ВЕРНУТЬСЯ

    Стефан Цвейг

 

   Қарапайым тіршілік иесінің 

   ерекше жаратылғандарды тани алуы өте қиын

 

«Эмпедоклдің өлімі»

 

Жерді билеп қара суық, көк мұнар,

Жаныңда жеп, жақсылықты жоқ қылар.

Мейірімді құдайлардың күшімен

дәл осындай жігіттер кеп өмірге,

азғын-тозғын өміріңді бақ қылар.

 

«Эмпедоклдің өлімі»

 

            Жаңа он
тоғызыншы ғасыр өзінің бозбала шағын жек көрген еді. Ендігі кезекте оттай
жалындаған ұрпақ келді: олар Еуропаның азып-тозған топырағынан бір мезгілде
жан-жақтан жаңа азаттықтың ақ таңында жалындап әрі батыл түрегелді. Революция
оттары бұл жастық жалынды сергіте оятты да, рухтың мейірімді көктемі, ертеңгі
күнге деген жаңа сенім олардың жандүниесін одан әрі лаулатты. Мүмкін емес деп
жүргеннің бәрі енді тым жақын болып көрінді, жиырма үш жастағы Камилл Демулен
құлашын бір сермеп Бастилияны алғаннан бері, Аррастан шыққан  сұңғақ бойлы адвокат Робеспьер декреттер
дауылымен императорлар мен корольдарды тықсыра жөнелгеннен бері, корсикандық
қарапайым ғана капитан Бонапарт Еуропаны өз қылышымен өз қалауынша бөлшектеп, жарқыраған
әлемдік тәжді  авантюристің қолымен тартып
алып, өзі кигеннен бері әлемнің барша күш-қуаты мен ұлылығын кез келген батыл
адам олжалай алатын болды.

Олардың сағаты, жастықтың сағаты соқты: көктемнің алғашқы
жаңбырынан кейінгі дүркірей көтерілген алғашқы көк құрақтай жастықтың жарқын
өскіндері бірден лап беріп көтерілді. Олар бүкіл елде бір мезгілде жанарларын
жұлдыздарға тіге көтеріліп, жаңа жүз жылдықтың табалдырығынан өздерінің
патшалығына қарай аршындап қадам басты. Оларға он сегізінші ғасыр ойшылдар мен
қарттарға - Вольтерге, Руссоға, Лейбницке, Кантқа, Гайднға, Виландаға - жәй
қозғалатын, шыдамды ұлылар мен ғалымдарға арналған сияқтанды; енді жастық пен
батылдыққа, шыдамсыздық пен құштарлыққа кезек келді. Дауылды толқын көтеріліп
келе жатты: Ренессанс кезеңдерінен бері Еуропа рухтың мұндай деңгейдегі
тап-таза өрлеуін, мұндай керемет ұрпақты көрген емес.

            Алайда жаңа
ғасыр өзінің батыл жастық шағын ұната қоймаыд, ол бұлардың жеңімпаздығынан
қорықты, олардың экзальтацияларының экстатикалық күш-қуатына  бір түрлі сенімсіздікпен, күдіктене қарады.
Сөйтті де өзінің темір шалғысымен өзінің көктемгі өскінін шауып тастай бастады.
Наполеон соғысы ең батылдарды жүз мыңдап алып кетті, он бес  жыл бойы өлім шашқан диірмен барлық елдер мен
ру-тайпалардың ең мейірбанды, ең батыл, жаны қуанышқа құмар ек көңілді жастарын
алып кетті, Францияның, Германияның, Италияның, қар басқан Ресейдің, шөл қысқан
Египеттің кең даласы сол жастардың қанына тұншығып, күп-күрең болып кетті.
Тіпті тек жастардың өзіне ғана емес, жастықтың рухына да оқ жаудырып, өзін өзі
қырғынға ұшыратқан бұл қатыгездік әскерилерді, содаттарды ғана емес, сонымен
бірге осы ғасырдың табалдырығынан аттап, өз ата-аналарының алақанынан енді ғана
шыққан арманшылдар мен әншілерге де ауыз салды: ең қасиеттілердің өзіне де өлім
өз қылышын көтерді. Ешқашан да жаңа жүз жылдықтың таңында дәл осындай қысқа
уақыттың ішінде ақындар мен суретшілердің дәл осындай гекатомбасы осындай
екпінмен келіп жеткен емес, өзінің өмірінің қауіпті сағаты жақындап келе
жатқанын сезбеген Шиллер оларды зор гимнмен қарсы алған еді. Тағдыр ешқашан да
дәл осылай тап-таза күйінде, тым ерте жұлынып түскен жандардың қырманға
үйлігендей үйіндісін көрмеген болар. Құдайлар таққан алтарь ешқашан да дәл
осындай тап-таза қанмен жуылмаған шығар.

