ВЕРНУТЬСЯ

    Жел келеді жібек түнді кимелей,

Ай - аспанға таққан алтын түймедей.

Жылт-жылт етіп жылға ағып барады,

 Ертегіден түсіп қалған инедей.

Бар әлемнің бар қызығы тең келмес,

Жастық шағың -

Бір қонуға келген көш.

Жастық кетті.

Кетті міне тағы да,

Бір күнімді бөліп ішіп таң мен кеш.

Сары дала құс даусымен түрленіп,

Тәтті өлеңдер жанға қонып,

Тілде еріп,

Сенім, шіркін,

Сексеуілдей қатайып,

Қара тастар ойлануды үйреніп.

Елді оятып жүрсе дедім тұмас леп,

Шартараптың бар назарын бұрса бек.

Шыбық ектім тақыр жерді оятып,

Ақыл-ойда орман шулап тұрса деп.