тілге
жарамсыз болып қалғаны қашан. Латын о бастан-ақ басым тіл болатын, бұйрықтар
мен догмалардың тілі болып табылатын ол жетілген тіл еді, тасқа қысқа ғана
жазуды қашау керек болғанда, заңдарды формуланың тар қалыбына салу керек кезде
ыңғайлы тіл еді, бірақ ол Дантенің әлемін сыйғыза алатындай аса бай емес-ті, жұмсақ
та емес, икемді де емес еді. Оның поэмасы пайда болғанға дейін латынның ұшқыны
болып табылатын итальян тілі әлі жоқ еді: диалектілермен бөлшектенген, байқалмай
ел ішінде енді-енді ғана жетіліп келе жатқан ол олақ соғылған монетадай
анда-санда ғана жылт ете қалатын. Міне, ғалымдар «тобырдың тілі» деп жек көре
атап жүрген осы тіл енді Дантенің қызу қанды, қуатты қолына тиді: ол ақынның қатты
қысқан алақанында балқып, ұлы жасампаздың саусақтарының астында балшық боп
иленіп жатып, иі қанып, қатайып, беки бастайды. Осылайша, аяқ астынан қатайып,
белгілі бір формаға келген тіл - бұл енді бұрынғы қолдан жасалған провансалдық мәнердегі
Гвиницелли мен Якопо де Лентиноның итальян тілі емес еді, бұл жаңа стильдегі, өте
дәмді, жаңа, латынның қазанында қайнаған, шыныққан, таза металл сынды сыңғырлап
тұрған, бұрын-соңды болмаған және енді болмайтын да керемет тілге айналды.

Данте бұл жерде де ескіні аяқтаушы және жаңа бағытқа
бастаушы да бола білді, енді ол өзі туралы ерекше мақтанышпен «Мен жүзіп жүрген
суда бұрын-соңды ешкім де жүзе алмаған» деуге әбден лайықты еді. Бұдан соң
итальян тілі одан сайын гүлдене түсті, оның көлеңкелі тұстары сәулелі тұстарынан
бөлініп, тіл енді он шақты сыңғырлаған бұтақтарға тармақталды, ырғалып тұрған
сол бұтақтар жарқын музыкаға ұқсайтын еді, бірақ оның жұмыр да берік, қола тәрізді
түп-тамыры дәл осы Италияның жеріне мәңгілікке орныққан. Тілді Данте үшін өз ұлты
жасаған жоқ, Дантенің өзі тілді жасау арқылы, ұлтты қалыптастырды: оның құдыретті
дастаны - «Кітап» алты ғасыр бойына «жаңа латын патшалығының» жаңғыз ғана бүкілхалықтық
байлығы болды.

