ВЕРНУТЬСЯ

    Стефан Цвейг

 

   Шығармашылықтан алатын ләззатттан артық

   ештеңе жоқ шығар.
Қарындаш жасауға болады,

   етік тігіп, нан
пісіріп, өмірге бала әкелуге де болады,

   демек, бұл адам жасау
деген сөз; 

   үреймен, бейнетпен, ар алдындағы азаппен

   және ұятпен ұштасып
жатқан шығармашылықсыз

   нағыз шынайы ләззат
деген болмайды. 

 

Әрбір көркем шығарма оның көркем туынды екендігін ұмытқанда
және оның да өмірде бар екендігін шынайы сезінгенде ғана өзінің ең жоғары
сапасына көтеріледі. Толстойда осы жұбаныш сезімі ең жоғары деңгейге жеткен.
Бұл әңгімелердің ойдан құрастырылғандығы, іс-әрекет үстіндегі кейіпкерлердің
қиялдан туғандығы туралы ойдың келмейтіндігі соншалық, олардың бар екендігін
кәдімгідей сезініп отырасың. Оқып отырып шынайы өмірдің ашық терезесінен қарап
отырғандай боласың.

Егер де суреткерлердің барлығы да Толстой сияқты болса, онда
өнер дегеніміз - өте қарапайым, шындық дегеніміз - өзінен өзі ұғынықты нәрсе,
шығармашылық дегеніміз - шындықты ой-санаға күш түсірмей-ақ дәл сол күйінше көшіріп
бере салу және, оның өзінің сөзімен айтқанда, «тек бір ғана жағымсыз жағдайды,
яғни, өтірік айтуға болмайтындығын» ескерсек болғаны дер едік. Өйткені біздің
көз алдымызда дауылдап тұрған, бай ландшафтың риясыз және аңғал табиғилығымен
таңғалдыратын шығарма тұрады, бұл - нағыз табиғаттың өзі. Булыққан күшті,
лапылдаған отты, күлгін түстес көріністі ойдан құрастырудың батыл, кейде тіпті
белгілі бір жүйеге де бағынбайтын құпия қуаты, яғни, ақын шығармашылығының
негізгі элементтері - Толстой эпосы үшін басы артық нәрсе сияқты, тіпті мұнда
олар кездеспейтін де тәрізді: мас демон емес, керісінше, сергек ойлы адам бізге
қандай да бір қиыншылықсыз-ақ, жай ғана сырттай бақылай отырып, шынайы
көріністің көшірмесін жасап шығарады.

Бірақ мұндай жерлерде де суреткердің шеберлігі ақыл-ойды
баурап алады, жалпы, шындықты жеткізуден қиын, одан күрделі не бар? Құжаттар
Толстойдың жеңіл шығармашылықты місе тұтпағанын растайды, ол ең асқақ, ең
төзімді, ең табанды суреткер, оның әлемдік ауқымды фрескалары сан жетпес түрлі-түсті
бөлшектерден, миллиондаған ұсақ-ұсақ көріністерден тұратын көркем де күрделі
мозаикалардан құралған. Бір қарағанда жеңіл ғана түп-түзу желілер сияқты
көріністердің арғы жағында құр қиял жетегіндегі емес, баяу қимылды қас шебердің
асқан төзімділікпен атқарған жұмысы тұрады, ол өзінің эпикалық сюжетіне
тіршілік сәулесін беру үшін жарық пен көлеңкені біркелкі түсірмес бұрын,
кенептің бетін ерекше ептілікпен бояп, оқиға өтетін орынды өлшеп, оған түрлі
сызықтар мен желілер жүргізіп, содан кейін барып бір бояудан соң екінші бір
бояуды жағуды бастайды. Ол «Соғыс және бейбітшілік» эпосының екі мың бетін жеті
рет қайтадан көшірді; эскиздер мен қысқа жазбалар үлкен-үлкен жәшіктердің
аузы-мұрынынан шығып тұрды. Тарихтың әрбір ұсақ-түйегіне дейін, мәні бар-ау делінген
әрбір дерек құжатталды; Бородино шайқасын аса дәлдікпен суреттеу үшін Толстой
екі күн бойы бас штабтың картасын қолына алып, ұрыс даласын кезді, сол соғыстың
нақты деректерінен бір хабар бере алатын тірі қалған солдат бар ма екен деп
темір жолдың бойымен поезға отырып алып, қаншама шақырым жол жүрген десеңізші.
Ол осы соғысқа қатысты қаншама кітаптар ақтарды, кітапханалардың бәрін
тінткілеп, шындықтың кішкентай болса да бір дәнін іздеп таппақ болып, дворян
отбасыларына да барып, олардың қолдарында сақталып қалған қандай да бір
құжаттар, хаттар болмас па екен деп шарқ ұрды. Сынаптың өте ұсақ түйіршіктері
жылдар бойы жинақталатыны сияқты, суреткерге керекті ондаған, жүздеген мың
ұсақ-ұсақ деректер дөңгеленіп, мөп-мөлдір, әдемі формаға жеткенге дейін іздестіріле
береді. Ал шындықты табуға бағытталған күрес аяқталғанда, енді оған айқындық
берудің жұмысы басталады.

