ВЕРНУТЬСЯ

    Соғыс жылдарында Қарағанды шахталарында адам мен техника күші жетіспей,
жер астында арбамен көмір
тасуға аттарды да түсірген. Сол аттарды тек бірнеше жылдан
соң ғана жер үстіне шығарған кезде, көздері сол сәтте соқыр болып қалған
деседі.

   Жүрмін көңіл сандығын жиі ақтарып,

Кетем сол бір жылдарға жиі аттанып.

Жаралы өмір ілбиді көз алдымда,

Сықырлаған ескі арба сияқтанып.

Табалайды жауының мазағы оны,

Тарих қалам ала сап жазады оны.

Тұлпарлардың тұяғы дүбірлейді,

Батыс жақтан үреді ажал оғы.

Парақ-жылды өмірден жыртамыз кеп,

Тауысуға жүргендей сылтау іздеп.

Саусақтары қалтырап Қарағанды,

Көмір қазған...өмірді жылтамыз деп.

Ол күндердің есесі ақталар ма,

Кісінесе күңіренер шахталар да,

Қайраңдаған кемедей үміттерді,

Тұлпарлар ғой талмастан тартқан алға.

Құрбандықсыз тіршілік жасара ма?

Кербез Уақыт, сен оны тасалама.

Тамыры соғу үшін шахталардың,

Жанын берген талайлар осы арада.

Тұлпарлар ше, тұлпарлар! Табынарым!

Көздеріңде алаулап лағыл әнің,

Жеңіс деген сөзді естіп келе жаттың,

Төрт жыл жарық көрмеген, жануарым!

Отырамыз кей кезде, өшіп үндер,

сол бір шақты ойлаймыз осы күндер.

Сол жылдары адамдар тарапынан,

Қаталдық  болған еді,...кешіріңдер!

Соңыңнан қалың жұртың шулай ерген,

Шаттықтың тайған шағы ол туған елден.

Батыстан анталаған қалың жауға,

Қатал жауап айтуға тура келген.

Ұқтым сонда сен үшін зейнет жоғын,

Тілің де жоқ, кетер ең сөйлеп, торым!

Құлын даусың тек қана шырқырады,

О, менің көнбіс көлік, бейнетқорым.

Жер үстіне шыққанда, бақ-қанатым,

Алдыңнан шыға келді қап-қара түн.

Қап-қара түнге қарап тұрып қалдың,

Бізде, сірә, дәрмен жоқ ақталатын.

Соның бәрі,

Бәрі де адам үшін,

Жануарм! Жүйрігім! Дала мүсін!

Сенің құйған құрыштай төзімің мен,

Керек болды адамға қара күшің.

Үмітіміз сендер-ді, сенеріміз,

Белгілі болған жауды жеңеріміз.

Тайғанаған тағдырда сүрінбеген,

Солар еді қас тұлпар дегеніңіз.

Жануарым! Жүйрігім! Дала-маңдай!

Жанарыңнан күн нұры тарағандай.

Тұяққа көмір тиіп от ұшқанда,

Төрт тұяққа төрт жұлдыз қадағандай.

Құйрық-жалы - қара зер төгілгендей,

Қасқа маңдай ерекше бөлінгендей.

Алакеуім шахтада маңдайыңнан,

Таң шапағы арайлап көрінгендей.

Өмір атты бәйгеде бұрын шаптың,

Ойнақтап өтті-кетті құлыншақ-күн.

Бір ескерткіш қоюға жарамадық,

Кешіріңдер, адамдар ұмытшақ тым.

Бізді бүгін құшақтап бақ келеді,

өмір-мұхит жылжиды ақ кемелі.

Қырық бірдің қайғылы қырқасынан,

Соқыр ат жетектеген қарт келеді.

Жол беріңдер, көзі бар адамдарым,

Көреді деп ойлаймыз жанар бәрін.

Тұлпарларың жаныңда жүргеніңде,

Жеңісің бар, адамдар, жоқ арманың.

Аспанымда - көгімнің сұңқарлары,

Аңыз оның ерлігі, бұрқанғаны.

...тіршіліктің көзіне үңіледі,

Қырық бірдің жанарсыз тұлпарлары.