Нені қолға алса да асқан жігермен кірісетін оның осындай ерлігі,
сынбайтын ерік-жігері, қандай майданнан да тек қана жеңіспен шығатын қасиеті
Дантені барлық ақындардан ерекше бөлектеп көрсетіп тұрады. О бастан-ақ өзінің
асқан қуатын таныта келген оның  мұндай
темірдей беріктігі оған дейін де, одан кейін де өмір сүргендердің бір де
біреуінде болған емес. Оның ерік-жігері мен іс-қимылы бір-бірінен ажырамайтын
еді. Петрарка ол туралы «оның қуаты мен іске бейімділігі өзінің мақсаттарымен
тең түсіп жататын» деп мақтан етеді. 
Шынында да, өзінің сөзімен айтқанда «нені бастасаң, сол сәтімен жүзеге
асады» дегеніндей, ол қандай істі қолға алса да, ерекше сәттілкпен аяқтап шығатын.
Осындай стихиялы қуаттың екіпінмен ол күллі әлемді қамтып тұрды, кеңістік пен
уақытты біртұтас дүние ретінде танып, күллі адамзатты біртұтас бірлікте көрді.
Мұндай қасиет бұған дейін, бәлкім, Шекспир мен Гетеде болған шығар. Оның оттай
ыстық жанары мыңдаған жылдарды біріне-бірін мызғымастай етіп ұластырып тұр. Ол
мистикалық пен сезіліп-көрілетінді бір-бірінен бөлектеп қарайтын ұғымын,  Шекспир мен Гете сынды, өзі жойды: мирмидондық
Ахилла мен Лондон кабактарынан шықпайтын алқаш Фальстафаның бір-бірінен
айырмашылығы жоқ; Гете өзінің лейпцигтік Гретхесін құдай-ананың аяғының тұсына қалай
орналастырып қойса, Данте де, дәл сондай батылдықпен өзінің мәңгілік ғашығы
Беатриче Портинариді библиялық аналардың анасы Рахильяның алдына орналастырады.
Өзінің жеке басындағы ең бір мұңды шақтары оған ғарыштық оқиғадай болып көрінетін,
ең ескі мифтің оқиғасының өзін бүгінгі күннің өзекті мәселесі деп қабылдады.
Дантенің көргіштік қабілетінің зор ауқымы оның тек өзіне ғана қатысты нәрселердің
өзін басқалардың да сол қалпында көре алуына мүмкіндік берді, мөлдір янтарьдың
ішінде қатып қалған шіркейді көргендей дәлдікпен басқалардың да айқын көре алуы
үшін өз мұңын аса маңызды жағдайлардай әсермен жеткізеді, қарсыластары оның
дастандарының поэтикалық материясының мәңгілік тұтқынында қалды. Данте рух
берсе болды, өтпелі нәрсенің бәрі мәңгі нәрселерге айналады. Күллі әлемді құшағына
сыйғыза алатын бұл данышпан қандай нәрседе болсын, тіпті қиялында да реттелікті
сақтай алатындығымен таңғалдырады, оның көзқарасымен қарасаң, қандай нәрсе
болса да жаңғыздан жаңғыз тұрмайды, не нәрсе болса да бәрі иерархияның
саты-сатысында бірімен бірі астасып, бірімен бір ұштасып жатқан болып шығады.
Табиғат ол үшін Гетедегідей тасқынды елестетпейді, Шекспирдегідей сан құбылып
бей-берекет жатқан күйде емес, Дантеде бәрінің орыны алдын ала белгіленіп қойылған:

 

... «Өзгермейтін бұл әлемді,

Ұлы тізбек ұстап тұр;

Ғалам-шардың бұл сипаты,

Бір құдайға ұқсап тұр»[2]

 

Данте үшін табиғаттың құдай тектестігінің мәні - оның ерекше
тәртіппен құрылғандығында. Сондықтан да ол өзінің «Комедиясында» күллі ғаламды
поэзияда бұрын-соңды болмаған бір схемаға түзіп шығуға ұмтылып, әрбір жұлдыздың
ғаламшарда белгілі бір нақты, қозғалмайтын орыны болатыны сияқты, әрбір адамға
көк пен тамұқтың екі арасындағы ол тұрған моральдық баспалдақты көрсетуді мақсат
етті. Ақын төрешіге айналды (Гете де, Шекспир де мұндай бола алмаған), Данте -
христиандық моралист - қателіктер мен жетістіктерді теологиялық тәртіптің айқын
көрсететін таразысымен салмақтай бастады. Пизедегі Campo Santoның қабырғасына
кескіндеу өнерінің шебері, итальяндық сәулетші Орканья (XIV ғ.) бейнелегендей, әлемдік
төрешінің ұлы іске кіріскеніндей қимылмен Данте де іске кіріседі, ол мыңжылдықтарға
созылып келе жатқан адамзат тобырының ішіндегі түнерген Савонаролдың түнерген
ата-бабасын, от әкелуге еретиктерді жұмсағандардың туысқанын, негізі жоқ
ережелермен тұншыққандарды аяусыз әшкерелеп, қайсысының қой, қайсысының ешкі
екендігін айрып беру үшін ұлы туындысына кіріседі, ол ең мархаббатты, дүниеге
бейбіт көзқарастағы, ерекше отты адамдарды іске жұмылдырады және өзі істеген
істеріне орай азапқа түскен өз жауларының, оның ішінде «антихристтердің» бейнет
шеккен кездегі түрлерін көріп рахаттанады. Бонифациидің ұстанымынша заң қайырымдылықтан,
ал догма адамгершіліктен жоғары тұруы тиіс: Платон мен Аристотельді лимбаның қараңғысына
қамап тастаған ол енді альбигойлықтарды қырып тастаған қандықол епископ
Марсельскийдің махаббатын көкке көтереді. Бірақ жасаған қылмыстары үшін қандай
бейнет шексе де, олар Дантенің, яғни, темірдей төрешінің суық жүзін жұмсарта
алмады, ақынның оларға деген аяныш сезімін де оята алмақ емес. Сондықтан да
Дантеге сентиментальды көзқараспен қараудың қажеті жоқ, мысалы, ағылшындық
прерафаэлиттердің солғындау  суреттерінде
ол осындай мағынада бейнеленген: жас жігіт Данте Арно жағалауында сұлу
Беатриченің соңынан қарап, арман құшағында тұр.

