ВЕРНУТЬСЯ

    Стефан Цвейг

 

   Сен өзіңнің нені ойлап мұңданатыныңды білесің бе?

   Ол уақыт кеткелі бері қаншама уақыт өтті, 

   сен оны дәл айта да алмайсың,

   бұл өзі қашан болып еді, 

   бірақ, әйтеуір, ондай кездің болғаны анық,

   ол қазір де бар, ол кез сенің өзіңде. 

   Енді сен бұдан да бақыттырақ уақытты, 

   бұдан да керемет әлем болса деп тілеп жүрсің.

 

   Диотима Гиперионға

 

   «Гиперион» - бұл Гельдерлиннің о дүние туралы балалық түс
көруі,  көзге көрінбейтін
құдайлардың  жердегі мекені туралы
арманмен қорғалып тұратын түсі, ол шынайы өмір үшін ешқашан да сол түс көріп
жатқан қалпынан оянуды қаламас еді.

«Мен тек алдын ала сезіп жүрмін, бірақ әлі таба алғаным жоқ»
 деп жазыпты ол бұл шығарманың ең алғашқы
бетіне: ешқандай тәжірибесі де жоқ, әлемді де білмей тұрып, тіпті көркем
форманы да білмей ерекше шабытқа кірген ақын өмірді өзі әлі бастамай тұрып, оны
көркем әдебиетте ойлап табуға кірісті; басқа романтиктердің романдары сияқты,
мысалы, Гейнзенің «Ардингелло», Тиктің «Штренбальду», Новалистің «Офтердинген»
атты романдары сияқты, мұның «Гиперионы» да ешқандай өмір тәжірибесіне
сүйенбей, керісінше, тәжірибеден бұрын жүрді: мұнда бәрі де ойдан шығарылған,
тек поэзия ғана бар, шынайы өмірдің орынына күллі әлемді кескіндеп, содан қашу
ғана бар, шабыт құшағында айғыз-айғыз жазылып тасталған парақтарда немістің жас
идеалистерінің жаңа ғасырдың басында 
шынайы өмірдің қаскөйлігінен қашқандығы баяндалады, ал бұл кезде Рейннің
арғы бетінде француз идеалистері алдыңғы буындағы Жан-Жак Руссоның идеясын
әлдеқайда дұрыс түсіндіріп жатты.

Олар жақсы өмір туралы шексіз арманда жүре беруден шаршады,
жер бетіндегі тіршілікті поэзиямен емес, іспен және күшпен жаңартуды ойлап
жүрген еді; Робеспьер өзінің өлеңдерін жойып жіберді, Марат өзінің
сентиментальды романдарын, Демулен поэтикалық тәжірибесін, Наполеон «Вертер»
рухындағы повесін жойды; олар әлемді өз идеалдарына сәйкес жаңартуды қолға
алды, бұл кезде немістер әдемі музыка мен көркемдіктің қиял қанатында жүрген
еді. Олар романдарды өз сезімдерінің түс жору кітапшасына немесе күнделіктеріне
балады, ұзын-сонар шығармаларында жаңа ғана бүр ашқан сезімдерін жеңіл тұманға
орап жеткізіп, ақыр аяғында ойдан шығарған дүниелері шынайы өмірді олардың
көздерінен тасалап тастады.

Олар сезімнің соңында жүре беруді армандайды, рухани енжарлықтың
мейірбанды алақанында рахатқа бөленді: бұл бір жағынан Жан-Польдың триумфы
болды, сонымен бірге бұл шектен шыққан сентиментальды, поэзия деуден гөрі
музыкалы деуге келіңкірейтін, ширыққан сезім шектерінің бәрін де суырып
салмалықпен айтып, үмітке толы жандүниені 
әлемдік әуенмен ұштастырып жатқан романның ақыры да болды.

Осы жанды тербейтін, таза, құдыретті де аңғал
антиромандардың - осы сөзім үшін кешірім өтінемін -  ішінен Гельдерлиннің «Гиперионы» - ең тазасы,
жанды тебірендіретіні және ең аңғалы. Мұнда аңқау қиялшылдың  шарасыздығы да, ұлы адамның айналасын шуға
толтырып самғауы да бар, оның ойдан шығарылғандығынан кей тұстары пародия
сияқты әсер етеді, бірақ мұнда шексіздіктің арасынан жігерлі марштың салтанатты
ритмі де естіліп тұрады; бұл әсерлі кітаптың ішіндегі сәтсіз шыққан, піспеген,
ақылға сыйымсыз болып тұрған тұстардың бәрін бірден санамалап шығу мүмкін де емес.
Бірақ Гельдерлин дарындылығының түбірлі ерекшеліктеріне байланысты
сәтсіздіктердің болмай қоймайтындығын да (Гельдерлиннің алдында бас
иетіндердің, Гетедегі сияқты, оның сәтсіздіктерінің өзінен де ұлылық көргісі
келетіндерге қарсы) жігерлілікпен мойындауымыз керек. Ең алдымен, бұл - өмір
туралы кітап емес. Адамдар арасынан шеттеп қалған Гельдерлин образдарды
сомдағанда, адам психологиясын кескіндеуге қабілетсіз болды және сол қалпында
қалды.

