ВЕРНУТЬСЯ

     Қыраны кетті құзды аңсап,

Қызғанып жұрттан талғамын.

Таулар тұр әне қызғаншақ,

Қойнына тығып орманын.

Қызғанар жетім обаны,

Жел одан қандай тапты бақ?!

Жолдар жүр қорып даланы,

Көрінген жаққа шапқылап

Менде де болған қызғаныш,

Тентек бір сезім түзіліп.

Сағыныш деген түзде алыс,

Іздерім жатыр үзіліп.

Қызғанбас,

Сүймес жоқ пенде,

Қызғандым мен де,

Сағындым.

Жылдармен ұзап кеткенде,

Оған да бір ем табылдың.

Қызғанбан енді ешкімді,

Бір үзім үміт кімде жоқ.

Арманның бәрі кешкірді,

Ойымда бар да, тілде жоқ.

Жанына оның жүз барғам,

Шаттықтың шалқар кемесі ол.

Бақыт па?

Тіпті оны да енді қызғанбан,

Бәрібір мендік емес ол.

Қызғанбан тауды, қырандар,

Құйындар, қырда билеңдер.

Мендік боп қалған бір ән бар,

Тек қана соған тимеңдер.