ВЕРНУТЬСЯ

    Стефан Цвейг

 

   Түсінбедім адамдардың тілін мен,

   Мені өсірген - мейірімді құдайлар.

 

            Гельдерлиннің
жас кезінен сақталып қалған жаңғыз ғана портретінде оның кескіні ауыр
бұлттардың арасынан көрініп қалатын күн сәулесі сияқтанып тұр: бозбалаға тән
сұңғақ бой, сап-сары бұйра шаштары артқа тасталған, маңдайы таңғы сәуледей ашық
екен. Еріндері де нәзік, жұп-жұмсақ екі бетіне дәл қазір қан ойнап шыға келетін
секілді, қара қастарының әдемі иінінде орналасқан көздері жалт-жұлт етіп тұр;
оның осы нәп-нәзік сипатында қаталдық пен қайтпастықтан хабар беріп, жасырын
тұрған еш нәрсе жоқ, керісінеше қыз баладай ұялшақтық пен сезімнің ішкі
нәзіктігі байқалады.

Шиллер оны бір көргенде «тәрбиелі және мейірімді» деп баға
берген еді және бұл байсалды бозбаланы протестанттық магистрдің сықиған киімін
киіп, монастырдың дәлізінде бүрмелі ақ жағалы, жеңсіз қара көйлекпен қалың
ойдың құшағында әрі-бері сенделіп жүргенін елестету де қиын емес. Ол музыкантты
еске түсіреді, тіпті оны жас Моцарттың портретіне де ұқсайтын тұстарын тауып
алуға болады, оны мектептес жолдастары осылай кескіндеуді ұнататын.  «Ол скрипкада ойнайтын, бет-әлпетінің
дұп-дұрыс кескіні, жұмсақ көзқарасы, сымбатты бойы, ұқыпты да тап-таза
киімдері, оның бүкіл болмысынан әлдеқандай бір жоғарымен байланысы сезіліп
тұратындығы менің есімде мәңгілікке қалып қойды». Оның мына нәзік езуінен өткір
сөздердің де шығатындығына, арманшыл жанарынан лас ниеттің, мейірбандықпен
асқақтап тұратын бойынан аласа ойлардың шығатынына сенгің келмейді, сондай-ақ
осы кескіннің аристократтыққа тән жұмсақ байсалдылығы мен көңілділікті де бір
адамның бойына сыйғызу қиын, оны жолдастары осындай томаға, өзінің ішіне өзі түсіп
кеткен, меңіреу тұйық күйінде суреттейді: ол ешқашан да қоғаммен араласпайды да
бірікпейді, тек өз достарының арасында ғана Оссианның, Клопштоктың, Шиллердің
өлеңдерін оқиды немесе өзінің арманшыл экстазын музыкамен басып, тыныштандырады.

Менменсінбесе де, ол басқаларды өзінен алшақ ұстайтын:  қатал да сымбатты ол басқаның көзіне
көрінбейтін, бір биікпен кездесуге келе жатқандай қалыпты жүріп бара жататын,
«залдан Аполлон өтіп бара жатқандай» әсер беретін. Өнерге тым алыс, қарапайым
пастордың ұлы және болашақ пастор жазған бұл сөздердегі Гельдерлиннің образы
Элладаны, оның шынайы отанын еске түсіреді.

            Бірақ тек
бір сәтке ғана, рухани жандүниенің сәулесімен өз тағдырының мұнарынан шығып,
бұл образ, құдыретті кескін құдыретті кеңістіктен айқын байқалып қалғандай.
Оның есейген шағындағы портреті бізге жеткен жоқ: шамасы тағдыр бізге
Гельдерлиннің өмірінің тек ерте кезін көрсетіп, оның бозбала шағындағы мәңгі
жас бейнесін ғана көруімізді қалаған болар, сосын, жарты ғасыр өткен соң, кеуіп
қалған, ақыл-есі тұрғысынан қайтадан балаға айналаған кәрі адамды ғана көріп,
бірақ, оның ақыл тоқтатқан, толысқан кезін қалай да көрсетпеуді серт еткендей.