Мына бір суреттегі шарап құмар әрі кешірімді Данте - бұл
ескірген готикалық фигура, мұнда ол - он үшінші ғасырдың қатал адамы, қасиетті
ашу үстіндегі, кекгі қайнап тұрған микеланджелолық Данте; ал мына жерде ол -
крест жорығына қатысушы, ол бұл жерде өз елінің шіркеудің билігіне бағынбай
кеткенін көргенше, сол елін отқа өртеп, қылышпен талқандап тастауға дайын тұр.
Жер патшалығында - бір ғана билеуші, рухани қажетілікке - бір ғана шіркеу болуы
керек және олар міндетті түрде ғаламдық бірлікте болып, әлем бір тәртіпке бағынауы
тиіс: бұл - Дантенің  саяси әрі  метафизикалық идеясы. Және шынайы өмірде жер
бетіндегі материалдың қарсылығын жеңе алмаған ол, қиялындағы өмірде өзінің ғарыштық
дастанының образдары арқылы сол материалға реттілік сипат берді. Данте жаңғыз өзі
орта ғасырдың ұлы арманына айналған - жер бетінде бұрын-соңды болмаған
теократияны, өзі үшін де, әлем үшін де Гогенштауфендер[3]
де, папалар да құра алмаған мемлекетті өзінің «Құдыретті комедиясымен» мызғымас
бірлікте отырып жасап шықты.

Ол анархияның: догмаға бағынғысы келмейтін рух анархиясының,
өркөкіректікпен әлемнің билеушісіне бағынғысы келмейтін мемлекет анархиясының,
ләззат алуды ғана мақсат етіп, дау-дамай шығаратын сезім анархиясын, поэтикалық
шығармада аяқталмай қалған, қандай да бір ережеге, тіпті, сандық ойындар
ережесіне де бағынбайтын түр анархиясына 
мәңгі қарсы болған адам.

