ВЕРНУТЬСЯ

    Стефан Цвейг

 

    Құдыреттілікке де соған қандайда бір қатысы бар адамдар сенеді.

 

     Гельдерлин үшін мектеп түрме сияқты болды: ол өзіне мүлдем
жат бұл әлемге әбден берекесі қашып, үреймен келетін. Тюбинген жабық институты
бере алатын барлық сыртқы білімді ол алды: ол көне тілдерді - еврей, грек,
латын тілдерін жетік білді, ол өзінің сыныптастары Гегельмен және Шеллингпен
бірге философиямен барынша терең айналысты; теологиядан алған білімінің
жетістіктері «Ол теологияны жақсы меңгерді. Жақсы дайындалған дұғаны өз
деңгейінде айтып шықты» деген жазулармен куәландырылып, мөр басылып, қол
қойылды. Демек ол жақсы жазылған протестанттық дұғаларды жақсылап оқып шыға
алады деген сөз, священиктің көмекшісі де бола білді. Анасының тілегі
орындалды: оның алдынан зайырлық немесе дін жолындағы лауазымды қызметтерге,
амвонға немесе кафедраға жол ашылды.

Бірақ алғашқы минуттардан бастап-ақ оның діни де, зайырлы да
қызметтерге барғысы келмейді: ол өзінің негізгі атқаруы тиісті аса жоғары
міндетін білетін сияқты. Сыныпта жүрген кездің өзінде-ақ ол дипломында
жазылғандай «көркем әдебиеттің табанды жанашыры» ретінде көзге түсті, ол өлең
жазумен айналысты, алғашқыда элегиялық-еліктеу өлеңдерін, кейін
Клопштоктың  ұшқырлығының ізімен жалынды
өлеңдер жаза бастайды, содан кейін Шиллердің дауылды ырғақтарымен «адамзат
идеалының гимндерін» жазады; алғашқы сенімсіздеу қадаммен «Гиперион» романын
бастайды. Осы асқақ, ғажайып әлемде ғана ол өз стихиясының көріпкелдік рухын
таниды; алғашқы минуттардан бастап-ақ ол табанды түрде өз өмірінің рулін
шексіздікке қарай, ешқашан жете алмайтын және ақыр аяғында өзінің тас-талқаны
шығатын алыс жағаға қарай бұрады. Оны бұл жолдан ешкім де тайдыра алмайды: өзін
өзі бұзып-жарып өтетін қайтпастықпен ол қол бұлғап шақырып тұрған құпия әлемге
қарай жол тартты.

О бастан-ақ Гельдерлин қандай да бір кәсіби жұмысты
атқарудан бас тартады, кез келген іш пыстырар жұмысқа жолағысы келмейді, «өзіне
лайық емес жұмыспен өзін тұншықтырып тастағысы келмейді», азаматтық қызметтің
прозасы мен ішкі қажеттіліктің асқақтығының арасына ең болмаса жіп-жіңішке
көпір тастауды да қаламайды.

Құдай маған сөзді берді, алғыс айтты алап, бау,

Енді менің міндетім сол биіктікті мадақтау, -

деп тәкәппар сөйлеп, дүниені хабардар етеді. Оның өзі
азаттығының аясында тап-таза күйінде, ал өз болмысында бүтін күйінде қалғысы
келді. Ол адамды «тас-талқан» ететін шынайы тіршілікті ұнатпады, ол мәңгі таза
әлемді іздеді, оны ол Шеллимен бірге іздеді.

Тек сезім мен музыка ойнап,

ай сәулесін төгетұғын жәйменен,

тұратұғын қайда әлем? -

 