 

                                   «Өзімді
де білмеймін мен, достым-ау,

Мен білмеймін күллі адамдарды да», -

 

деп ол өзі туралы көрегендікпен айтты; автор «Гиперионда»
адамдарға ешқашан назар салып көрмеген бұл адамдардың образдарын жасауға
талпыныс жасайды, болып жатқан бір жағдайларды суреттеп, өзі көрмеген
(соғысты), өзі ешқашан барып көрмеген ел (Грецияны), дәуір (өзі өмір сүре   алмаған) туралы баяндайды. Осылайша, қиял
көзінің көргіштігі жағынан ерекшеленетін ол шынайы өмірді кескіндеудегі
кемшілігінің орынын толтыру үшін басқа кітаптардан көшіріп алуына тура келді,
әрине, Гельдерлинге бұл жарасымды емес еді. Кісі есімдері де басқа романдардан
алына салынған, грек даласының табиғат көріністері Чендлердің жолсапарлық
дәптерінен алынған, кейбір жағдайлар мен образдарды ол сол кездегі
шығармалардан мектептің оқушысы сияқты көшіріп ала салған, фабула толған
реминсценция, эпистолялық формасы да еліктеудің деңгейінде ғана, оның
поэтикалық формамен жазғандары да осындай жағдайда, философиялық мазмұны да
кітаптардан және өзара әңгімелерден көшірілген.

«Гиперионда» - шындықты неге айтпасқа -  ештеңе де Гельдерлиндікі емес, тек ең
негізгілері ғана оның өзінікі, яғни, сезімнің бұрын-соңды болмаған ұшқырлығы,
шексіздікті қарсы алуға асқақтай көтеріліп, толқындана тулаған ырғақ пен сөз.
Бұл роман ең мықтағанда музыка ретінде ғана құнды бола алады.

            Жер
бетіндегі шындықтың бұзылып жатқандығын, образдардың жұтаңдығы мен аморфтығын
ұқыптап тұрып жасыру үшін  философиялық
романдар қатарына қоспаққа итермеленіп жүрген бұл әлемдік қиялшылдық кітабының ол
деңгейге тек образдық қана емес, ойлылық күші де жетпейді. Эрнст Кассирер өткір
ойлылықпен және ерекше ықыласпен «Гиперионның» әуенді конгломератын канттық,
шиллерлік, шеллингтік және гегельдік философияның элементтеріне бөліп тұрып
көрсетті, алайда, меніңше, ол мұны бекер жасады, өйткені Гельдерлиннің көру
ерекшелігін қандай да бір философиямен байланыстыруға келмейді. Оның тәртіпке
бағынбай, секіріп, шауып жүруге бейім, қандай да бір әдістемеліктен тыс
рухтағы, тұтасымен интуицияға, ашықтыққа ғана құрылған пификалық ойлылығының
ешқашан да бір жүйеге ие болуы мүмкін емес, яғни, архитектоникалық байланысқан,
логикалық қатарлармен бір-біріне кіріктірілген ойлар мұнда жоқ; мұнда Клейсттің
«сезім дүрбелеңіне» қарама-қасы тұрған «идеялардың дүрбелеңі», Гельдерлинге тән
кейбір ойлардың бір-біріне байланыссыз болуы, ойды байланыстыру қабілетінен бір
жола айрылуы (оның ауруы) ғана бар. Бір нәрсеге бар назарын аудара алмайтын,
тез лап ете қалатын, ерекше әсерленгіш рухы оның шабытының жарылғыш бөшкесіне
түсіп кеткен кез келген ұшқыннан лаулай жөнелуге дайын еді: сондықтан да
философия оған тек поэзияға қолдануға болатын болғандықтан ғана қажет болды.

