ВЕРНУТЬСЯ

    Стефан Цвейг

 

    Мен сіздердің мектептеріңізге бармағанымда ғой

«Гиперион»

 

    Гельдерлиннің еркіндікке ұмтылуына түрткі болған ең бірінші
жағдай - оның ерлікке талпынуы еді, өмірден «ұлылықты» табуға деген құштарлығы
еді. Бірақ оны алдымен өзінің жан-жүрегінен таппай тұрып, ол «ұлылықты»,
ақындарды, қасиетті шоғырды көруге шешім қабылдайды. Оның Веймарға келуі де
кездейсоқтық емес: бұл жерде Гете де, Шиллер де, Фихте де бар еді, ал олардың
маңайында күннің айналасындағы сәуле шашып тұрған планеталардай Виланд, Гердер,
Жан-Поль, ағайынды Шлегельдер сияқты неміс мәдениетінің шоқ жұлдыздары
орналасқан. Осындай асқақ атмосферамен тыныс алуға поэтикалық еместің бәрімен
жауласып жүретін Гельдерлиннің жандүниесі құштар еді: ол бұл жерде -  рухтың экклесиясында, поэтикалық аумақта жаңа
Афинаның ауасын бал-шырын жұтқандай жұтып, өз күшін де байқап көреді.

Бірақ ол күрестің бұдан да зорына дайындалуы керек, өйткені
жас Гельдерлин ақыл-ой жағынан да, тіл байлығы жағынан да, өзінің қаншалықты
артта қалғандығын сезінеді, қуатты абстракциялы, ұшқыр ойдың иегерлері Гете мен
Шиллердің күллі әлемді қамтитын біліміндей білім де керек еді. Сондықтан да ол
өзіне жүйелі «білім» керек деген ойға келеді де (немістер қашан да осылай
адасып жүреді), философиядан дәріс алуға «жазылуға» бекінеді. Клейст сияқты бұл
да өзінің экзальтирленген болмысын күшке салып, шабытты шақтарында ғана
сезінетін биіктікті метафизикалық тұрғыдан жіктеуге тырысып, өзінің поэтикалық
ойларын философиялық доктриналармен бекіте түсуге кіріседі.

Гелдерлиннің Кантпен кездесуі және метафизикамен айналысуы
тек Гельдерлин үшін ғана емес, жалпы неміс поэзиясы үшін қаншама зиянды
болғандығын бұған дейін ешкім ашып айтқан жоқ-ау деймін. Әдебиеттің дәстүрлі
тарихы неміс ақындарының өз болмыстарындағы поэтикалық мүмкіндіктерін Канттың
метафизикасымен ұштастырғандығын ұлы жетістікке санай берсін, ал шын мәнісінде бұлары
тым асығыстық болғандығын өздері де байқаған жоқ, бірақ догмалық ақылдылыққа
салынудың поэзияға бұлайша келіп еніп кетуінің қаншалықты қауіпті
болғандығын  көретін көз көре алуы керек
еді. Кант, менің білуімше, классикалық дәуірдің таза шығармашылығын қол-аяғынан
байлап-матап тастады, оны өз ойлау жүйесінің конструктивті шеберлігімен жаншып,
суреткерлерді эстетикалық критицизм жолына итермелеп, олардың ғаламды
шаттық-сезім тұрғысынан қабылдауына, қиялдарының еркін самғауына  өлшеусіз зиянын тигізді. Ол өзінің ықпалына
бағынған әрбір ақынның бойындағы таза поэзияны ұзақ, өте ұзақ уақытқа уақытқа
басып-жаншып тастады және адам кейпіндегі бұл ми, ақыл-ойдың бұл алып мұзы
қиялдың флорасы мен фаунасын қалайша көктете алады? Тірі өлік кейпіндегі бұл
адам, өзінің кескін-келбетін жоғалтқан, өзін автомат-ойға айналдырған, ешқашан
әйел затына жолап көрмеген, өзінің провинциалдық қаласынан ешқашан аттап шығып
көрмеген, елу жыл бойы, жоқ, тіпті жетпіс жыл бойы күн сайын, дәл сол сағатта
өзінің ойлау машинасының дөңгелектері мен шынжыр табанын автоматты түрде іске
қосып, жүргізіп жіберетін бұл адам, осындай айнадай жалтыраған тықыр болмысымен,
қандай да бір шабыттың шалқуын басынан өткеріп көрмеген, тоқырап қалған жүйеге
айналған мұндай ақыл-ой (данышпандық осындай фанатикалық құрылымда болады)
ақынды қайдан шабыттандыра алады, кез келген нәрсені іштей көріп, сезіп, құдыретті
кездейсоқтықтардан қиялымен самғап ұша алатын, санадан тыс аумаққа құштарлана
ұмтылатын ақынды ол қайдан қанаттандыра алады?