деп тіл табысуды қажет етпейтін, таза рух күйбең тірлікпен
араласып кетпеген өз стихиясына табан тіреп, өзгермейтін әлемге жалғасатын
ғаламды іздейді. Мұндай фанаттық табандылықта, шынайы өмірдің талаптарын
мойындағысы келмейтін табандылықта Гельдерлиннің асқан ерлігі көрініс береді,
бұл оның өлеңдерінде де дәл осындай деңгейде байқалмайды: ол өзінің осындай
құштарлығын тым ерте түсінді, сондықтан да тіршілікке қажеттінің бәрінен:
үйден, от басынан, қоғамдық ортадағы өз орыныңнан бас тарту керектігін білді.
Ол «ұсақ жүрекпен бақытты болу қиын емес» деп есептейді, ол өз тағдырының
«қуанышқа кенелтпейтінін» де білді. Ол өз өмірінің тек адал жүріп-тұрумен,
мән-мағынасыз өткенін емес, нағыз ақынның нағыз ғұмыры болып өткенін қалайды:
заңғар биіктерге ғана ұмтылып, жүдеу денеде асқақ рухпен, ескі көйлек, аш
құрсақ күйде көзге көрінбейтін алтарьға ол әрі құрбандық, әрі тажал болып
ұмтылды.

            Осындай
ішкі тұтастықта, құпия ұмтылыста өзінің тазалығын сақтай отырып, оған өміріңнің
тек бір бөлшегін ғана емес, күллі өміріңді арнау керектігін түсінді, сөйтіп
талдырмаш қана бозбаланың бар күші тек осы жолға ғана арналды. Егер поэзияға
жүрегің мен рухыңның тек бір ғана бөлшегін және оның өзін аз уақытқа ғана
беретін болсаң, онда шексіздікпен жалғасу мүмкін емес екендігін де білді; егер
кім де кім құдыретті шындықты жарыққа алып шыққысы келсе, оған ол толықтай
берілуі тиіс,өзін өзі соның жолында құрбан етуі керек. Гельдерлиннің ұғымында
поэзия дегніміз - қасиетті іс: қара жер басқаларға қандай нәрсе беріп,
тойындырған болса, шынайы да нағыз ақын соның бәрін де поэзияның жолына құрбан
етуі керек, өйткені құдай осы поэзия арқылы ақынның өзіне жақындауына құқық
берді ғой; стихияға қызмет ететін адам сол стихияның ортасында, күллі әлемнен
құдыретпен бөлініп, жолын жарық ететін қауіптіліктердің ортасында болуы тиіс.
Шексіздікке тек тұтастығыңды сақтай алғанда ғана қол жеткізесің: өзінің
азаттығын бөлшектеп тастағандар тек кішкентай ғана мақсаттарға жете алады.

            Осы жолға
түскен Гельдерлин алғашқы минуттардан бастап-ақ енді өзгертпейтіндей таңдау
жасау қажеттігін сезінді: институтты бітіргенге дейін-ақ ол пастор болмауға,
өзін ешқашан да күнделікті тірлікпен байланыстырмасқа және «қасиетті отты сақтаушы»
ретіндегі арманын мәңгі сақтауға  бел
шешті. Әрине, ол жолды білмейді, бірақ мақсатын білді. Және рухының адам
таңғаларлық айқындығымен, өмірдегі ол ұстантын әлсіз поэицияның барлық
қауіп-қатерін де сезіне жүріп, өзіне өзі құдыретті жұбату сөздерін арнайды:

 

                                               Жер
жүзінің адамдары саған туыс емес пе?

                                               Парка
құлың - асыраушың. Егеспе!

                                               Қаруыңды
таста-дағы белеске,

                                               Ұлы
өмірдің ұлы жолы үстіне,

                                               Үрейіңді
қалдырғын,

                                               Сонда
саған нұры жауар тағдырдың.

 

            Осыдан
кейін Гельдерлин өз тағдырының тартысына бір жола аяқ басады.

            Қандай
жағдайда да бұл өмірде өзінің тұтас, бүтін, таза қалпын сақтаудағы шешімі
арқылы оның өз еркімен таңдаған келешек тағдырының сипаты түсінікті болды.
Қасірет пен ішкі әлеміндегі айқас оның тағдырын жас шағынан-ақ ауырлатты,
дегенмен бұл ақынның тағдырын ауырлатқан мынау дөрекі әлем мен соны жек көріп,
оны өзінің басты қарсыласы ретінде тануы ғана емес еді, ауырлатқан мұның жанына
жақын, мұны жанындай жақсы көретін адамдары болды (ал сезімтал жүрек үшін бұдан
ауыр не бар?). Оның ерлікке толы еркіндігімен өмір мен поэзияны біріктіре
қарауы өзіне ең жақын адамдарының, отбасындағы өзін жақсы көретін, сүйікті
адамдарының қарсылығын туғызды: олар өз анасы мен әжесі еді, ол екеуінің
жандүниесіне ешқашан да жаралағысы келмейтін Гельдерлин үшін бұл тіпті қиын
болды, бірақ, қалай болғанда да, күндердің күнінде бәрібір оларды қатты
ренжітетіні сөзсіз еді.