Рух догматигі міндетті түрде поэзиядағы реттіліктің қорғаушысы
болып табылады. Бірақ бұдан ерекше қайрат-жігерімен таңғалдыратын, қайталанбас
Дантенің ой-қиялы қасаң тартқан жоқ, схемаға салғандай сыйымды сөздері ұғынықты
болуға ұмтылыстың  әсерімен жансыз болып
та қалмайды, ал ғалымдардың сөздері ақынның көкке қанат қаға беруіне мүмкіндік
жасады. Рухтың адамы, құдыретті Данте сезімнің тілімен және жаңа піскен
жемістей шырынды әрі мәрмәрдей мықты тілмен жазды, бұған дейін итальян тілі мұндай
қысқа да нұсқа және сазды болған емес. Рас, ол кейін тоқмейілсіп, еркелеу болып
кетті, нәзіктеу бола бастады, ол тым пісіп кеткен жемістей тәтті тілді болып
алды, бірақ ақын кейін ешқашан да дәл осындай сан қырлылықққа, бірде жай, бірде
нәзік сыбдырдай сымдай тартылған ырғаққа, бірде ай-құшақ айқаса қалған қылыштардай
қатал да қаһарлы түрге ене алған жоқ. Ол - Микеланджелоның бауыры, христиан заңының
сөздерін өзі жасаған Моисеевтердің жаңа тас тақталарына әр тігісін цементтеп, әр
өлшемін теңдестіріп және күллі ғаламдай кең композицияны сандардың
кабалистикалық ойынының құпия ережелеріне сәйкес ретке келтіріп тұрып, ойып
жазды. Оның үстіне мұндай жағдайда сәулеленудің құпия үрдісі де өз құқығын көрсетіп,
іске кіріседі: әрбір көрініс, әрбір мүсін, тіпті әрбір сөз өз кезегінде өзінің
аллегориялық мәніне ие болып шыға келді, Құрылымның үш мүшелілігі және
терциндердің өздері, шіркеудің сыртқы сипаты креске ұқсап тұратындығы сияқты, түп
негізінде құдыретті үштікке ие болды.

Дантенің шығармалары, автордың өзі «Пирде» түсіндіргеніндей,
жекелей алғанда да, тұтастай алғанда да көптеген құпияны жасырып ұстап тұрады. Қолға
сезілгендей ғана жұп-жұқа үстіңгі қабат қашан да рухани, көп жағдайда
сивиллинді кітаптар сияқты күңгірт және көзге әрең-әрең шалынатын теологиялық
символды жасырып тұр; бір қарағанда кәдімгі, өзімізге таныс мағына сияқты болғанымен,
оның астарында асқақ мән жатады, Гете айтқандай «ақын кез-келген жерден
бір-біріне қарама-қарсы тұрған және бірін бірі сәулелендіріп тұрған образдардың
көмегімен әлдеқандай бір керемет мәнді жеткізетін тәсіл тауып алады». Дантенің әрбір
скульптурасында, гректердегі сияқты, адам бейнеленген, бірақ әңгіме құдай
туралы екендігін түсініп отырасың. Өлеңнің әрбір жолында қос қабат ой жатады, қос
қабат мән тұрады, оның дәні де көрініп тұрады, дәннің сыртындағы қабықты да көріп
тұрасыз, сол қабықтан оны аршып алу керек. Гете табиғатының заңы бойынша «ол
да, бұл да бір мезетте» көрініс табуы керек болса, Дантеге бұл заң жүрмейді. Бұл
ойшылда асқақ дуализм бар, ол - орта ғасырдың ең ұлы көреген ақыны, сонымен қатар
жүйелеу мәселесінің ең ұлы шебері, жұп-жұмыр етіп сөз қашаудың да, символ
жасаудың да, бір сөзге бірнеше мән сыйғыза алудың да асқан білгірі.