Лирик суреткер Бодлер өз өлеңінің әрбір жолын қалай жөндеп,
жонып, әрлеген болса, ғаламат суреткер Толстой да өз прозасын өліп-өше жөндеп,
майлап-сылап, жұмсартып, шеберлік шыңына жетеді. Ондаған мың сөздің ішінен сәл
солғындау тұрған бір ауыз сөз, сыйымсыздау тұрған сияқты көрінген бір сын есім
көзіне түсті ме, бітті, ол дереу Мәскеуге жеделхат жіберіп, өзі жіберген
түзетулері бойынша басылғалы жатқан мәтінде кетіп бара жатқан, өзіне ұнамай
қалған жалғыз ауыз сөздің реңкін өзгерту қажеттігін айтып, баспахана машинасын
дереу тоқтатуды талап етеді. Алғашқы корректура қайтадан түзетілуге әкелініп,
енді ол суреткер  жандүниесінің әлемінде
қайтадан балқытылып, қайтадан қалыпқа құйылады, егер де сөз өнері бір адамға
ауыр болды десек, ол шығармалары ең қарапайым болып көрінетін осы Толстойға
ғана шын мәнісінде ауыр болған дер едік. Жеті жыл бойы Толстой күніне 8-10
сағат жұмыс істеген; жүйкесі аса мықты болған делінетін Толстой өзінің әрбір
үлкен романын аяқтағанда жүйкесінің қатты шаршағандығы байқалады екен; асқазаны
ас қорытпай, ойлау қабілеті де баяулап, өзіне өзінің көңілі толмау сезімі оны
жаншып жібере жаздайды екен және ауыр меланхолиялық жағдайға жететін көрінеді.
Осындай жағдайдан жападан жалғыз қалса ғана құтылатындай болып, мәдени қоғамнан
қашып, оңаша лашықта, қымыз ішіп, жандүниесін тепе-теңдікке келтіріп, емделетін
болған. Гомерлік эпос тудырушы бұл ғұлама адамның, өте қарапайым да өткір ойлы,
өте халықтық әрі тым қарабайыр деуге боларлық жазушының жандүниесіне үңілсеңіз,
оның өзін өзі азапқа салған бейнетқор-суреткер екендігін көрер едіңіз (басқалар
солай бола алар ма еді?). Бірақ шығармашылықтың ауыр бейнеті жазылып біткен
шығармадан көрініп тұрмайды. Табиғаттың басталар тұсын да, аяқталар шегін де
көре алмайтындығымыз сияқты, Толстойдың прозалық туындыларының да өнер туындысы
ретіндегі басталу не аяқталу шегін біле алмаймыз, өйткені бұл туындылардың
біздің кезеңімізде де, тіпті қай кезеңде  
ықпалы өте күшті. Олар нақты бір дәуірдің тек сол дәуірге ғана тән
белгілерін сипаттап қоймайды; егер де суреткердің кейбір шығармаларының атауы
болмаса және осы атауы жоқ шығарма оны бұрын оқымаған адамның қолына түссе,
ешкім де оның қай онжылдықта, тіпті қай жүзжылдықтарда жазылғанын айтып бере
алмаған болар еді, өйткені бұл шығармалар уақыттан тыс жатқан дүниелер. Бұл
туындылар «Үш қария» немесе «Адамға көп жер керек пе?» деп аталатын халық
аңыздары сияқты немесе «Руфь кітабы», «Иова кітабы» сияқты кітап басып шығару
немесе жазу дәуірі келгенге дейін мыңдаған жылдар бұрын да жазыла алар еді,
Иван Ильичтің өліммен күресі, «Поликушка» немесе «Холстомер» он тоғызыншы
ғасырдың дүниесі болса, ол жиырмасыншы ғасырдың да, отызыншы ғасырдың да
туындысы бола алады, өйткені өзін бұл дәуірге жат санайтын адам өз
псхологиясына сәйкес келетін заманды Стендальдың, Руссоның, Достоевскийдің
туындыларынан табатындығы сияқты, Толстойдан да табады, себебі, ең негізгі,
мәңгілік, уақыттың өлшеміне сыймайтын қарапайым тірліктегі pneuma, адамның
алғашқы қауымдық құрылыс кезеңдерінде де болған сезімі, сол кезеңдерде де
болған үрейі, сол кезеңдерде де болған жалғыздық сезімі - қашан да мәңгі.
Абсолютті әлемдегі адамзат алдында уақыт деген ұғым жоғалып кетеді, дәл сол
сияқты, салыстырмалы әлемдегі Толстойдың мызғымайтын, бір қалыптағы қас
шеберлігінің алдында да уақыт деген ұғым жойылып кетіп отырады. Толстой баяндау
өнерін ешқашан зерттеп, үйренген емес, демек, оны ұмытып қалуы да мүмкін емес,
өйткені оның табиғи ұлылығы өсуді де, өшуді де, ілгерілеуді де, кері кетуді де
білмейді. Жиырма төрт жастағы Толстой «Казактарда» ландшафтты қалай суреттеген
болса, жарты ғасырдан кейін жазылған, бір-бірінен тұтас бір адам өмірінің
ұзақтығындай қашықтықта жатқан «Арылудағы» жарқыраған пасха таңы да дәл сондай
таза, табиғаттың саумал ауасы жандүниенінің әрбір талшығына дейін жетіп,
органикалық та, органикалық емес те әлемнің кескіні дәл сондағыдай қолмен ұстап
көргендей әсерге бөлейді. Толстойдың сөз өнерінде үйрену де, ұмыту да, қарыштау
да, құлдилау да, өтпелі кезең де жоқ, бірақ жарты ғасыр бойына ол небір керемет
құнды дүниелерді беріп келді; Құдайдың алдында құз-жартастар өзін мығым ұстап,
міз бақпай, бір сызығын өзгертпестен, сұп-сұр болып қалай қақшиып тұратын
болса, оның шығармалары да өзгермелі де ауыспалы уақыттың алдында дәл солай
тұрады.