            Қашан да
адамның қандай да бір аса батыл қадамдарына қатты қарсылық көрсететіндер өзіне
ең жақын, өзін қатты жақсы көретін адамдардың ішінен шығады ғой, мұндай адамдар
шын жүректен жақсылық тілеп, оның бойындағы арман-қиялдың қысым күшін азайтуға
тырысып, жанашырлық сезімінің нәзік демімен «қасиетті от» беріп, сол арқылы
оның өз ошағының басына сыйып отыруына жағдай жасауға тырысады. Осындай
жағдайда өзінің ең басты батыл қадамынан ауытқымай, бірақ оны барынша жұмсартып
атқаруға тырыса жүріп, адал ұл оншақты жыл бойы өзінің жақындарын жұбатып,
тынышытандырумен болады және олардың мұны пастор қызметінде көргісі келетін
армандарын жүзеге асыра алмайтындығына  басын
иіп кешірім сұрады да.

Гельдерлиннің бұл жасырын күресіндегі ең үлкен ерлігі өзінің
бұл қарсыластарына жаны ашып, өзін көп жағдайда үнсіз қалуға көндіруі еді:
өйткені шын мәнісінде оған қанат бітіретін жағдайлар оны шынықтырды да, ол
өзінің ақын екендігін үлкен байсалдылықпен, тіпті ұялшақтап жасырды. Өзінің
өлеңдері туралы ол үнемі мұның «ақындық тәжірибе» ғана екендігі жөнінде,
анасына бұл жолда табысқа жететіндігі жөнінде айтады, бірақ оны сондай бір
сенімділікпен айтпағандығы байқалады. «Мен ақыр түбінде сіздің қалауыңыздан
шығатыныма сенемін» деп жазады ол. Ол ешқашан да өзінің табыстарын айтып
мақтанбаған адам, қашан да өзі туралы енді бастап жүрген ақын сияқты сөйлеп:
«Менің атқарып жүргенім ең қайырымды іс және соның бәрін де аса жоғары деңгейге
сай атқара алсаң, оның күллі адамзат үшін де қайырымды іс екендігіне толық
сенімдімін» деп жазады ол. Бірақ анасы мен әжесі оның бұл сөздерінің арғы
жағынан қоғамда өзіндік орыны да жоқ, басында баспанасы да жоқ, күллі әлемге
жат, бос әурешіліктің соңында сандалып жүрген баланы ғана көреді. Жаңғыз қалған
екі жесір өздерінің Нюртингендегі қоңырайған үйлерінде ешқайда шықпай күн
артынан күн өткізіп жатты, бір үзім нандарының өзін үнемдеп, артық-ауыс көйлек
те кимей, отынға да жұмсамай, талапты баланың оқуына деп ұсақ күміс ақшаларын
жинап жыл артынан жылдарды да өткізіп жатты. Мектептен балаларына мақтау айтқан
хаттарды оқып қуанысып, оның табыстарына және соған қолдау көрестіп отырған
мұғалімдерге риза болып, ал баспасөз беттерінде оның өлеңдері жарық көре қалса,
ерекше мақтаныш сезіміне бөленіп, жүріп жатты. Енді   балалары оқуды бітірген соң, Швабскінің бір
қалашығында викарь қызметіне кірісіп, әдемі, аққұба бір қызға үйленеді, ал бұлар
әрбір жексенбі сайын баласының амвоннан құдайға құлшылық сөзін қалай оқып
тұрғанын тамашалайтын болады.