Канттың ықпалы олардың ең ілкі, Ренессанстың қуатына
суарылған құштарлықтарын сыпырып алады, сөйтеді де, оларды байқатпай ғана жаңа
гуманизмге, поэзия ғылымына қарай итеріп жібереді. Ал егер де ең жарқын кейіпкерлер
сомдаған Шиллер ақыл-ойды ойнатумен, поэзияны категорияларға, мысалы,
сентиментальды және аңғал деп бөлумен шындап айналысса немесе Гете ағайынды
Шлегельмен классицизм мен романтизм туралы талдауға кіріссе, бұл неміс поэзиясы
үшін ең ұлы қан жоғалту болып табылмай ма?

Философияның көз қарықтырар жарығында ақындар сұп-суық
рационалдық жарқыл шығарып, жүйелі, бұзылмайтын-логикалық ақыл-ойлармен қалай
байсалды бола қалғандарын өздері де байқамай қалады: Гельдерлин Веймарға келген
кезде Шиллер өзінің ерте гүлдеген демондық шабытының көңілді мас қылатын
қуатынан айырылған еді және Гете де (оның дені сау болмысы қандай да бір жүйелі
метафизикаға инстинктивті түрде қарсы болған) өзінің мүдделерін ғылыми
мәселелерге аудара бастады. Олардың ойлары қандай рационалды салада
түйіскені  туралы олардың өзара жазысқан
хаттары бяандайды, бұл хаттар ғаламды ақылмен саралаудың толық куәгерлері;
бірақ бұл хаттар ақындық сырласудан гөрі екі философтың немесе екі эстетиктің
жазысқан хаттарына ұқсайды: Гельдерлин Диоскурамимен кездескен шақта поэзия
Кант деп аталатын жұлдыздар шоғырының магниттік ықпалымен олардың болмысының
орталығынан шетке қарай орын ауыстырған еді.

Классикалық гуманизм дәуірі басталды, бірақ (Италияда болған
жағдайға қарама-қарсы жағдай және қауіпті жағдай) Данте, Петрарка және Бокаччо
сияқты ең қуатты ақындар құрғақ ғылыми әлемнен поэтикалық аяға қашпайды: Гете
мен Шиллер образдардың құдыретті әлемінен эстетика мен ғылымның салқындау
әлеміне ұзақ жылдарға, өкінішке орай, енді қайтып келмейтіндей ұзаққа кетіп
қалды.

Бұларды өздерінің аға буыны санайтын жас ұрпақтың санасында
да аса қауіпті адасулар пайда бола бастады: яғни, олар да «білімді» болу керек,
өзіңді «философиялық қапқа» салу керек деген ұстанымға келе бастады.
Тіршіліктің барлық күйбеңінен періштедей алыста жатқан Новалис, аумалы-төкпелі
Клейст, бұлардың екеуі де сұп-суық, талдамалы-заттық Кантқа және соған ұқсас
көреген философтарға мүлдем қарама-қарсы адамдар еді, оалр да инстинктивті
түрде емес, ұстанған бағыттарына деген сенімсіздіктің әсерімен өздеріне жау
стихияға қарай ұмтылады. Айналып соғып тұратын шабыттың екпінімен өмір сүріп
жатқан, қандай да бір логиканы жат санайтын, қандай да бір жүйелілікке
бағынбайтын, дүниеге деген көзқарасында ешкімге тәуелсіз, сана еркіне
бағынбайтын ақын Гельдерлин өзін абстрактылықтың, интеллектуалдық
категориясының шынжырына апарып байлап қойды: ол өз заманының
эстетикалық-философиялық жаргонымен сөйлеуге міндеттімін деп ойлады, оның Иенде
жүрген кезінде жазған хаттарының бәрі кішкентай бала сияқты философ болуға
деген ниетке, қысқасы, оның терең түсінігіне, шексіз интуициясына қарама-қайшы
келетін схолостикалық ұғымдарға толы. Өйткені Гельдерлинде алогиялық қасиет
басым, яғни, қандай да бір мәселені тереңдеп түсіну оған жат: ақыл-ойы оны бір
ғана сәтке жарқ ете қалатын ұлылықтың отымен нұрландырады, бірақ оны
силлогизммен салыстыруға да болмайды; магиялық хаосы оларды бір-бірімен
байланыстыруға және біріктіруге мүлдем қайшы түсіп жатады. «Жасампаз рух»
туралы айтқанда:

 

Маған тек гүлдер ғана түсінікті, -

Ойларын түсінбедім мен олардың, -

 

Ол өзі келіп, тоқтап тұрған шегін жек көреді: оған тек
қалыптасуды алдын ала сезінуді жеткізуге ғана мүмкіндік берілген, болмыстың
кескіндемелерін, абстракцияларын жүзеге асыруға оның шамасы жетпейді.
Гельдерлиннің ойлары - метеорлар, ғарыштың тастары, олар жерден қазып алған
жұмыр, жан-жағы теп-тегіс етіліп жонылған тас-үйіншек емес; олардан мықты
қабырға тұрғыза да алмайсың (кез келген жүйе - ол қабырға). Олар оның
жандүниесінде қай кезде қай жерге құлап түскен болса, сол жерде ретсіз шашылып
жатыр, оларды бұл белгілі бір қалыпқа келтіріп, қырып-жонып әуре болмайды;
кезінде Гете Байрон туралы «Ол өлең жазған кезде ғана ұлы. Ал сараптап ой
айтпақ болғанда, ол нағыз былдырлаған сәби сияқты» деген сөзі Гельдерлинге
әлдеқайда дәл келер еді. Алайда осы былдырлаған сәби Веймарда мектептің
партасына, Фихтенің кафедрасының, Канттың кафедрасының алдына келіп отырып,
доктриналармен өзінің басын қатыра бастаған кезде Шиллер оған «Мүмкіндігінше
филсофиялық материялардан қашуға тырысыңдар, бұлар - ең бір жағымсыз
тақырыптар..., одан да мына сезілетін әлемге жақынырақ болыңдар, сонда сендер
шабыт келгенге дейін сергектіктеріңді жоғалтып алмайсыңдар»  деп ескерту жасауға мәжбүр болған.

Гельдерлин логиканың шым-шытырық жолы оған сергу қаупін
төндіріп, кедергі келтіретіндігін тым кеш байқайды: оның болмысының сезімтал
барометрі, поэтикадағы өнімділігі әлсіреп, мұның өзі ғарышта ұшып жүреуге
тиісті оның атмосфераға тап болғандығын, ал бұл оның сезімталдығына аса қауіпті
екендігін ескертіп тұрды. Тек сонда ғана ол жүйелі философияны құлаштай
лақтырып жіберіп: «Табанды оқуды қажет ететін философияны зерттегенде, оған
көбірек берілген сайын адамды бұрынғыдан да өткен қаталдық пен құштарлық билеп
кететіндігін мен біраз уақытқа дейін түсінбедім. Ал енді қазір мұндай
сабақтардың мені өзімнің табиғи болмысымнан алып қаша бастағандығын түсіндіре
аламын» деп жазды.

Ол өмірінде бірінші рет өзінінің поэзияның қызғанышты
билігінде екендігін сезінді, ол қызғанышты билік мәңгілік арман құшағындағы
мұның таза ақыл-ойға да, сезілетін әлемге де толықтай берілуіне жол бермейді
екен. Оның болмысы жоғарғы стихия мен төменгі стихияның ортасында қалықтап ұшып
жүруді талап етті: оның жасампаз рухы абстракциялы әлемде де, тіршіліктің
шынайы әлемінде де тыныштық таба алмады.