Идея тек шабыт беретін, ішкі қиялдың баллистикалық қисық
ұшуына мүмкіндік беретін жағдай ретінде ғана құнды болды. Бірақ рухани күші тек
заттардың «мейірбандылықпен сәулеленуіне» бағытталған Гельдерлин теориялық
жалпақшешейлікке және немістің қулықпен қиюластырылған профессорлық
философиясына ешқашан да терең ризашылықпен қараған емес. Егер де анда-санда
одан кездейсоқ бір импульстарды алған болса, ол оны экстаз бен ырғаққа
айналдырып, қашан да басқаша түрге енгізді: кезінде Вагнер «Тристанға» арнап
жазған увертюрасында немесе «Мейстерзингердің» үшінші актісінің кіріспесінде
Шопенгауэр философиясын музыка мен эмоциаға толтырып, қайтадан балқытқаны
сияқты, Гельдерлин де өзінің достары Гегель мен Шеллингтің сөздерін қайтадан
балқытты. Оның ойлау үдерісі - жеке адамның толғанысының әлемдік сезімге
қайтадан өтуі ғана: мысалы флейтаға, тростникке адам көкірегінің демі қажет,
сол арқылы ол дыбысқа айналып, әлемдік біртұтастыққа қайтып айналып келеді.

            «Гиперион»
идеясының барлығы жаңғақтың қабығына сиятындай ғана: азан-қазан болған
лирикалық ағымнын тек жаңғыз ғана ой түйіні шығады және бұл ой түйіні, тағы да
бұрынғыша, Гельдерлиннің күллі болмысында бар, ол оның қарабайыр әрі лас, құны
да жоқ сыртқы ортамен ішкі, таза әлемінің үйлесімділік таба алмайтын сезімі,
өмірдің дуалистік сәйкессіздігі. Екі әлемді, яғни, сыртықы және ішкі әлемді бір
арнаға құйып, бірлік пен тазалықтың жоғары формасына келтіріп, жер бетінде
«сұлулық теократиясын» орнатып, «күллібірлікті» жасау - жеке тұлға мен барша
адамзаттың ең жоғары міндеті осы.

«Қасиетті табиғат, менің ішімде тек сен ғанасың, менің
сыртымдағы да тек сен ғана және менің сыртымдағыны менің ішімдегі құдыретті
бастаумен ұштастыру соншалықты қиын еместігіне де дау жоқ» дейді біртұтастықтың
осындай асқақ дінін насихаттаушы қиялшыл бозбала Гиперион. Мұнда Шеллингтің тек
сөз жүзінде ғана жүретін суық еркіндігі жоқ, ал табиғатпен стихиялы ұштасу
туралы Шеллидің жалынды еркіндігі немесе Новалистің әлем мен «мен» арасындағы
жұқа пердені алып тастап, марғау көңілмен табиғаттың ыстық денесіне еніп кетуді
армандайтын ұмтылыса да жоқ. Өмірді күллібірлікке жеткізудегі және жандүниенің
күллітазаруындағы еркіндік жайлы Гельдерлиннің идеясы жаңа әрі өзінше бөлек
және ол тек адамзат өзі де білмей әлеммен жаратылыс берген үйлесімділікпен,
ғажайып ғасырдың қайтып оралатындығына деген сенімділікпен өмір сүрген ғажайып
ғасыр туралы аңыз ғана. Бір замандарда құдайлар адамға берген, ал адамдар оны
мәнсіз-мағынасыздыққа айналдырған еді, ол ғажайып өмір асқақ рух пен асқақ
көңілдің сан ғасырлық бірлігі болған жағдайда, қайтадан қайтып келеді.
«Халықтар тарихы балалық үйлесімділік арқылы басталған болатын, енді рухтың
үйлесімділігі әлемнің жаңа тарихының бастауы болады. Тек сұлулық қана болады,
адам мен табиғат бәрін теңдестіретін құдыреттіліктің алақанында бірігеді».

Гельдерлин өзінің адам таңғаларлық пайғамбарлығын
жалғастырып, адамда қандай да бір шынайы жағдайға негізделмеген қиялдың
болмайтындығын баяндайды. «Идеал дегеніміз - бір кездері табиғи түрде болған
жағдай» дейді. Біз  ғажайып ғасырдың
тезірек келуін армандаймыз, демек, ондай ғасыр бір кездері болған. Біз оны
аңсап жүрміз, демек адамзаттың еркі оны ақыры болдырады. Тарихи Элладаның
қасынан біз жаңа Элладаны, рух Элладасын тұрғызуымыз керек; Гельдерлин, яғни,
осы арманның неміс топырағындағы таңдаулы жолбасшысы өз поэзиясында осы жаңа
отанды сомдап шыққан.