Бірақ Гельдерлиннің өзі олардың бұл арманының жүзеге
аспайтынын жақсы білді, бірақ ол өзін аялаған алақандардан жұлына қашып шығып
кетпейді де: тек ол жұмсақ түрде және табандылықпен мұндай жағдайларды
болдырмауы тиіс. Олар мұны шексіз жақсы көргендерімен, мұның жұмыс істеп
жарытпайтындығын іштей сезіп жүргендерін Гельдерлин де біліп жүрді, сондықтан да
өзінің негізгі міндетін оларға түсіндіруге тырысып, «өзінің жалқау еместігін,
жұмыссыз болмайтындығын және келешекте де біреудің есебінен күн көруді
қаламайтынын» жазумен болды. Олардың ішкі күдіктеріне жауап ретінде өзінің
атқарып жатқан ісінің қаншалықты маңызды да қайырымды екендігін ерешке бір
салтанатпен айтып жазатын.

 Анасына «Менің сіздерге
деген құрметіме сеніңіздерші, тек мен өмірдегі өзімнің жоспарларым мен
сіздердің тілектеріңізді қалай түйістірсем екен деп, соған ғана алаңдаулымын»
деп жазыпты. Оларға «пастор адамдарға қандай қызмет көрсететін болса, менің
қазіргі жұмысым да адамдарға солай қызмет ету» деп түсіндірді, бірақ оларды ешқашан
да бұл ісіне көндіре алмайтындығын іштей білді де. «Менің табиғатым және менің
дәл қазіргі жағдайым маған: бұл қасарыспа бірбеткейлік емес, - деп тұр. Табиғат
пен тағдыр - бұлар ешқашан да бетін қайтаруға болмайтын біріккен күш» деп
жүрегінің алыс түкпірінен естілген өз ойына құлақ түрді.  Алайда, жаңғызлікті, қартайған аналары оны
мазалауын қоймады: күрсіне жүріп, өздерінің адасып жүрген ұлдарына соған деп сақтаған
аздаған тиын-тебендерін жіберіп, кірін жуып, нәски тоқып береді, ол тоқыманың
ішіне қаншама жасырын көз жасы мен қамқорлық сезімдері бірге тоқылып кетті
десеңші. 

Жылдар өтіп жатты, ал баласы болса, бұлардың ойларынша, әлі
күнге дейін кездейсоқ бір кәсіптен екіншісіне ауысып, жоқ нәрсемен айналысып
жүр, сонда да үміттерін үзбей, сол жұмсақ тілектерімен балаларына қайта-қайта
өз тілектерін айта береді. Олар мұны ақындық жаттығуынан айырайын деп отырған
жоқ, тек сол ақындығын пасторлық жұмыспен ұштастырса болмас па еді? Олар өз
өмірін поэзия мен әлемге қақ бөліп берген Мёрикенің идиллиялық резиньяциасын
көз алдарына елестетеді. Бірақ бұл жерде олар Гельдерлиннің стихиясына қуат
беріп тұрған күшті де қозғап кетті, енді ол өзінің құпия ұстанымын ту етіп
көтеріп шықты. «Менен де күштірек адамдардың талайы коммерциямен айналысып
немесе ғылымның жолында қызмет ете жүріп, ақындықты да тастамай жүрді. Бірақ
ерте ме, кеш пе, ақыры олар солардың біреуін тастауына тура келді, бұл екі
жағдайда да жақсы емес... өйткені қызметін құрбандыққа шалуы - бұл өзіне сенген
адамдарға адал бола алмағандығын, ал өнерді құрбандыққа шалуы - бұл өз
болмысының табиғатына қарсы шығып, құдай бойына берген мақсатты орындамай
күнаға батты, ал бұл үлкен күнә, тіпті өзіңнің дені-қарныңа қарсы шығудан да
асқан күнә» деп жазыпты ол анасына.

Бірақ оның бұл құпия да зор ұстанымы оның ақындық жолында
қандай да бір табысқа жеткізе алаған жоқ: жиырма бес жасында да, отыз жасында
да Гельдерлин -  басқалардың столына
үңіліп, тамақ іздеп жүрген байғұс магистр, кішкентай бала сияқты аналарының
жіберген күртешесі үшін, беторамалы үшін, нәскилері үшін қайта-қайта алғыс
айтып, олардың бұған деген шексіз өкпелерін тыңдап жыл артынан жылдарды өткізіп
жатты.