Философия өзінің есігін жәй ғана қаққандарды осылайша алдап
түсірді: сенімділік берудің орынына ол көңілге олай-бұлай толқып тұрған жаңа
күдіктерді алып келді. Әсіресе, оған ақындардың ызғарлы наразылығы болып,
олардың философиядан қатты көңілі қалды. Олар алыстан қарағанда шекіз қуаныштың
хабаршысындай, жүрегінде құдыреттілікті алып келе жатқандай болып көрінді; ол
күтті, оның шабыты олармен бір қатарда тұрып өсе бастады, Гетемен және,
әсіресе, Тюбинген институтында жүргенде өзі түнімен отырып оқитын Шиллермен
бірге өсті, сол кездері Шиллердің «Карлосы» оның «жастық шағының ғажайып образы
да болған еді». Олар мұның бойын билеп алған сенімсіздікті жою бағытында
көмектесуге тиіс болды, яғни, өмірді жарқын ететін жаңғыз нәрсе - сенімділікті
оятуға, сөйтіп, шексіздікке жетіп, асқақ жалынмен жүруге көмектесуге тиіс
болды. Алайда дәл осы тұста балалар мен немерелердің өз бабаларына деген
мәңгілік адасуы тағдыр сахнасына шықты, олар хас шеберлер сомдаған дүниелер
мәңгі жас болып қалатындығына қарамастан, өнердің шебер туындыларының үстімен
де, мәрмәрдің үстімен лайланбастан аққан су сияқты, уақыт өзені ағып бара
жататындығына қарамастан, ақындардың өздері қартаятындығын ескермеді. Шиллер
сарай кеңесшісі болды, Гете - жұмбақ адам болды, Гердер - консистория кеңесшісі
болып кетті, Фихте - профессорға айналды; олардың мүдделері - тікелей
поэтикалық шығармашылықтан поэзияның мәселелеріне ауысты: бұлардың барлығы да
өз туындыларын байланып, өмір жолына якорь тастады, ал адам деген ұмытшақ
жаратылымға оның өзінің жастық шағынан асқан жат нәрсе болмайтын шығар, сірә.
Осылайша жас айырмашылықтарына қарай олардың бірін бірі түсінбеуі - алдын ала
белгілі болатын заңды құбылыс сияқты болып шықты: Гельдерлин олардан шабыт
алғысы келеді, ал олар мұны байқампаздыққа үйретеді, бұл олармен ұшырасуынан
бұрынғыдан да асқан жарқыл болатындығын күтеді, ал олар мұның отының жалынын
азайтуға тырысады. Бұл олардан еркіндікті, рухымен өмір сүруді үйренгісі
келеді, олар болса, бұған қоғамнан бір лауазымды  дәреже алып бергісі келеді. Ол ұлы күрестер
үшін өзінің қайратын шыңдағысы келеді, ал олар өздерінің мейірімділіктерімен
мұны өзіне тиімді бейбіт жағдайға қарай бейімдейді. Бұл лапылдаған ыстық
болғысы келеді, олар мұны суытуға тырысады. Осылайша, жандүниелерінің
бір-біріне жақындығына қарамастан және бір-біріне деген жылы көзқарастарына
қарамастан, өн бойларындағы ыстық қан мен салқын қанның әсерінен бұлар
бір-біріне жат болған күйі қала берді. 

Оның Гетемен бірінші кездескенінің өзі символды түрде ғана
болды. Гельдерлин Шиллердің үйіне келеді, келсе, ол үйде бір жасамыс тартқан
кісі отыр екен, ол мұнымен салқын ғана амандық-саулық алысады. Гельдерлин оның
кім екенін, әрине, білмейді, тек кешкісін ғана ол адамның Гете екендігін, оны
бірінші рет көріп тұрғандығын біліп шошып кетеді. Сөйтіп, ол Гетені танымай
қалды, бірақ ол рухани мәнде оны ешқашан да тани алмастан кетті, Гельдерлинді
Гете де ешқашан тани алмады: Гете қырық жыл бойы Гельдерлин туралы бір жол
болса да, пікір айтып, есіне алған емес, Клейсттің тек Гетемен ғана байланыста
болғаны сияқты, Гельдерлин де, тек Шиллердің өзімен ғана байланыста болды:
бұлардың әрқайсысы Диоскурлардың біреуіне ғана өз махаббатарын арнап, жастық
шаққа тән аңғалдықпен және білместікпен екіншісіне көңіл де аудармайды. Бірақ
Гете де Гельдерлиннің жанынан байқамай өтіп кететін, ал оның Гельдерлиннің
өлеңдері туралы «көңілдің құштарлығын ерекше нәзіктікпен қанағаттандыратын
ұмтылыс» деп жазғаны - Гельдерлиннің құштарлығын қанағаттандыра алмаған
тереңдігін мүлдем түсінбегендігі, ол «өзімізге таныс жұмсақтық, жүректі тербер
шынайылық» жағын көрсетіп, қолдау білдірді де, гимн сомдап жүрген бұған «қысқа
ғана өлеңдер жазуға» кеңес берді.