Міне, осы бірқалыптылықтың арқасында және соның нәтижесінде
ерекше жетілген оның шығармаларында автордың өзі мүлдем сезілмейді: бұл жерде
Толстой қиял-ғажайып әлемнің ақыны болып емес, шындықты баяндаудың асқан шебері
ретінде көрінеді. Шындығында да, кейде Толстойды ақын деп айтудан қорқасың,
өйткені мұндай асқақ сөзді айтқанда еріксізден еріксіз басқа бір жағдай көз
алдыңа елестейді, яғни, асқақ етіп берілген адам образы және мифпен, магиямен
құпия бір байланыс көз алдыңа келеді. Ал Толстойдан ешқандай жағдайда да
«асқақтықты» көре алмайсыз, оның адамдары өте қарапайым, табиғи қалыптан
шықпайды, яғни, ол қара жердің үстіндегі тіршіліктің қарапайым мәні болып қала
береді. Ол ешбір жерде түсініктіліктің, айқындылықтың, көзге көрініп тұратын
көрнекіліктің жіңішке жолынан шығып кетпейді, соған қарамастан, осы шеңбердің
ішінде тұрып-ақ керемет көркемдікке қол жеткізеді. Онда тіпті қандай да бір
музыкалық немесе магиялық еркешеліктер де жоқ, ол тек ең қарапайым қасиеттерге
ғана ие, есесіне оның бұл қарапайымдылығы асқан шексіздіктермен астасып жатыр:
оның сезім органдары ерекше жігермен жұмыс істейді, ол көріп те тұрады, естіп
те тұрады, сезіп те тұрады, оның сезімталдығы қарапайым адамдарға қарағанда
әлде қайда айқынырақ, тереңірек, саналырақ, оның есте сақтау қабілеті де
ұзағырақ, жүйелірек, оның ойлау қабілеті де шапшаң, ауқымды және өте дәл;
қысқасы, адамға тән қасиеттердің барлығы оның организмінің ерекше жетілген
аппаратында  жәй адамдармен салыстырғанда
жүз есе шапшаңдықпен жұмыс істейді. Солай бола тұрса да Толстой ешқашан қалыпты
жағдайдың шекарасынан шығып, лағып кетпейді (сол себепті Достоевскийдің атына
жиі қолданылатын «ғұлама» анықтауышын оған байланысты көп қолдана бермейді), ол
қиялилар мен көріпкелдерге қандай да бір жолдармен жалынды хабар жеткізілетін,
кәдімгі қара жердің бетінде болмайтын таңғажайыптық патшалығында, яғни, белгілі
бір ғажайып ауқымда, белгілі бір мистикада, пайғамбарлық ғаламда ұшып жүрмейді,
Толстойда кездесетін демон болсын немесе қандай да бір қолжетімсіз нәрселер
болсын, олардың бойларына жан бітіп, жүріп кеткенін көрмейсіз. Оның
түсініктілігі де, айқындылығы да осында; қара жердің бетіне қадалып тұрған
мұндай фантазия шынайы ес пен түстің ауқымынан шығып кететін, кәдімгі адами
тіршіліктің ауқымында болмайтын нәрселерді сипаттамайды, сондықтан да оның
өнері  қашан да шынайы, ұғынықты, адами,
яғни, шайдай ашық күннің, шынайы болмыстың өнері болып табылады.

Толстой ешқашанда қиыл-ғажайып рухта жазған емес, ол біздің
әлемімізден тыс жатқан әлем  жасамайды.
Ол тек шындықты ғана жеткізеді; сондықтан да, ол баяндай бастағанда, суреткер
емес, заттардың өздері сөйлеп тұрғандай әсер береді. Оның шығармасында адамдар
да, аңдар да өздерінің жып-жылы ұяларында отырып сөйлеп тұрғандай болады;
біздің байқайтынымыз - ерекше шабыт құшағындағы ақын оқиғаларды,
Достоевскийдегі сияқты, өзі сомдаған образдарға сыйғызу үшін қамшымен дүркірете
қуып келе жатпайды, қуғынға түскен олардың қандары қызып, өз образдарының
сахнасына қарай айқай-шу, у-ду дүрмекпен көтеріліп те бара жатпайды.

Тау адамдары тау басына қалай өрмелеп келе жататын болса,
ол  да оқиғаны дәл солай баяндайды: жай
ғана, бір қалыпты, баспалдақтан баспалдаққа көтеріліп, бір қадамнан екінші
қадам жасап, секірмей, шыдамдылықпен, шаршамай да әлсіремей келе жатады, оның
жүрек соғысы да дауыс ырғағын бұзып, ентіктіріп тұрмайды; бұл тұста онымен
бірге келе жатқандағы біздің табиғи байсалдылығымыз да сезіліп тұрады.
Толстоймен бірге келе жатып, Достоевскиймен бірге келе жатқандағыдай, табан асты
әсер алып, найзағай сынды жалт-жұлт шапшаңдықпен ұша жөнелмейсің, бас
айналдырар құздан құлап бара жатпайсың, қиял-ғажайып армандардың қанатында
әлдеқайдан ұшып та келе жатпайсың: Толстойдың өнері адамды таным жолына салып,
сергектікке шақырып тұрады. Эпостың биік құздарымен келе жатып толқисың,
бойыңды күдік билейді, бірақ Тостойдың ерекше қуатты қолдарына сүйеніп,
бірте-бірте  көтерілесің, шаршамайсың, ал
ілгері басқан сайын эпос құзының көкжиегі кеңейеді. Оқиғаның бәрі де ақырын
ғана басталып, оқиғаның қашықтықтары бірте-бірте айқындалады, бірақ, тереңнен
пайда болып келе жататын ландшафтарды таң шапағы жарқырата көрсететіндігі
сияқты, оқиғалар ерекше сенімділігімен әрі айқындылығымен таңқалдырады. адамдар
әлі бірін бірі жек көруді білмейтін кезде, табиғат өзін тудырған әлемнен әлі
бөлініп шықпаған кезде, адамды аңнан бөліп алып өркөкіректендірмеген кезде, тас
пен өсімдік бір-бірінен ажырамаған кезде және ақын ең кішкентай нәрсе мен ең
қуатты да зор нәселерді бұрынғы заманның эпосшылары, аңызшылары, ертегішілері
және жылнамашылары қандай тең жағдайда суреттеп, әспеттеген болса, Толстой да
оқиғаны дәл солай, бірінен бірін ерекшелендірмей суреттейді. Өйткені Толстой
универсиумның келешегіне қарайды, сондықтан да ол ерекше антрпоморфты, әрине,
ол моральдық тұрғыдан алғанда эллинизмнен алыста жатыр десек те,  суреткер ретінде пантеистикалық жағынан
ерекеше сезімтал.