Ол өз жақындарының өкпелерін жаны ауырып отырып тыңдайды,
қапалана жүріп, аналарына: «Сендерді ренжітпейін-ақ деймін!» деп жазады, жазады
да тағы да мынау қатыгез әлемнің ішіндегі қашан келіп қақса да ашылатын есікті
тағы да қағып тұрады, сөйтеді де «Менің бұл жүрісімді кешіріңдерші!» деп тағы
қайталайды. Ақыр аяғында ол осы табалдырықтың алдына келіп дауыл талқандап,
теңіздің түбіне батып кеткен челноктай әлі құрып құлай кетеді. Оның ғажайып
өмірде өмір сүру құқығын алу үшін жүргізген күресі оның ғұмырын қиып кетті.

            Гельдерлиннің
ерлігінің керемет көркемдігі - оған менмендік те, жеңіске деген сенім де жат.
Ол тек өзінің негізгі міндетін ғана біледі, алыс қиырдан өзін шақырып тұрған
құпия дауысты ғана естиді, ол осы жолдағы зор табысқа емес, өзінің ақындық
болмысына сенеді. Ол соншалықты жасқаншақ, ол өзін ешқашан тағдырдың найзасын
да майыстырып тастайтын батыл  Зигфридтей
сезінбейді, өзін ешқашан да бәрінен асып кеткен жеңімпаз ретінде көрмейді. Өзін
сол жолға арнаған және өмір бойы соның көлеңкесі ретінде сезінуі оның күресінің
асқан қуатынан хабар береді.

Гельдерлиннің поэзияға деген ешбір атауға сыймайтын сенімін
өзінің күш-қуатына эгоистік тұрғыдан сенген ақын өмірінің ең жоғары мәні деп
қарауға болмайды, яғни, өзінің өмірге келгендегі негізгі мақсатына деген
фанатизмі деп қарау қате, ол өзінің бойындағы дарынына баға беруге де тым сараң.
Ницщенің ержүрек, тіпті жанды ауыртар менмендігі бұған мүлдем жат, Ницще өзін
«маған өте көптің керегі жоқ, маған тек біреуі ғана керек, маған ешкімнің де
қажеті жоқ» деген формуланы өзіне девиз етіп алған, мұндай бір сәттік сөздер
оның басын айналдырып, өзінің бойындағы дарындылыққа күдікпен қарауға
итермелеуі де ғажап емес, Шиллердің салқынқандылығы бір ай бойы оның еңсесін
көтертпеді.

Кішкентай бала секілді, мектеп оқушысы сияқты ол ұйқас қуған
Конценің, Нейфердің алдында басын иетін, бірақ жеке басының мұндай
қарапайымдылығының, осындай тым жұмсақтығының 
арғы жағында поэзияға деген шайқалмайтын, құрыштай, өзін құрбандыққа
шала жүріп қызмет етуге дайын ерік-жігер жатты. «Қымбатты досым! - деп жазады
ол досына, - күш қаншалықты зор болса, оның көрініс табуы соншалықты қарапайым
болатындығын бұлар қашан түсінеді және құдыретті нәрселер көзге көрінгенде
қашан да мұңды болып тұрады ғой!»

            Гельдерлиннің
ерлігі әскери адамның ерлігі емес, қара күштің ерлігі емес, оның ерлігі - азап
шегушінің ерлігі, көзге көрінбейтін құндылықтар үшін бейнет шегуге дайын
тұратын ерлік, өзінің сенімі үшін, өзінің идеясы үшін өлімге де баратын
ерлік.    

            «Тағдыр,
сенің дегенің болсыншы!» дейтін ол осы сөздерімен өзі таңдаған тағдырының
алдында басын иеді. Және мен жер бетінде қанға бөкпей, билікке құштарланбай
жасалған мұндай мархаббатты ерлікті бұрын-соңды көрген емеспін, рухтың ең
жоғары ерлігі - бұл күш қолданылмайтын, зорлық-зомбылық жасалмайтын, тек
қайтпайтын ұстанымды мойындаудың және соған өз еркімен бағынудың ерлігі.