            Енді, міне,
Гельдерлиннің жас жаршысы ретіндегі Гиперион сол «ғажайып әлемді» жер-көктен
іздеп жүр: оның алдынан қиялдар патшалығы ертерек көрінсін деп ақын шығыс
елдерінің теңіздерін сондай әлемнің отаны деп көрсетті. Гиперионның ең басты
идеалы (ол Гельдерлиннің өзінің жарқыраған көлеңкесі ғой) - барлығын
біріктірудің бастауы болып табылатын - табиғат еді; бірақ ол тумысынан берілген
меланхолиясын мәңгі ізденісте жүрген адамның өмір жолына шашып жіберуге шамасы
жетпейді, өйткені бұл өзімен тұтасып жатыр және ол быт-шыт болып шашылып кеткен
рухтың қолы жететін жерде емес. Ол достықта да бірігудің жолын іздейді, бірақ
бұл да оның жүрегінің шексіз кеңістігін толтыра алмайды. Мұндай ғажайып
байланысты махаббат бере алатын сияқты, бірақ Диотима мұның өмірінен кетіп
қалды да, онымен бірге енді ғана басталып келе жатқан ғажайып түсі де өшіп
қалды. Енді еркіндік үшін күрестің батыры ғана қалды, бір бұл идеалдың өзі де
шынайы өмірдің соққысына ұшырап, талқан болды, өйткені шын мәнісінде, соғыс
дегеніміз ұрлық, кісі өлтіру және жабайылық. Енді қайғы-мұңның құшағындағы
пилигрим өз бағытын құдайлардың ежелгі отанына қарай бұрады, бірақ Греция қазір
баяғы Эллада емес еді, мұндағы құдайды ұмытқандардың тобыры мұны мазақ етті.
Осылайша қиялшыл Гипероин еш жерден тұтастықты да, үйлесімділікті де таба
алмай, үмітсіздіктің сұмдығын бастан кешіреді; ол бұл өмірге тым ерте келіпті
немесе тым кеш келген; ол өз ғасырының «сауықпайтындығына» көз жеткізді. Әлем
сатқын және тас-талқан.

 

                                   Рухтың күні -
көркем әлем-ді - мәңгіге енді жабылды,

                                   Сұп-суық
түнде дауылдар ғана дауласа жүріп сабылды 

 

            Енді
Гельдерлин өзінің ызасына ерік беріп, Гиперионды Германияғы қарай қуғанда, ол
бұл жақтан әр индивидті бір-бірінен айырған, өмірдің қасиетті тұтастығын жойған
жамандыққа тап болады, сол кезде Гиперионның қауіптен сақтандыра айқай салған
қаһарлы да ызалы дауысы естіледі. Шамасы бұл көріпкел Батыс еліне қандай қауіп
төніп келе жатқандығын сезіп қалған болса керек, ол американизмді,
механизацияны, келе жатқан ғасырдың қатыгездігін байқап қалғандай, ал бұл болса
өзінің жалында армандарын, «сұлулық теократиясын» жүзеге асырмақ болып жүр еді.
Көне дәуірдегі адамдармен және көріпкелдігі бар, әлемдік біртұтастықты аңсаған адаммен
салыстырғанда қазіргі заманда әркім өзімен өзі әлек:

 

                        Әрқайсысы
бір-бір ауыр жұмыспен сабылып,

                        шеберхананың
шу мен шаңына таңылып,

                        өз
өзін ғана естиді мына бел жаздырмайтын жұмыста,

                        қуатты
қолын бір сәтке жазып, алмайды екен тыныс та.

                        Жемісін
бермес Фурии сынды, жұмысқа мәңгі сыйынған,

                        Бақытсыздар
ғой, жұмыс дегенің соларға ғана бұйырған.

           

            Гельдерлиннің  өз заманымен үйлесім таба алмауы оның осы
заманмен жеке-дара күресіне айналды, неміс жерінде жаңа Элладаның бой көтере
алмағандығына ызаланып, дәуірге, өз отанына қарата сөз арнады, жаңа халықтың
ішіндегі құдайға деген сенімділігі ең жоғары адам ретінде ғасырдың сұмдық
жағдайына, өзінің неміс халқына деген махаббатының жараланған, қансыраған,
быт-шыты шыққан қалпымен бұған дейін айтпаған қатал сөздерін арнады. Кім де кім
ізденумен әлемді кезіп кеткен болса, ол көңілі быт-шыт болып, өзінің басқа
дүние туралы идеясына қайтып оралады.  «Мен адам әлемі туралы бұл арманымнан
арылдым».  Бірақ Гиперион қайда қашып
бара жатыр? Роман оған жауап бермепті. Гете өзінің «Вильгельм Мейстерінде»,
«Фаустта» іс-қимыл туралы жауап берді, Новалис: ертегіге, арманға, қасиетті
магияға жауап қайтарды. Үнемі қайыр сұрап жүретін, жасампаздыққа қабілеті
жоқ  Гиперион жауапсыз қалды: ол
уайым-мен қайғының сазды зары сияқты, оның демі кеңістікке барып жоқ болып
кетеді. Оның кіші інісі Эмпедокл өзі барып тығылатын жоғары орынды алдын ала
біліп алған: ол - жасампаз, содан да болар, тіршіліктен қашып, поэзияға барып
тығылды, өмірден қашып, өлімге барып тығылды. Оның өн бойында ұлылықтың жоғары
білімі патшалық құрып тұр, ал Гиперион қиялы тыным бермейтін мәңгі жас жігіт
қалпында қалды, ол бәрін де «тек алдын ала сезеді, бірақ таба алмайды».