Күллі демондық сипаттағыларға аса зеректікпен қарайтын
Гетені осы жолы сезімі алдап жібергендей, сондықтан да әдеттегі қатты қарсылық
білдіретін қылығы Гельдерлинге қатысты ай            тқан
пікірінде байқалмады: ол пікірін жұмсақ әрі немқұрайдылықпен  ғана айтып, ал шын мәнісінде салқынқандылық
танытып, көңіл де аударғысы келмегіндігі Гельдерлиннің намысына тиді (өзін өзі
ұстай алмай, оған деген бұрынғы жақсы көзқарасы мен кейінгі антипатиясының
арасын ажырата да алмай қалатын), содан да болар енді ол Гетенің аты аталса,
бойын ыза кернеп, теріс айналып кететін. Ол сол кездегі басқа да неміс
ақындарының басынан өткен жағдайды бастан кешірген еді, сезімі салқын, өз ойын
жасыра да білетін ақын Гильпарцер шыдамай кетіп «Гетенің көңілі ғылымға ауып
кетті және өзінің квиетизмінің кеңдігімен ақындардан бір қалыптылықты және
қимылсыз қалған бейжайлықты талап етті, ал бұл кезде менде фантазияның күллі
алауы лапылдап тұрған еді» деп айтып салды. Тіпті ең ақылды адам дегеніміздің
өзі (Гетені айтып тұр. О.Т.) анау айтқандай ақылды болмай шықты, өйткені олар
кәрілікке жақындаған шақта экзальтация мен жастық шақ дегенннің бір ұғым
екендігін түсіне алмады.

Сөйтіп, Гельдерлин мен Гетенің арасында қандай да бір жақсы
қарым-қатынас орнамағандығы өзінен өзі белгілі, орнай қалған күнде бұл
Гельдерлин үшін қауіпті де болар еді, егер де Гельдерлин өзінің әдеттегі
көнбістігіне салып, Гетенің айтқан ақылымен жүріп, өзін идиллиалық, буколистік
әуенге салғанда, оның табиғатынан өзіне тән ақындық қызуы басылып қалған болар
еді; сондықтан да Гетеге қарсылық білдіре отырып, ол өзін шын мәнісінде де
құтқарып қалды. Бірақ Шиллермен қарым-қатынасы да оны түп-тамырымен  сілкіндіріп жүретін трагедиясымен және
дауылымен ұштасып отырды, өйткені бұл жерде ол өзі жақсы көретін адамымен қарама-қарсылықта
болуға тиіс болды, туынды сол туындыны жасаушымен, оқушы оқытушысымен қарама-қарсылықта
болды. Оның Шиллерді құрмет тұтуы оның дүниетаныуның тас табанына айналды;
Шиллердің шешім қабылдаудағы батылсыздығының, немқұрайдылығының және
қорқа-соқтап тұратындығының ықпалы оның әсершіл психикасын терең толғанысқа
салып, күллі ішкі әлеміне бұзылу қаупін төндіреді. Бірақ Шиллер мен Гельдерлин
арасындағы бұл өзара түсініспеушілік - биік этикалық сипаттағы құбылыс еді;
бірақ бұл бір-бірін жақсы көретін адамдардың арасындағы қарсылық еді, сондықтан
да мұны Вагнердің Ницщеден кетуімен ғана салыстыруға болады. Мұнда да  оқушы идея үшін ғана оқытушысына деген
ықыласын сақтай отырып, одан кетеді, өзі мойындайтын адамына деген адалдығын
өзінің идеалына деген адалдығымен алмастырады. Бірақ Гельдерлиннің Шиллерге
деген адалдығы, шын мәнісінде, Шиллердің өзіне өзінің адалдығынан әлдеқайда
жоғары еді. 

Шын мәнісінде Шиллер ол кезде өзінің жасампаздық рухын өзі
еркін меңгеріп, оның сөздерінің асқақ үні неміс халқының жүрегіне жол табады,
дегенмен, аурушаң, ешқашан бөлмесінен шықпай, креслоға таңулы отырған ақын
салқынқандылыққа беріліп, сезімнен гөрі ақылдылығы басым бастауларының алға
шығуына мүмкіндік жасап, соның ықпалымен өзінен әлдеқайда үлкен Гетеден бұрын
жастық сезімінен арыла бастайды. Шиллердің энтузиазмы ұшып кететіндей немесе
азайып қалатындай емес еді, ол теорияланып кетті; Шиллер-арыстанның арманының
дауылдаған, екпінді күші кристаллданып, «идеализм әдістемесімен» ресімделді;
оның жалынды жүрегін жалынды тілі алмастырды, сенімі саналы оптимизмге ұласты,
мұның өзі тоғышарлық, қолдан жасалған неміс либерализмімен ұштасып кетуге сәл
ғана қалып тұрды.