Мәннің бұлайша сезімдік-рухани тұрғысынан шифрлануы, қос
тармақтануы, көркемдік пен теологиялықтың қатар өрілуі Данте дастандарын о
бастан-ақ альтернативтілікке алып келді: «Құдыретті комедияда» тек кейбір ойып
алынған бөліктерін ғана кәдімгі өлең сияқты оқуға болады. Ал оны тұтастай ұғыну
үшін түсініктемелерді көмекке шақырып, филологиялық, теологиялық, тарихи «құрал-жабдықтармен»
қаруланып алып, шұқшиып зерттеу керек, жұмбақ шешкендей шешу керек, оның ішіне
ену үшін ғалым-дантетанушы ретінде бүкіл ғұмырыңды соған сарп етуің керек. Оның
дастанында жатқан әлем және сол поэманың өзі жылдар ағымында бір-бірінен ара
жігі ажырап, ғұмырлық күштерін сақтады, бірақ екеуінің сақталу деңгейі бірдей
емес. Дантенің есімі, баяғыдағыдай, қазіргі таңда да үздіксіз өмірдің таңғажайып
мысалы болып табылады; бірақ оның поэмасы, оның «Комедиясы» олай емес. мұнда өтпелі
нәрселер мәңгілік нәрселермен қатарласып тұрады, өлгендер мәңгі өлмейтіндермен,
идеяның желге ұшқан материалдары мәңгі өмір сүретін формалармен бір сапта.
Дантенің поэмасын адамзаттың білім ағарту ғасырында Вольтер жаудың көзімен қарағандай
жітілікпен оқып шықты да, өзінің «Сөздігінде» Дантені қастерлеушілерміз
дейтіндердің энтузиазмдарының жалған екендігін жер-жеберіне жете айтып салды.
«Итальяндықтар оны құдай тектес дейді, олай болатын болса, онікі -  көзге көрінбейтін құдайлық. Оның даңқы бұдан
да кеңге жайыла беретін болады, өйткені оның шығармаларын ешкім дұрыстап оқымайды
да. Оның поэмасының жаттап алуға болатын жиырма шақты тұсы бар, соны жұрттың бәрі
жаттап алған, демек поэманың басқа жағын оқымай-ақ қоюға осының өзі жеткілікті
болып шығады» дейді ол. Ақылмен ғана өмір сүретін, мистика атаулыға, діни-қараңғылыққа
жаны қас сергек ойдың бұл адамның бұлайша ызалануының түп-төркінінде шындық
бар.

Данте өлгеннен кейін он шақты жыл өткен соң, көп оқылатын
автор ретінде өмірден кеткен соң, «Құдыретті комедия» зерттеу нысанына айналды.
Равеннеде оның қабірінің басындағы тас тақтаның тұрғанына жарты ғасыр өтер-өтпестен
Италияда төрт университет оның поэмасының мәтінін зерттеуге кірісіп кетті, олар
«Комедияны» түсіндіре бастады, талдап, Библия сияқты, Талмуд пен Құран сияқты құдыретті
кітапқа айналғанша, оны жазып шығуға көк аспан мен қара жердің өзі көмектескен қасиетті
жазбалар сияқты сенімге орныққанша, «Комедияның» да жол-жолын ұғындырады,
жік-жігін ашып көрсетті. Бірақ, бір кереметтің күшімен қасиетті кітаптардың
барлығының тағдыры бірдей болып шықты ғой: ұрпақтар ауысқан кезде, сол ұрпақтың
кеудесіне жан берген рухани кереметтер олардың тіршілігінен ығыстырыла
бастайды, ал олардың материясын құрайтын сезіліп-көрілетін әлемі рухани әлемінен
мықты болып шығады да, поэзия сияқты өмірін жалғастыра береді. «Көне өсиеттен»
(«Ветхий завет») қазір не қалды. Заңдар кітабы - тасқа айналған рух кейін ығысты
да, олардың ішіндегі аңыздар мен көркем ертегілер әлі де өмір сүріп жатыр, Иова
мен Руфи туралы әдемі поэма Моисеевтердің тас тақталары мен Соломонов храмынан
гөрі өміршең болып шықты. Рамаянның зор ғимаратынан біздің замандастарымыздың
рухани әлемінде тек Савитра туралы кейбір көріністер ғана қалды, Талмуд пен Құранның
мақалға айналған екі-үш аңызы ғана тірі, ал қалғандары - кеуіп қалған жансыз
пергаменттер ғана, мәңгілікке жоғалған құндылықтарды іздеп рух археологтары қазып
жатқан ұлы да қасиетті күл ғана.