            Олардың
өлімдері түрлі-түрлі, бірақ ол барлығына да уақытынан бұрын келген өлім, ішкі
жандүниелері шарықтаудың шыңына жете бергенде алдарынан ажал күтіп тұрды. Ең
алғашқысы - Франция үшін Эллада жаратқан, теоррордың соңғы күймесімен гильтонға
қарай сапар шеккен Андре Шенье, жап-жас Аполлон: тағы бір күн, жаңғыз ғана бір күн
болғанда, сегізінші термидордан тоғызына қараған түні, ол қанды қырғыннан аман
қалып, өзінің тап-таза әуеніне оралар еді. Бірақ бақытсыздық оны да, басқаларды
да аяған жоқ, Гидара секілді зұлымдықпен ол тұтас бір ұрпақты жұтып жіберді.
Бірнеше жүзжылдықтардан соң Англияның маңдайына тағы да бір лирикалық ғұлама берілген
еді, ол - арманшыл, элегиялық бозбала Джон Китс болатын, күллі тұтастықтың
қасиетті хабаршысындай болған, жиырма алты жасқа келген оның да сыңғырлап
тұрған кеудесінен ажал соңғы демді суырып әкетті. Рухани бауыры, табиғаттың өзі
оның керемет құпияларын болжаушы етіп жаратқан жалынды арманшыл Шелли Китстің
табытына басын иіп тұрды; бұл жағдай жанына батқан ол рухани бауырына арнап
жоқтау жырын жырлайды, ақынның ақынға бұрын-соңды арнаған жырларының ішіндегі ең
көркемі болған бұл элегия «Адонаис» деп аталды; бірақ, бір жыл өткен соң мылқау
да мәнсіз дауыл оның өзінің өлі денесін Тирреннің жағалауына қарай лақтырып
тастады. Досы лорд Байрон, Гетенің ең сүйікті ізбасары, оның қайтыс болған
жеріне қарай асығып келе жатты, Патрокл үшін алау жаққан Ахилл сынды ол
оңтүстік теңізінің жағалауында оның рухына бағыштап алаулатып от жақты; жалын
құшағындағы Шеллидің күлі Италия аспанына қарай көтеріліп бара жатты, ал лорд
Байронның өзі болса, екі жылдан кейін Миссолунгиде лихорадкаға күйіп кетті.

Бір он жылдықтың ішінде Англияда да, Францияда да лирикалық
поэзияның ғажайып гүлдері бірінен соң бірі мезгілсіз осылай солып қалды. Германияның
жас ұрпағы үшін де бұл қатал қолдың зұлымдығы одан асып кетпесе, қалыс қалған
жоқ: табиғаттың терең құпияларына көз жеткізген Новалис күңгірт кельеде еріп
кеткен балауыздай мезгілсіз сөнді. Дауылды қызбалық баурап алған Клейст өзін
өзі атып өлтірді; оның соңынан Раймунд азаптап өлтірілді, ал жиырма төрт
жастағы Георг Бюхнерді қояншық ауру жұтып қойды. Аса бай фантазияға ие, керемет
әңгімелер жазған Вильгельм Гауф ғұламалық жасқа жетпей жатып, жиырма беске жете
бергенде молаға кетті, осы жыршылардың барлығының жандүниесін әуенге
айналдырған Шуберт соңғы әнін айтпай тұрып мезгілсіз дүние салды.

Жас ұрпақ аурудың, кісі өлтірудің, өзін өзі өлтірудің
қамшысымен де, уымен де қырылып жатты: мейірбанды меланхолик Леопарди белгісіз
бір аурудың құрбаны болып кете барды; «Норманың» әншісі Беллини енді гүл жайнап
келе жатқан кезінде өлді, «Ресейді оятқан ең жарқын ойлардың иесі» Грибоедовті
бір парсы Тифлисте түйреп өлтірді. Оның табыт-арбасын сол кезде Кавказда жүрген,
Ресейдің енді ғана көтеріліп келе жатқан данышпаны, рухани таңшапағы Александр
Пушкин жол-жөнекей кездестіреді. Бірақ мұның өзіне де мезгілсіз өлген досын
жоқтап жүруге көп уақыт берілмеген екен, аз жыл өткен соң оны дуэльдің оғы
жұлып түсті. Олардың ешқайсысы да қырыққа жеткен жоқ, тек кейбіреулері ғана
отыз жасқа жете алды; осылайша Еуропа бұрын-соңды көріп-білген сыңғырлаған
лирикалық көктемдерінің ішіндегі ең көркемі бір мезгілде жойылды, табиғат
туралы, ғаламның мейірбандығы туралы барлық тілде гимн айтқан жас жігіттердің
осындай қасиетті шоғыры тас-талқан етілді.

Дегенмен, осы уақытта сыйқырланған ормандағы Мерлин тәрізді,
уақыттың есебін білмейтін, жартылай ұмытылған, жартылай аңызға айналған, ақылы
кемелденген Гете Веймарға келіп тұрақтайды, енді тек соның ғана көкірегінен ғажайып
ән естіліп тұрды. Жаңа ұрпақтың бабасы әрі мұрагері, тым ерте кеткендердің
соңынан таңдана көз салып тұрған ол қола урнада сазды жалынын сақтап қалды.