Енді Шиллер өзін алаңдататын нәрселерге сезіммен емес, (Гельдерлин
талап ететіндей) өзінің күллі болмысын, күллі өмірін салмай-ақ, бәрін де тек
қана ақылмен қабылдайды. Сондықтан да Гельдерлин бірінші рет оған келген кезде жаны
адал әрі ақыл тоқтатқан бұл кісіге ол бір түрлі қияли сияқты көрінуі тиіс еді.
Өйткені тек қана өлеңдерінің формасы жағынан емес, жалпы бағыты бойынша да
Гельдерлинді жасап шығарған мұның өзі еді: жас ақынның барлық ой әлемі көп
жылдардан бері тек Шиллердің идеясынан, адамзатты дамытудағы сенімінен нәр алып
келе жатқан болатын. Гельдерлин оның поэзиясымен қалыптасып, содан тәрбие
алған, жас арманшылдар маркиз Поза мен Макс Пикколомини сияқты Шиллермен
сомдалған: ол Гельдерлиннен өзін өзі көргендей болады, бірақ тым үлкейтілген түрдегі,
адамға айналған өзінің сөздерін көргендей болушы еді. Шиллердің бұл жас
жігіттен талап еткені - шабыт, тазалық және экзальтация болатын, мұның бәрін де
Гельдерлин өз өміріне арқау етті: бұл қиялшыл да арманшыл бозбала оның
идеалдарының барлық талаптарын жүзеге асырды. Шиллер үшін риторикалық және
догмалық талап болып есептелетін идеализм Гельдерлин үшін - бүкіл ғұмырына
айналды; ол құдайларға деген және Элладаға деген шексіз сенім құшағында еді, ал
бұлар Шиллер үшін бяғыда асқақ декоративті аллегорияға айналған, поэтикалық
сенім ғана емес, діни де сенімі болды; Шиллер ақындық миссияны орындап жүрді,
ал Гельдерлин бұл туралы тек арман құшағында ғана еді. Оның өзіндік теориялары,
арман-қиялдары оның кескін-келбетінде сол бойда көрініп тұратын, ең алғаш рет
бұл бозбаланы - өз шығармаларының тірі кейпін, тірі адам түріндегі өз идеалын -
көрген кезде Шиллерді бір ішкі үрей билеген еді. Ол оны бірден таныды: қатты
әсерленген Шиллер Гетеге «Мен бұл өлеңдерден өзімнің бұрынғы түрімді көрдім, автор
осымен бірнеше рет менің өзімді өзімнің есіме түсірді» деп жазды, сырт
қарағанда өте байсалды, бірақ іштей лапылдап жүретін адамнан өзінің жастық
шағының сөніп қалған оттарының жарқылын көргендей болды. Міне, жанартау тәрізді
осы жалын, осы энтузиазм (өз поэзиясында талмастан жырлап келе жатқан
энтиузиазм) енді жасамыс жасқа келгенде ойлап қараса, дұрыс өмір сүруге қауіпті
сияқты көрінді: Шиллер, тіршілік тұрғысынан қарағанда, Гельдерлиннің бойындағы
көбік атқан экзальтацияны қолдай алмайды, бірақ оның өзі поэзияда дәл осыны
талап еткен еді, енді ол өмірде жаңғыз ғана талапты орындауға ұмтылды: яғни,
оның өзі сомдаған нағыз арманшыл-қиялшылдың образының өмір сүруге
қабілеттілігін жоққа шығаруы қажет болды, бұл оның нағыз трагедиясы еді. Бұл
жерде, бәлкім, Шиллер бірінші рет өзімен өзінің қандай қауіпті пікір
қайшылығына келгендігін де байқаған болар, өз өмірін батыл поэзияға және
күнделікті жанға жайлы-бюргерлік тіршілікке бөліп: өз шығармаларының жас
кейіпкерлері - маркиза Позаға, Максқа, Карл Морға (бұлардың ерлігі қара жердің
бетіне сыймайтындай ұлан-ғайыр болатын) гүл-алқа тағып марапаттап алды да, енді
оларды өлімге қарай итермелегендей жағдайда еді, ол өзі сомдаған басқа туындыларының
алдында, соның ішінде Гельдерлиннің алдында да  өзін кінәлі санай бастады. Оның өңменнен өтер
өткір көзі өзінің неміс жастарынан талап еткен идеализмінің тек нағыз
қиялдағыдай өмірге, драмаға, Веймарда, Иенде сыйымды болатындығын түсінді, бұл
поэтикалық қарама-қайшылық, ерік-жігердің демондық тай-таласы жас адамды
қалайда тұншықтыратын еді.