Толстой үшін құрысып, ұлып өлгелі жатқан ит пен омырауына
ордендері сән беріп табытта жатқан генералдың немесе дауыл қиратып, сұлатып
кеткен, солып бара жатқан алып ағаштың бір-бірінен айырмашылығы жоқ. Көркемдік
пен кескінсіздіктің, аң мен өсімдіктің, таза мен ластың, магиялық пен
адамилықтың бәріне ол суреткердің көзімен қарайды, бірақ ерекше тереңдікпен
қарайды; біз суреткердің табиғаттағы адамды бейнелеп тұрғандығын, әлде,
адамдағы табиғатты бейнелеп тұрғандығын айқынырақ түсінуіміз үшін автордың сөз
ойнатуына қараймыз. Толстой үшін қара жердің бетінде оған жабық, жасырын тұрған
ешнәрсе жоқ, оның сезімі сәбидің 
қызылшақа денесінен  кәрі аттың салбыраған
терісіне дейінгіні, шаруа әйелдің шыт юбкасынан бастап, атақты әскер басының
мундиріне дейінгіні көре алатын өткірлікке ие; ол әр денені, әр жандүниені
бірдей деңгейде танып-біліп, адам айтса сенгісіз сезімталдықпен олардың ең
құпия тереңдігін танып, оқи алатын қабілетке ие. Ананың омырауын сүт керіп
кеткендегі сыздайтын ауырлықты, жас қыздың балға алғаш рет барарда алғаш рет өз
білегінің жалаңаш қалпын көріп, өн бойынан жүгіріп өткен және оны ешкімге
білдірмеуге тырысқан құпия сезімін бұл суреткердің қалай біліп қойғандығын
әйелдер шошына сұрайтын. Егер де аңдарға аяқ астынан тіл бітсе, олар
вальдшнептің исін сезгіш аңшы иттердің азапты рахатын немесе асыл тұқымды
аттардың  бәйгеге түсер алдындағы қимылы
арқылы білініп тұратын инстинкті ойларын қалайша сезіп қойғандығын таңдана
сұрар еді; «Анна Каренинадағы» аңшылықтың суреттелетін тұсын оқып шықсаңыз,
Бюффон до Фабраның зоологтары мен энтомологтарының барлық эксперименттерінен де
асып түсетін интуитивтік дәлдікпен айтылатын керемет нәзік сезімталдығын көрер
едіңіз. Толстойдың өз көрген нәрсесін соншалықты дәл жеткізетіндігін қандай да
градациямен байланыстыруға келмейді: оның сүйіспеншілігінде құштарлық жоқ.
Мысалы, Наполеон, Толстойдың көзқарасымен қарағанда, оның өзінің ең сорлы
солдатымен бірдей ғана  адам, ал ол
солдат сол солдаттың өзінің соңынан жүгіріп келе жатқан иттен немесе сол иттің
табанының астында қалып жатқан тастан артық емес. Айналадағының бәрі - адам мен
тобыр, өсімдік пен жан-жануар, әйел мен еркек, қарттар мен балалар, әскер басылары
мен мұжықтар оның сезім органдарының бір тегіс те мөлдір кристалдарына бірдей
болып құйылып, дәл сол тәртіппен бірдей деңгейде қайтадан төгіліп шығып жатады.
Бұл оның өнерін табиғаттың мәңгілік тұрақты мінезіне ұқсас етіп жіберген, ал
бұл оның эпосына, көк теңіздің Гомерді еске түсіре беретін бір сарынды, ұлы
ырғағын береді.

Дәл осылай кеңдікпен көре алатын, жан-жақты көре алатын
адамға әлде бір нәрсені ойлап табудың керегі шамалы, дәл осындай аңғарымпаз да
ойшыл адамға әлде бір нәрсені ойлап табудың да қажеті жоқ. Толстой өмір бойы не
нәрсені болса да сезім органдарымен қабылдады және көргендерін образ арқылы
жасақтады: шынайы өмірден тыс жатқан нәрселер оған мүлдем жат. Оның өнері
көктен түскендей болмайды, керісінше, тереңге кетіп жатыр, Нетцеляның керемет
сөзімен айтқанда, ол жоғары қарай өрлейтін емес, тереңді бойлата салынған
құрылым. Ол арманшыл Достоевскийге мүлдем қарама-қарсы, ерекше сергек суреткер;
ол, қалай да шегіне жеткізу керек екен деп ешқашан шынайы да көзге көрінетін
шындықтың табалдырығынан аттап кетпейді; қандай да бір оқиғаны қиялдың аспан
патшалығынан алып келмейді, ол тек кәдімгі қара жерді ғана қаза береді, кәдімгі
қарапайым адамды өзінің ерекше қажырлы жолымен алып шығады.

Толстой өз шығармаларында адасқан және патологиялық ауруы
бар адамдарды адами қарым-қатынастар ортасында көрсете алады, тіпті, Шекспир
мен Достоевскийдегі Ариел мен Алеша, Калибан мен Карамазов сияқты, құдай мен
аңның ортасындағы аралық өмірде жүретіндерді кәдімгі өмірдің ортасында
суреттейді. Толстойда тіпті ең қарапайым, ең қарабайыр шаруа жігіттің
бейнеленуі де өзіндік тереңдігімен беріледі: қарапайым мұжық, солдат, алқаш,
ит, ат оған жандүние патшалығының небір шиырларын ашып көрсетуіне мүмкіндік
жасайтын материалдар тауып бере алады; оған күнделікті, былайша айтқанда, ең
арзан адами материалдардың болмашы ғана жиынтығының өзі жеткілікті, оған аса
қымбат бағалы жандүниенің керегі де жоқ: ол кәдімгі субъктілерден жандүниенің
керемет сезімдерін тауып алады, тіпті оларды керемет идеал етіп те көрсетпейді,
тек оларды тереңдете түседі. Ол тек қана өте қарапайым, қиып түсе алатындай
өткір құралды, яғни, шындықты ғана пайдаланды, осы бір өткір бұрандасын ол әр
оқиғаға, әр затқа аяусыз сұғып жібіреді, сол кезде көрейін деген көзге
қарапайым ғана құбылыстардың арғы жағынан өте терең әлем, бұған дейін ешбір
кенші таба алмаған рухани қабаттар ашылады. Ол өз образдарының бәрін де кәдімгі
топырақтан, балшықтан, тас пен құмнан 
жасайды, музыканттар сияқты ауадан қармау оған жат және де Толстой
өмірінде бір де бір өлең жазбаған адам, мұның өзі де кездейсоқтық емес: әрине,
мұндай архиреалиске поэзияның жат болатындығы өзінен өзі түсінікті. Оның өнері
шындықтың ғана тілімен сөйлейді - ол оның шекарасы, бірақ бір де бір ақын
Толстойдың баяндау көркемдігіндей көркемдікке қол жеткізе алған жоқ, оның асқан
қуаты да осында. Толстой үшін шындық пен сұлулық синонимдер болып табылады.