«Гиперион» - алдын ала сезудің музыкасы, одан басқа түк те
емес; оны нағыз поэма деп те, әбден жетілген туында деп те айта алмайсың,. Және
қандай да бір филологиялық түйсіксіз-ақ мұнда әр түрлі жылдардың, әр түрлі
сезім-әсерлердің қабат-қабаттары хаотикалық түрде бытысып жатыр, көңілі қалған
адамның, ой-жүйесі қатты соққыға ұшыраған адамның меланхолиясы ауыур мұңмен
аяқталады, ал мұны жап-жас жігіт бір кездері өзінің шабытына өзі мас бола
жүріп, керемет жоспарларымен бастаған еді.

Романның екінші бөлімі күздің шаршаңқы демімен басталады,
экстаздың сыңғырлап тұрған шұғыласы көмескі тартқан, тек төніп келіп қалған
күңгірттіктің ішінен «бір кездері тірі болған ойлардың сынықтарын» әзер деген
тануға болады. Ол идеалына да, тұтастық туралы арманына да  бұл шығармада қол жеткізе алған жоқ, ол тіпті
басқа шығармаларында да қол жеткізе алған жоқ: тағдыр оған осылардың тек
бөлек-бөлек көріністерін ғана жазуды, ұлы істі қолға алып, бірақ оны аяқтамауды
маңдайына жазыпты; ол керемет туындыны аяқтап шыққаннан кейінгі керемет сезімді
ақыры бастан кешіре алмады.

 «Гиперион» - бұл
бозбалалық тәжірибе, үзіліп кеткен ғажайып түс, бірақ оның барлық кемшіліктері
мен жетіспеушіліктері көркем тілдің ырғағында білінбей кетеді, көркем тіл
шабытты тұстарында да, қарабайыр тұстарында да сезімге жақсы әсер беріп
отырады. Неміс прозасында бір сәтке де үзілмейтін дәл осындай қалықтаған,
тап-таза әуенді толқыннан асқан ештеңе жоқ: немістің бір де бір поэтикалық
шығармасында ырғақтың дәл осындай үздіксіздігі, осындай тепе-теңдігін сақтап
қалықтап тұратын әуенділігі кездеспейді. Өйткені Гельдерлин үшін қалықтаған
сөздер оның өзінің табиғи демі болатын, ал музыка - оның болмысының о бастағы
стихиясы: сондықтан да шығармаларының мұндай сипаттары оның әдейі жасағаны
емес, керісінше, табиғи қалпын сақтағандығы, осындай магиясымен ол өзінің әлсіз
тұстарын жауып кетіп отырады. Бұл асқақ та әуенге толып тұрған проза
кеңістіктің бәрін толтырып, бәрінің ішіне еніп, бәрін де қанаттандырып
көрсетеді, ол сенімге сыйымсыз кейіпкерлерінің киімдерін желбіретіп бейнелеп,
олар сол киімдердің ішінде қалықтай жүріп тірілетіндей; ол қарабайыр идеяларға
керемет күш берген кезде, олар айналаны жаңа ашылған көк жүзіндей күркіретіп
жібереді; осы әуенмен шалықтаған, көзге көрінбейтін ландшафтар ұйқыда көріп
жатқан сан бояулы түсің сияқты шешек атады.

Гельдерлиннің ұлылығы қашан да қол жетпес әлемнен, басқа бір
өлшемдерден келеді; ол қашан да қанаттанып жүреді, мұның бәрі бәріне таңғалып,
басын иіп жүретін жүректің ең асқақ аясынан келеді. Өнерде де, өмірде де әлсіз
ол өзінің әуенділігімен және тазалығымен жеңіп шығады.