Қасиетті шоғырдың ішіндегі тек біреуі әрі ең тазасы
Гельдерлин ғана күнәлі жердің үстінде ұзағырақ жүрді: тағдыр оның маңдайына ең
бір таңғажайып жағдайды жазыпты. Мұрты енді тебіндеп келе жатқан бала жігіт
неміс жерінде қартайған шағында да сенімді аяқ басып келе жататын болады,
терезенің алдында отырып, өзінің сүйікті аңғары Неккардың бел-белестеріне көз
жүгіртіп отыратын болады, мәңгілік құзар шың болып табылатын «эфирдің әкесіне»
де көз салып отыратын болады, бірақ оның ақылы семіп, оянбастай ұйқымен
тұмшаланған. Тиресияны бағындырғандар сияқты, қызғаншақ құдайлар өзіне қарап
тың тыңдағандары өлтірмеді, тек олардың рухын соқыр қылып тастады. Қасиетті
құрбандық болып саналатын Ифигения сияқты оны азаптаған жоқ, бірақ тұманмен
тұмшалап, рухтың Понтына, сезімнің киммериялық қапасына алып кетті. Оның
сөздері ештеңені сіңіре алмайды, оның жаны қараңғы қапасқа қамалған: ол тағы да
оншақты жыл осындай өзі үшін де жоғалған, әлем үшін де жоғалған, мылқау
қалпында, күңгірт санада отырып өмір сүреді, тек ырғақ пен үзік-үзік шыққан
дыбыстардың мылқау толқындары әрең-әрең қимылдайтын аузынан әрең-әрең естілгендей
болады.

Оның айналасында көктем шешек атып, қайтадан солып жатады,
бірақ бұл олардың ешқайсысын да елемейді. Оның айналасында адамдар мерт болып,
адамдар өліп жатыр, ол бұл туралы да білмейді. Шиллер мен Гете, Наполеон мен
Кант - оның жастық шағының құдайлары бұл өмірден баяғыда өтіп кетті, ол түсінде
ғана көретін Германияны гүрсілдеген темір жол олай да бұлай кесіп өтіп жатыр,
қалалар бір жұдырыққа сыйғандай болып қысылып, небір елдер қара жердің бетінен
жоқ болып кетіп жатыр - бұлардың ешқайсысы да оның ойлауды тоқтатқан жүрегін
селт еткізбейді. Бір кездері керемет көркемдігінің қазіргі елесіндей ғана болып
оның қалың  шашы да бірте-бірте ағара
бастайды; Тюбенген көшесімен ол келе жатады, ойын балалар да, шат-шадыман
күлетін студенттер де оның тірі өлік сияқтанған бет әлпетінің трагедиялық
маскасының арғы жағында қандай асқақ рух жатқанын білмейді де, бүкіл тіршілік
иелерінің бәрі де мұны ұмытып кеткен.

Бірде жаңа жүз жылдықтың орта тұсында Беттина оның әлі де
қарапайым ғана ағаш ұстасының үйінде «жыланша бауырмен жорғалап» өмір сүріп
жатқандығын естіп, Аида патшалығынан келген адамды көргендей шошып кетті,
өйткені оның образы бұл дәуірге соншалықты жат еді, оның есімі осылайша тағы да
бір естілді де тынды, сөйтіп оның ұлылығы да жоғалды. Ал ол бір күні тып-тыныш
қана өліп кеткенде, ешкімге естілмеген бұл өлімнің хабары неміс әлемінде
естілмеді де, күзгі жапырақтың үнсіз ғана жерге құлағанындай болды. Бейітшілер
оны үстіндегі киімімен көрге салды, мыңдаған бет болатын оның жазған қағаздары
жоғалып, кейбіреулері кітапханалардың шаң басқан сөрелерінде ондаған жылдар
бойы жата береді. Осылайша, қасиетті шоғырдың бұл ең соңғысы тұтас бір ұрпақтың
назарына ілікпей, оқылымастан, естілместен, белгісіз күйінде қала берді.

Жер қойнауында қалған грек статуясы сияқты Гельдерлиннің
рухани бейнесі де бірнеше ондаған жылдар бойына белгісіздіктің күлінде жата
береді. Бірақ, күңгірттіктің бетіндегі жамылғы мейірімді қолдармен сыпырылған
кезде жаңа ұрпақ мәрмәрден қашалған бозбала образының тап-таза  лебін сезеді. Неміс эллиндігінің соңғы
эфебасының кескіні осы заманмен үндесіп шыға келеді, сөйтіп, оның ақындық
көкірегі қайтадан гүл атты. Көктемдердің барлығы да оның образында мызғымастай,
мәңгіліктігімен орын тепкен.  Енді ол
қараңғы түнектен шығып, өзінің құпия отанынан келе жатқандай сәуле шашып,
жарқыраған келбетімен біздің дәуірімізге еніп келе жатыр.