Осылайша, тағы да анықтаңқырап айтар болсақ, ол ең көреген
ақын, бірақ көріпкел емес; шындықты суреттеушілердің ішіндегі де ең шебері,
бірақ ол әлденені ойлап табатын ақын емес. Оның бұрын-соңды көз көріп, құлақ
естімеген кең де ауқымды ғаламы үшін бес сезім органынан басқа, яғни, аса
сақтық, нәзіктік пен тездік, дәлдік, көргіштіктен басқа, демек,  кәдімгі адами деңгейдегі дене-механикалық
құралдарынан басқа көмекшілері жоқ.

Толстой аса нәзік сезгіштікті Достоевский сияқты
жүйке-жүйесімен немесе Гельдерман мен Шелли сияқты көргіштігімен емес, өз сезім
органдарының өткір шұғыла тәрізді сәулелері арқылы алады. Ол сәулелер, бал
аралары тәрізді, байқампаздықтың жаңа бір гүлді тозаңдарын әкелу үшін жиі-жиі
ұшып шығады да, объективті көріністерді аралап келіп, көркем шығарманың алтыны
тамшылаған балы болып қайта өңделеді.

Тіл алғыш әрі көрінбесті көре алатын, естілместі ести
алатын, аса мықты әрі асқан нәзіктікпен сезіп те қоятын, әрі сақ, әрі салмақтай
алғыш, мысық табандап жүріп жандүниенің адам бара алмас тереңдіктеріне жете
алатын, тіпті аңдардың сезгіштігіндей сезгіштікке ие сезім органдары суреткерге
тіршіліктің әрбір құбылысынан сезім субстанцияларының шексіз материалдарын
жинақтап береді, химик хош иісті өсімдіктер мен гүлдерді асқан шыдамдылықпен
қалай екшеп алатын болса, бұл ғажайып суреткердің санасындағы құпия химиялық
зертханасы да сол материалдарды асқан ептілікпен сезімталдық қасиеттеріне
айналдырады.

Толстой көрген 
нәрселерінің бәрін санасына бір-бірлеп тоқи берген, ал ол сан жетпес
шексіздікке ұштасып, көз жетпес қиырларға кетіп жатыр, оның жазғандарының
ерекше қарапайымдылығының сыры да осында. Өйткені адамның ойы мен сезімдеріне
терең бойлау үшін алдымен ол адамның адамдық кескінін жасап тұрған әрбір
шифрына, қимыл-қозғалысына, әрбір қыртыс-қабатының әрбір бөлшегіне назар
аударып, зерттеу керек қой.

Дәрігерлер сияқты, ол адамды ең алдымен сырттай, жалпылама
зерттеуден бастайды, өз романдарының әлеміне енгізу үшін алдымен оның жеке
басының сырт қарағандағы ерекшеліктерін зерттеп, екшеу-тазалау үдерісінен
өткізіп алады. Ол өзінің досына «Менің тұқым себетін егістігіме алдын ала жұмыс
жүргізуімнің қандай бейнет екендігін білсең ғой. Болашақ шығармамның болашақ
адамдарының басынан қандай жағдай өтетіндігін алдын ала ойлап, қайтадан ойлап,
қорытып, миллиондаған тоғысу-алшақтау-түйісу үдерістерінің ішінен 1/1000000
бөлігін ғана алудың қиындығы адамның дәті баратын шаруа емес» деп жазады.
Осылайша, шығармашылық деуден гөрі, қара жұмыс деуге келіңкірейтін, бұл - көз
алмастан қадағалап отыру үдерісі, әрбір кескінделетін адамның бет әлпетінің
әрбір бөлшегін ұйытып бір тұтас дүниеге айналдыру үдерісі, көз алдыңда тұрған
көріністі шыдамдылықтың диірменіне салып, тозаңға айналғанша үгітіп, сосын  сол тозаңдарды асқан төзімділікпен бір-бірлеп
жинақтап, тұтастырып, бір формаға келтіруді есептеп көріңіз. Роман жасап шығару
үшін Толстой  мыңдаған оқиға мен мыңдаған
образдардың ішінен тек біреуін ғана таңдауы тиіс және сол образдардың  әрқайсысынан жеке-жеке детальдарды ғана теріп
алып, сосын оларға қисық болса да жан бітірмес бұрын, сол детальдарды
бір-бірімен сәйкестендіріп, олардан  бір
тұтас физиономия жасап шығару үшін өзі көрген адамдарының сырт сұлбаларының
сансыз белгілерін сұрыптаудан өткізіп алуы қажет. Әрбір тұтастық пен әрбір адам
кішкене-кішкене сансыз бөлшектерден құрастырылған, өйткені ол адам бойындағы
әрбір ерекшелікті лупамен қарағандай өткірлікпен қарап алады.

Гольбейннің стилінде кескіннен кейін кескін жасалып, ауыз
бейнеленіп, жоғарғы еріннің астыңғы еріннен өзіндік ерекшелігі бөлек
көрсетіліп, көңіл күйдің әр жағдайына байланысты езудің әрбір діріл-қозғалысы
асқан дәлдікпен сипатталып, жымиғандағы әсемдіктің және ашу шақырғандағы бет
ауыздағы әрбір қыртыстың  жолақтары
графикамен сурет салғандай дәлдікпен бейнеленеді. Сосын барып, әлгі ерінге бояу
жағылып, оның қалыңдығы мен шет жақтарын көзге көрінбейтін саусақтармен сипалап
байқап шыққандай әсер беріп, сосын мұрттың кескінін келтіру үшін оған аз ғана
қараңғылау түспен реңк беріледі, бірақ мұның бәрі әлі шикі материалдар мен
еріннің сыртқы құрылымдары ғана, енді ол көңіл-күйді айқындайтын қызметтермен
толықтырылуы тиіс, еріннің осы түріне сәйкес келетін дауыстың сипатына қарай
сөйлеу екпіні және органикалық ерекшеліктер өрнектеледі. Жаңғыз ғана ерін
осылайша қандай дәлдікпен суреттелген болса, анатомиялық атласта  енді дәл сондай дәлдікпен мұрын, мойын, иек
және шаш сипатталады, әрбір деталь екіншісіне асқан ұқыптылықпен кигізіледі;
бұлардың бәрі, яғни, акустикалық, фонетикалық, оптикалық және моторлық
бақылаулар суреткердің көзге көрінбес зертханасында тағы да бір рет өлшеніп,
бір-біріне бекітіледі. Міне, суреткер осы оқиғалар мен кейіпкерлерін жасақтап
тұрған сан жетпес бөлшектерінің сан жетпес фантастикалық жиынтығын жасақтай
келе, оларды ретке келтіріп, әрқайсысына негіз тауып, бас айналдырар сансыз
бөлшектерді електен өткізіп алып барып, өз шығармаларына ерекше үнемділікпен
пайдаланады, ал бұл жинақталған және солардың ішінен таңдалып алынған детальдар
оның барлық кітаптарының өн бойынан қалай да орын табады, бірақ жазушының
сыйқырлы сөзінің ықпалында отырған бізге оның мінезі туралы ұғымымыз әрбір
образдың өзіндік ерекшелігімен тұтастыра қарағанымызда ғана ұғынықты болады. Qualis
artifex![1] Бір қарағанда баяндаудағы жәй ғана
кездейсоқтық тәрізденіп, қандай да бір мақсатқа арналмаған жәй тұрған нәрсе
сияқтанатын сөздердің астарына мағына жасырудың неткен білгірі десеңізші; бұл
үдерістің механизмін із кескендей аңдып, нақты суреттеу үшін, бір қарағанда өнер
деуге келмейтін сияқты болып тұратын Толстойдың шығармашылығындағы
образдардың   бас айналдырар деректерден
жинақталып барып, бір тұтас дүниеге айналғандығын дәлелдеу үшін тұтас бір кітап
жазып шығу керек болар.