Шиллер «Ол тым субъективті... оның жағдайы қауіп алдында
тұр, өтйкені мұндай болмыстағы адамға жақындау мүмкін емес» деп «қияли»
Гельдерлин туралы бір мағынасыз құбылыс туралы айтқандай сөйледі,
«патологиялық» қияли Клейст туралы Гете де дәл осылай айтты; бұлардың екеуі де
осы екі жас ақынның бет-бейнесінің арғы жағында демон жасырынып тұрған жоқ па
екен деген күдікті ойда болды, олардың сақырлап қайнап жатқан аузы жабық бу қазаны
сияқты жандүниесінде қопарылыс болу қаупі барын сезгендей еді.

Ақын Шиллер жас кейіпкерлерді лирикамен кескіндеп, көңілдің
масайраған экстазында сезімнің түпсіздігіне құлауға мүмкіндік берсе, шынайы
өмірде кеңпейілді, мейірбанды адам ретінде Гельдерлиннің құйынын бәсеңдетуге
тырысты. Ол оның жеке өміріне, оның қоғамдағы орынының қандай болатындығына
алаңдаулы еді, Шиллер оған қызмет те тауып, шығармаларын жарыққа шығаратын
баспагерді де тауып беріп, терең бір әкелік сезіммен қамқорлық жасады. Оның
экзальтациясының қатыгез қысымын азайтуға және жұмсартуға тырысып, «оны ақылға
келтіру үшін», абайлап, бірақ жоспарлы түрде тұсау салып (әрине, жақсы ниетпен
ғана), бір жағынан кішкене ғана қысымның өзі мұның сезімтал, нәзік те күйреуік
жандүниесін жаншып жіберуі мүмкіндігін де естен шығармай, бірақ оның шектен
шығып кетпеуін де қадағалады.

Осылайша олардың қарым-қатынасы бірте-бірте күрделене берді:
қаламмен тағдыр сомдаушының өткір жанарымен Шиллер Гельдерлиннің үстінен өзін
өзі құртудың қанжарын сермеп жібергендей болады, ал Гельдерлин болса, өз
тарапынан «өзінің еркіндігін алып қойған жаңғыз адам» және күнделікті
тіршілікте көмектесіп жүргендіктен «бір жағынан бұл тәуелді» де болып жүрген Шиллер
мұның болмысының тереңдігін түсінбейді деп ойлады. Ол тезірек көтерілгісі
келді, жаңа күштің келуін аңсады: «қайсар адамның жан-жүрегінен шыққан достық
сөзі рух үшін тау жыныстарынан тап-таза ағынмен келіп, бізге қара жердің құпия
күшін әкелуші зәмзәм суы секілді» дейді Гиперион; бірақ Шиллер де, Гете де
Гельдерлинге өздерінің бір жұтым қолдау сөздерінің өзі сирек береді. Олар бір
рет болса да оған мақтау сөз айтып көрген емес, бір рет болса жүрегіне от бере
алмады. Осылайша Шиллердің өзіне жақындығы бір жағынан бақыт болса, екінші
жағына мұң болды. «Менің ылғи да Сізді көргім келіп тұратын, ал Сізді әр көрген
сайын өзімнің Сіз үшін ешкім де емес екенімді сезінемін» деп өзінің ащы да
болса жүрегінің түкпірінен шыққан қоштасу сөзін жазды.