Дәл сол сияқты Дантенің кітабында да теологиялық қосмәнділік
емес, католиктік метафизика да емес, ақынның үкіміне күле қарап тұрған
зайырлылық қана тірі. Оның өзін тамұққа жіберуге ұмтылған өрт күнәқар Франческо
мен Уголиноны да құрта алмады, ал даңғаза схоластиктердің асқақтатылған тұлғалары
біздің санамызға да келіп жетті. Тек Данте-төреші емес, Данте-ақын ғана біздің
сезімімізге әсер ете алады, өйткені біз ешқашан да өзімізді үш басқышты сонау ғасырдың
әлеміне апара алмаймыз, күнаһарлықтың, азап шегудің шынжырына өзімізді байлап
бере алмаймыз, әлемдік өліп қалған заңның адами бостандықты, табиғи,
ерік-жігердің бостандығын жоққа шығаратын аса қаталдығына таңдануымызды да қоя
алмаймыз. Бірақ өлі ғаламшар мен күллі әлемді қуатты қолдарымен өз заманының төбесіне
асқақтата көтеріп тұрған, алайда біздің өміріміз бен біздің сезімімізге жат көрінетін
бұл Атлант туралы түсінігімізде ешқашан да адаспауымыз керек.

Ақыл-ойымызға жат болып тұрса да, олардың баяғыда өліп қалған
наным-сенімдері біздің сезімдерімізді селт еткізе алмаса да, орта ғасыр
соборларының ішіндегі осынау ең ұлы туынды бізді бәрібір таңғалдарды, біз батыс
әлемі тудырған бұл асқан өнер туындысынан бәрібір көз ала алмаймыз.  Оның зіл-батпан мұнараларын заңғар көкпен ұластырып
тұрған тасқа басылғандай батыл жоспарларына, сол мұнаралардың тепе-теңдігін мүмкін
етіп тұрған аса дәлдікпен өлшеніп-жұмырланған ырғағына, тілінің мызғымас мәрмәр
тақталарына және осылардың бәрінің қайталанбастығына таңдай қаққан адамзаттың
керемет ләззат сезімдері оның қасынан кете алмай шыр айналып жүре береді. Тек
оның жабық галлереясының айқұш-ұйқыш тіреулерінің астымен өтіп барып, мистикалық
әлеміне, қасиеттіден де асып түсетін қасиетке ие рухани әлеміне енгенде ғана
біз жүз жылдықтардың салқыны денемізді шарпып өткенін сезінеміз.

Иә, Дантенің туындылары біз үшін - өнер, тасқа айналған
ерлікке толы өткен шақ, христиандық орта ғасырдың ғажайып саркофагы, өліге
айналған идеялары мәңгілік құрылыстың іргетасының қызметін атқарып тұрған
пирамидалар сияқты, Парфенон мен Нотр-Дам секілді өнер туындысы. Оның
айналасында жаңа иллюзиялардың, жаңа сөздердің самал желімен толқынданған тірі өмір
қайнап жатыр; бірақ, Данте - осынау ғажайып собор, роман жерінде тұнып қалған ақыл-ой
құдайы - өз ұлылығының асқарында тыныштық тапты. Ол өзінің құдыреттілігінің
саясында асқақтап тұр және сол жерде сая тапқан, бұл тек енді қайталанбайтындарға
ғана бұйыратын жағдай, оның қола қоңырауы біздің сағаттарымызды санап тұрған жоқ,
оның мұнарасының уақыт көрсеткіштері біздің уақытымызды да өлшеп тұрған жоқ. Ол
біз туралы ештеңе де білмейді: біз оның төменіндегі тым алыс, өте алыс тереңдіктерде
жүріп жатырмыз; сондай-ақ, біз де оның өмірінің ең соңғы сөздерін өте аз
білеміз: өйткені ол сөздер заңғар көкке қарата айтылғандықтан, бізге тым шалғай
биіктерден талып естіледі. Оның мызғымас беріктігіне жылдар да шыдас бермей,
шашылып қалып жатыр, небір ұлы сөздер де оның ұлылығының қасында желге ұшып
кетіп жатыр. Тек адамзаттың ұғымындағы мәңгілік қана онымен қатар тұрып, иық теңестіре
алады.

 

                                                                                                                                 1921

[1]
 Ғажайып көркем Сан-Джованниде

[2]
«Жұмақ», 1-ші жыр, 103-106-шы өлең

[3] Қасиетті Рим империясының 1138-1254
жылдар аралығында билік құрған Герман корольдары мен императорларының
династиясы.