Өйткені адамның бүкіл сезінгендері геометриялық дәлдікпен
орналастырылып, сырттай бақылау аяқталған тұстан бастап қана  кейіпкерлер сөйлеп, тыныс алып, өмір сүре
бастайды.  Толстойдағы жан - Психея,
асқан өткірлікпен бақылаудың мың қармақты торымен ұсталған,  теріден, бұлшық еттерден, жүйке жүйелерімен
торға түскен ғажайып көбелек. Ал Достоевскийде, яғни, көріпкелдікте оқиға
мүлдем қарама-қарсы бағытта жүреді: ол жаннан басталады. Достоевскийде жан
бірінші қатарда тұрады: ол өз тағдырына өзі билік етіп, оны өзі жасақтап алады;
ал дене жәндіктің қабығы секілді еркін де жеп-жеңіл болып, оның ішкі өзегін
айқын көрсетіп тұрады. Сөйтеді де, ең бақытты сәттерінде сол қабықты өртеп
жіберіп, сыртқа шығады да, жоғары көтеріліп, сезімнің шырқау биігінде
қалықтайды. Ал, көріпкел емес, бірақ өткір көре алатын суреткер Толстойда жан
шырқау биікке көтеріле алмайды, тіпті еркін тыныс та ала алмайды, дене қашан да
етжеңді, ап-ауыр, тіпті кейде жанды тартылыстың қатал заңының ішіне салып алып,
жаншып жібере жаздайды. Сондықтан да оның ең бір қиялшыл образдарының өзі
құдайшылдық деңгейге көтеріліп кете алмай, қара жердің бетіндегі тіршіліктің
ауқымынан аттап шықпай, бұл ғаламнан бөлек кете алмайды; олар тас тасып
жүргендей бейнетпен, әр қадамын санап басып, тазарып, періштедей пәктікке жету
үшін өз салмағын өзі арқалап келе жатқандай, баспалдақтан баспалдаққа зорға
көтеріліп, ауыр салмақтан және қара жерге байланған бейнеттен ентігіп келе
жатады.

Психея, яғни, қиял-ғажайып көбелек өзінің платондық
патшалығына ешқашан қайтып орала алмайды; ол тек қуыршаққа ғана айналып, тазару
және бейнет кешудің заңдылықтарынан арылу күресін бастан кешіріп жүреді, бірақ
бәрібір өз болмысының зілдей салмағынан құтыла алмайды, Толстойдың барлық
кейіпкерлері ғаламдық тасқынға дейінгі тұқым қуалаған күнәлылықты арқалап
жүргендей жағдайға байланған. Толстойдағы трагедиялық сұрқай өмірдің
көріністері осы бір ғана жағдайға, яғни, дененің жандүниеге билік
жүргізетіндігіне байланысты болар. Өйткені әзіл-қалжыңды білмейтін  суреткер бізге тар да қапас қара жердің
бетінде өмір сүріп жатқанымызды және бізді өлім қоршап тұрғандығын, оның үстіне
мына денеміздің қара жерге жабысып тұрғандығы себепті біздің одан ешқашан қашып
шығып, құтылып кете алмайтындығымызды, жоқ болып кетуге алып келе жатқан
өмірдің қақ ортасында екенімізді жанымызды ауырта отырып, еске сала береді.
Тургенов Толстойға бір ретте «Мен сізде рухани еркіндіктің көбірек болғандығын
тілеймін!» деген пайғамбарлық сөз жазды. Дәл осыны оның кейіпкерлеріне де тілер
едік - аз да болса рухани кеңістікке жетіп, шынайы өмірдің, құр дененің құрсауынан
бәр сәтке болса да шығып, қуаныш пен жарқындықты сезініп, алаңсыз, тіпті, ең
болмаса, таза да жарқын әлем жайлы бір сәт қиялға шомуды үйренсе дер едік.

Мұны күздегі өнер деп атағың келеді; өйткені оның контурлары
орыс даласының пышақтың жүзіндей теп-тегіс көкжиектері сынды ап-айқын және
өткір, оның үстіне сұрғылт-сары ормандардан азып-тозғандық пен күлге
айналғандықтың ащы иісі шығып тұрады. Бел-белестерден күлімсірей қарайтын елес
көрінбейді, күн де сығаламайды, тіпті оның бар екендігіне де сене алмайсың,
сондықтан да Толстойдың сұп-суық айқын сәулелері жандүниеге жылылық құймайды,
содан да болар бұл немқұрайдылықтың 
әрекеті тезірек жердің де көктейтіндігіне, жүректің де шуаққа
бөленетініне жандүниені үміттендіріп қоятын көктемгі сәуленің іс-әрекетінен
басқаша болып тұрады. Толстойдың бел-белестері қашан да күз өңдес болады:
жақында қыс түседі, табиғаттың да өлер уақыты жақын, барлық адамдар да, оның
ішінде біздің жандүниеміздегі мәңгі адам да өзінің тіршілігін тоқтатады. 