Ақыр аяғында ол өз сезімінің екі жақтылығын ашуға мәжбүр
болады: «сондықтан да Сіздің ұлылығыңызбен құпия соғыс жүргізгенімді мойындауға
тиіспін, ондағы мақсатым - өзімнің еркіндігімді қорғау еді» деп жазды. Оның
өлеңдерінің ұсақ-түйек тұстарын сынап, асқақ шабытын бәсеңдетуге тырысып, оны
«субъективті және экзальтацияда» емес, баяу да салқынқанды қалыпта көргісі
келетіндерге өзінің жандүниесінің тереңде жатқан құпияларын ашуға құлқы
болмады. Болмысынан көнбістілігіне қарамастан, өлең мәселесінде тәкәппарлығы
басым түсіп, ол Шиллерге өзінің маңыздырақ өлеңдерін көрсетпей, тек ұсақ-түйек
бірдеңелерін ғана, эпиграммаларын көрсететін болды, өйткені онымен қарсыласуға
Гельдерлиннің шамасы жетпейді, ол оның алдында тек иіліп-бүгіліп, тағызым етіп
қана жүретін, оның реакциясы ылғи да осындай еді.

Ол өз жастық шағының құдайларының алдында тізе бүгіп жүретін
қылығынан еш айныған жоқ: «жастық шағының ғажайып ақша бұлты» болғандарға
деген, ғажап әуендер айтуы үшін дауыс бергендерге деген құрметі мен алғысы
шексіз еді. Кейде оған мейірімді-мақтау сөздерімен Шиллер басын иетін, ал Гете
оның жанынан жәй ғана сәлемдесіп өте шығатын. Бірақ олар мұны өздерінің алдында
қабырғасы сынғанша тізе бүгіп жүруін қалағаны да рас.

Осылайша ұлылармен кездесуі бұл үшін ауыр да қауіпті болды.
Веймарда еркін жүрген бір жылы босқа өтті десе де болады, әрине, ол бастаған
нәрселерін аяқтағысы келген еді. Философия - «жолы болмаған ақындар келіп
тығылатын орын» да - бұған ештеңе бере алмады, ақындар оны қанаттандыра алмады:
«Гиперион» басталды да қалды, драмасы да біткен жоқ, барынша үнемдесе де, оның
ақшасы таусылды. Ақын қалай өмір сүруі керек болса, солай өмір сүру үшін болған
алғашқы айқас жеңіліспен аяқталған сияқтанды, өйткені енді Гельдерлин тағы да
өзінің шешесінің мойынына мініп, бір үзім нанмен бірге өзінің мылқау  кінәсын жұтумен болды.

Бірақ, шын мәнісінде, ол ең үлкен қауіпті сол Веймарда жүріп
жеңген еді: ол «шабыттың екіге жарылмайтындығы» жөніндегі сенімінен айрылған
жоқ, өз жанашырларының мұны бұғауламақ болғанына да, тыныштандырмақ болғанына
да көнген жоқ. Оның ұлылығы өзінің терең стихиясымен дәлелденді және өзін
қандай да бір ақылға жеңдіріп әуреленбеді, демон оған қандай да бір оқыту
сабақтарына саңырау болу қасиетін сыйлапты. Шиллер мен Гете мұны идиллияға,
буколкаға қарай бұрып, жуасытуға әрекеттенгенде, бұл оларға дауылдаған
жарылыспен жауап қайтарып отырды. Гете Эвфорион образында поэзия туралы былай
дейді:

                                              

                                               Асқақтықтың
қажеті жоқ,

                                               Сыйқырымен
алар шың.

                                               Ол
биіктен құлап түсіп,

                                               талқан
болып қаларсың.

Дауылыңды бұғаула.

Толқыныңды қайтар мына жағаға,

Мына бізді, әйтпесе,

Тірідейін көмесің ғой молаға.

Еркіндіктің мекені ғой,

Мына жатқан дала да, -

 

деген Гетенің поэтикалық квиетизміне, идиллиялығына ызаланған
Гельдерлин былай деп жазады:

 

                                               Темір
сынды мына күннің шынжырында жанамын,

Мені күрес құтқарар ед, бірақ содан айырды.

Өз дауылым ап шығар ед, тұйықталды қадамым,

Білмейтұғын мына құлдар қанатымды қайырды.

                                                          

            Гельдерлин
өзінің асқақтықта, «жалынды стихияда» өмір сүретін жанын, оттағы саламандра
сияқты, классикалық салқынқандылықтан аман алып шықты, «күрес аман сақтайтын»
адам ретінде ол өз тағдырының от-жалынында тағы да сол өмірге еніп бара жатады,
өйткені:

 

                                                           Дәл
осындай отта балқып тәні де,

Тап-таза боп құйылады бәрі де.

                                                          

Тұншықтырып кетуге тиісті жағдайлар алдымен оны шынықтырды,
ал сол шынықтырған жағдайлар оған сосын өлім әкелді.