ВЕРНУТЬСЯ

    Қалың ойды

қалың шаштай тараймын,

күдiктердi қара түнге қамаймын.

Санадағы жалғыз түйiр үмiттi,

қайта-қайта санаймын.

Таң атады күлiмдей,

Күн батады бiлiнбей.

Шимай-шимай қағаздарды лақтырдым,

Жанып-жанып бiткен ойдың күлiндей.

Жанып бiткен. Қалар емес сонда да.

Ақ қаламым жүгiретiн қолбала.

Қара түндi қағаздайын умаждап,

Отыратын мен ғана.

Түнгi көше қарманып,

өздерiнiң жоқтығына таң қалып.

Бұрылыстарда бұғып тұрған үрейлер,

бiр-бiрiне қарасып.

Көлiктердiң көздерi жүр адасып.

Таң атқанша адасады осылай,

Сосын,сосын таң атады шашырай.

Қараңғылық ерiп кетер

тұрған анау бұрышта.

Мең түспеген ақ қағазды жаттап ап,

Мен де кеттiм жұмысқа.