Арманшылдығы да жоқ, алдамшылығы да жоқ, өтірігі де жоқ
сұрқай өмір, тіпті құдайы да жоқ өмір: оны Толстой өз ғарышына кейінірек,
өмірдің мәнін ақтап алудың жолдарын іздеу барысында енгізеді, кезінде Кант та
мемлекеттіктің мәнін тап осылай іздеген болатын; бұл әлемнің өзінің айнымас
шындығының жарығынан басқа жарығы жоқ, айқындығының да дәл сондай жарығынан
басқа  жарығы жоқ. Бәлкім, Достоевскийде
жандүние патшалығы осы салқын да бір қалыпты өткірліктен гөрі сұрқайлау шығар,
түнектеу шығар, бәлкім, қасіреттілеу шығар, бірақ Достоевский өзінің түнгі
қараңғылығын масаң тартқан экстаздың найзағайымен тіліп өтеді, соның әсерімен
көз ілпес шапшаңдықпен жүрек арманның аспанынан бір-ақ шығады.  Ал Толстойдың өнері масаңдықты білмейді, ол
тіпті жұбатуды да қажет етпейді, ол қашан да қасиетті де сергек, судың
көпіршігіндей ғана көпіршігі болатын мөлдірлігі соншалық, оның тереңінің бәрі
айқын көрініп жатады, бірақ оның бұл сипаты да жандүниені қанаттандырып, шабыт
беретіндей емес.

Дәл Толстой сияқты армандауды білмейтін кім бар екен
десеңізші, күнделікті тіршіліктен сәл де болса жоғары көтеріле алмайтындығы
жағына келгенде одан асып түсетін жан жоқ, сұлулықтың лирикалық, салтанатты
экстазын Толстойдан да өтіп кеткен 
білмейтіндер бар ма екен, ол тіпті Толстойдан басқа кімге басы артық
нәрседей болып көрінеді екен десеңізші, міне, сол адам - өзінің денесінің
түрмесінде қалған, яғни, қара жердегі ауыр тағдыр мұраға берілген адам, оның
үстіне өзі құрған тұманының ішінде жандүниесі ығып кеткендіктен, қара басының
бостандығы да жоқ адам. Тас сияқты сәуле шашатын, шыншылдығымен бұрғылай
бастайтын, бірақ ешқашан да бақыттылыққа жеткізбейтін ғылым сияқты нағыз шынайы
көзқарасты және ойлылықты талап ететін Толстойдың өнері - осындай өнер.

Бірақ, барлық танымдылықтан асып түсіп тұратын ол,
өзінің   байқампаздығының қаталдығы мен
сергектігін, көз жауын алар алтын арманның жарқылындай жарқылы жоқ өнерді, алып
ұшар қанаты жоқ қуанышты, асқан мейірімі жоқ музыканы  қалай сезінді екен? Ол шын мәнісінде бұларды
ұнатқан жоқ, өйткені бұлар оның өзіне де, басқаларға да өмірдің мәнін айқын да
тұжырымды түрде түсіндіріп бере алған жоқ. 
Себебі оның қатал көз жанарының дәл алдында өмір үмітсіз қалпында шыр
айналып өтіп жатты: жан - күлдіктің тыныштығы орап алған дененің кішкентай ғана
механизмі, тарих - кездейсоқ деректердің мән-мағынасы жоқ хаосы, тірі адам -
жып-жылы өмірдің қабығына қысқа ғана уақытқа орап салынып қойылған, ары-бері
қозғалып жүретін қаңқа, адам түсініп болмайтын осындай бей-берекесі кеткен
мақсатсыз жүріс ағып кетіп жатқан су сияқты немесе солып бара жатқан орман
тәрізді. Музыканың демі күнделікті тіршіліктің мұндай ағымын ешқашан да сергіте
алмақ емес, дәл осындай нигилизм тұрғанда, оның салмағын жеңіп, көтеріліп ұшу
мүмкін бе?! Тек осы бір ғана тұрақты да мейірімсіз, қатал, бірақ сергек мұнарды
суреттейтін, осынау ақымақтық ойынындағы тынымсыздықты мүмкін ететін, еріндерін
құшырлана тістеніп, мұңдана, өткір де суық, ойлы да сақ көздері от шашып, өзін
алдамайтын арманына ғана сенуге мүмкіндік беретін нәрсе - шығармашылық қана.

Міне, осындай образдарды жасақтаған отыз жылдық еңбегінен
кейін Толстойдың өз өнерінен айнып шыға келгеніне таңдануға бола ма, адам
баласына оның жер бетіндегі өмірінің мәнсіздігін айта беруге болмайтындығын
адами тұрғыдан түсінгендіктен айнығандығына таңдануға бола ма? Ол бұдан былайғы
шығармаларында қасіретті суреттегенде, өзін ызаның құрсауынан шығарып алып,
басқалардың да өмірін жеңілдететін, «адамдардың жоғары, ең жағымды сезімдерін
оятатын» интеллектінің пайда болуына мүмкіндік жасағысы келгендігіне таңдануға
бола ма? Тиіп кетсең адамзаттың кеудесіне сенімділіктің жаңғырығын оятып
жіберетін үні бар үміттің күміс лирасына қолын тигізіп көргісі келетіндігін,
жер бетіндегі барлық тас керең озбырлықтан құтқарып алатын, арылтып алатын
өнерді аңсағандығына таңдануға бола ма? Бірақ, бәрі де бекер!

Толстойдың суық та айқын, жітіліктен де асып кеткен жіті
жанары мұндай өмірдің де қапастағы, қасіретті өлімін көріп тұрды; оның өтірік
айта алмайтын және айтқысы да келмейтін шығармашылығы жандүниені
тыныштандыратын сәуле шаша алмайды. Осылайша нағыз өмірді қайғылы қалпында ғана
көретін және сол қалпында суреттейтін Толстой қартайған шағында өмірді де,
адамдарды да өзгертуге, адамгершілік идеялары тұрғысынан оларды жұбатып,
олардың қарабайыр да қатып-семіп қалған денелеріндегі жандүниесіне имандылық
патшалығын орнатып беруге деген ниетінің орнауы әбден орынды.