Оның жастық шағы мен кәрілігінің ортасы құпия және күңгірт;
тек ауызша жеткен  естеліктерге қарап,
оның қыз баланың бетіндей келбетін сәулелендіріп тұратын көз жанарының көгілдір
жалтының, жастықпен жалындап тұрған болмысының бірте-бірте сөнгенін жобалаймыз.
Шиллерді толқытқан оның «мейірімділігі» айрықша мазасыздыққа ұласып, өткірлігі
адамдар алдындағы мизантроптық үрейге айналады: үй оқытушысының тозығы жеткен
сюртугін киіп, столдың шетінде, ливрея киген көшірдің қасында жүріп, ол жәдігөй
әрі жалтақ әдеттерге де үйренді: үркек, әбден үрейленген, бейнет көрген,  жандүниесінің қуатынан азапқа түскен ол өзінің
ішкі ырғақтың қанатында бұлттардың үстімен кетіп бара жатқандай көрінетін еркін
де салтанатты жүрісінен де айырылып, тіпті ішкі әлемінің тепе-теңдігін де
жоғалтты.

Гельдерлин әлі жас бола тұра, ешкімге сенбейтін әрі сәл
нәрсеге ашуланып қалатын жағдайға жетті, тіпті «жәй ғана айтыла салған, мәні де
шамалы сөздердің өзінен оның қаны қайнап шыға келетін» болды, оның жағдайының
қос мәнділігі өзінің өзіне деген сенімін де жоғалтып, тез жараланып қалғыш,
қуаты да шамалы менмендігі кеудесіне тереңдеп еніп кеткен ызақорлық пен
бірбеткейліктің қойыртпағына ұласты. Енді ол өзінің ішкі кейпін өзі қызмет
етуге мәжбүр болған рухтың дөрекі құртынан жасырып жүруді үйренеді, сөйтіп бұл
жалтақ маскасы бірте-бірте оның болмысы мен қанына сіңді.

Кез келген құштарлық сияқты тек есінен адасқандық қана
жандүниенің түкпірінде жасырулы жатқандардың барлығын жарыққа алып шығады, ішкі
бетперденің арғы жағын ашып көрсетеді: өзінің ішкі әлемін жасырып тұрған
жәдігөйлігі өзін өзі төмендетудің жанды ауыртар әдетіне, адамды сезіктендірер
жалтақтығына, кез келген адамның алдында «Ұлы мәртебелім!» деп қайта-қайта тізе
бүгіп, төменшіктеп иіле беретін бейшаралыққа айналды. Сөйтіп оның бет әлпеті
бірте-бірте шаршау тартып,  есі
кіресілі-шығасылы адамның өңіндей ешқандай мән-мағынасыз, дабдыраған қалыпқа
түсті; бір кездері биіктерге көз салып тұратын арманшыл жанары бозарып, сөніп
бара жатқан жалындай көмескі тартты; бірақ анда-санда қабағының астынан
жандүниесін басып тұрған айқын да отты найзағай жарқ ете қалады.

 Енді бір кездері
сымбатты болған денесі де бүкірейіп, сұп-суық символға айналып, бас сүйегінің
салмағын ауырсынғандай, алға қарай еңкейіп келе жататын болды, ал елу жыл өткен
соң, яғни, бозбала шағындағы портреттен соң жарты ғасыр өткенде қарындашпен
салынған сурет бізге тағы да жас жігіттің кескінін көрсетіп тұр, біз мына
суреттен аузында бір тісі жоқ, ап-арық шалға айналған бір кездегі Гельдерлинді
зорға танып, шошып кетеміз, таяққа сүйеніп тұрып, қолын жоғары қарай
салтанатпен көтеріп, ол бос кеңістікке, ештеңені сезбейтін әлемге қарап өлең
оқып тұр. Бет әлпетінің табиғи сипаты ғана оның бұзылып кеткен ішкі әлемін
жеңіп, маңдайы құлап түскен рухын жасырып, мейірбанды кеңдігін сақтап қалған:
тас мүсін сияқтанып ол қап-қалың әрі ұйпа-тұйпа шашының астынан ағараңдап
көрініп, өзінің тап-таза қалпын әйгілеп тұр. Сирек те болса келіп-кетіп
жатқандар Скарданеллидің мөлдір маскасына үрейлене қарап, оның арғы жағынан рок
елшісін тануға тырысып, құпия күштер қуатының көркемдігіне әрі қауіптілігіне
таңданады.

Бірақ, өкінішті! «Енді ол жоқ, ол тым алыста». Енді
Гельдерлиннің көлеңкесі ғана тағы да қырық жыл бойы қара жердің бетінде
адасумен болады: ал ақынды мәңгі жас кейпінде құдайлар алып кеткен. Басқа
әлемнен оның тап-таза, қартаймайтын сұлулығы сәуле шашып тұр: ол оның көркем
жырларының мызығымайтын айнасынан көрініп тұр.