Шындығында да ғұмырының екінші кезеңінде Толстой-суреткер
өмірді сол қалпында бейнелеп қоюмен қанағаттанбайды, ол саналы түрде өз
шығармашылығының мәнін, этикалық мақсатын айқындап беретін, сол арқылы
жандүниені мейірімділікке және арманшылдыққа қызмет еткізуге шақыратын идея
іздей бастайды. Оның романдары мен әңгімелері енді өмірді сипаттаумен ғана
шектелмейді, енді ол шындыққа сәйкеспейтін, жағымсыз істерді жағымды
образдардан бөліп қарап, соның нәтижесінде «тәрбиелік» мәндегі жаңа бағытқа
көшті; бұл кезеңдерде Толстой көркем шығарманың жаңа бір түрін жасақтады, ол
шығармалар тек маңызды әрі жасампаз ғана емес, сонымен қатар басқаларды
еліктіріп әкететін қасиеттерге де ие болды, басқаша айтқанда, оқырманды
жағымсыз істерден аулақтататын, оларды мейірімділік идеясын ұстануға шақыратын
еді; кейінгі дәуірдегі Толстой өмірдің баяндаушысынан енді өмірдің төрешісіне
айналды.

Мұндай бағыттағы белгілі бір мақсатты ұстанған тәрбиелік
мәнге ие үрдіс алғаш рет «Анна Каренинада» көрініс тапты. Мұнда адамгершілік
пен қатыгездік әлі соншалықты айқын болмаса да, түсініксіздеу болса да,
бір-бірінен тағдырлар арқылы бөлінген. Вронский де, Анна да - сезімнің
адамдары, құдайға сенбейтін, тәкәппарлықтарының салдарынан «жазаға тартылып»,
жандүние азабына тап болады; ал керісінше, Кити мен Левин гүлдей жайнап, ерекше
мархабатқа ие болады; бұрын өз образдарының ешқайсысына да «қолдайтындай», не
«қолдамайтындай» ниет білдірмейтін суреткер осы образдарында  «жағымды» және «жағымсыз» образдарды сомдап
шыққан, өйткені ол «мораль» деген ұстаным тапқан еді. Міне, осы үрдіс оның
ендігі шығармаларында кәдімгі оқулықтағыдай сипат алып, негізгі адами ұстанымдардың
асты сызылып, яғни, леп белгілерімен, тырнақшалармен көрсетіліп отыратын болды,
мұндай оқыту мақсаты енді бірте-бірте айқындала түсті.

«Крейцер сонатасы» мен «Арылуда» («Воскресение») құдайға
құлшылық ету арқылы адамгершілікке ашық уағыздау ниетін білінер-білінбес қана
сипатта, онда да ең соңындағы сөздер жапқан болып тұр және аңыздар да (керемет
формада) уағыздауға қызмет еткен. Енді Толстой үшін өнер түпкі мақсат болудан
қалып, ол енді «әдемі өтірікті» «шындықты» баяндау үшін ғана пайдалана бастады,
бірақ оның бұрынғы «шындығын» емес: шынайы өмірді, сезім мен жандүниенің
шындығын, яғни, оның өзінің пайымдауынша, өзі бастан кешірген дағдарысы арқылы
көз жеткізген жоғары - рухани, діни шындықты шынайы жеткізу үшін қызмет етті.
Толстой бұдан былай «жақсы» кітап дегенде оқиғалары керемет қиюластырылған
кітаптарды емес, «қайырымдылықты» баяндайтын (көркемдігі туралы әңгіме де
болмайды), адамдарды шыдамдылыққа шақыратын, жұмсақтау болып, христиандықты
ұстанып, гуманды, адамсүйгіштікті уағыздайтын кітаптарды айтатын болды, бұл
тұрғыдан алғанда «зиянды» Шекспирден гөрі адал да қарабайыр Бертольд Ауэрбахр
маңыздырақ болып шықты. Суреткердің ұстанымы енді адамгершілік ұстанымдарының
қағидаларымен ұштасты: дүниеде теңдесі жоқ суреткер саналы түрде адамзатты
түзетудің, моральды уағыздаушылықтың жолына түсе бастайды. Бірақ, барлық табиғи
нәрселер сияқты, шыдамсыз да қызғаншақ өнер өзін мойындамайтындардан қалай да
өшін алады. Өзі қызмет етуге тиісті жерде, оның басы азат болмаса, жоғарғы бір
күшке бағындырылған жерде өнер өзінің бұрынғы хас шеберінің уысынан шығып жүре
береді, міне, Толстойдың уағыздау мақсатында жазылған шығармаларында оның
образдарының өткір сезімталдығы бірте-бірте сөніп, солғын тарта бастайды,
оларды ақыл-ойдың сұп-суық бояуы тұмшалап, оны оқып отырып, жүйе-жүйеге
бағындырылған нақтылыққа сүрініп-жығылып, зорға дегенде шығар есікті табасың.

Ол, кейінгі, моральдық фанатизм жолына түскен жылдары өзінің
асқан шеберлікпен жазылған шығармалары 
-«Балалық шақты», «Бозбала шақты», «Жастық шақты», «Соғыс және
бейбітшілікті» «сұрқай, түкке алғысыз кітаптар» деп жек көрді, өйткені бұл
шығармалар эстетикалық талаптарға ғана жауап беретін еді, сол себепті де, өзі
«өте төмен пендешіліктің» - естимісің, Аполлон! -  деген деңгейде жазылған шығармалар деп
есептегенімен, бұл дүниелер нағыз хас шебердің қолынан шыққан туындылар болып
қала береді, ал үрдістік-моральдық шығармалары - ортаңқол ғана. Өйткені Толстой
«моральдық деспотизмге» бой ұрған сайын өзінің ұлылық қабілетінен алыстай
бастады, сезім органдарының қабылдауын жеткізудің орынына диалектикалық
қиырларға кетіп қалды, өзінің көркемдік тепе-теңдігін жоғалтқан сайын, ол,
Антей сияқты, қара жердің қуатын бойына жинақтай бастады; Толстой өз
шығармашылығында керемет, алмастай өткір жанарын сезімталдыққа бағыттаған
тұстарында қартайғанға дейін ұлы қалпында қалды; ал   бұлттардың үстіне шығып, метафизикаға бой
ұрғанда, оның өзіндік салмағы сұмдық азайып кетеді. Тағдыры оның маңдайына
салмақты да ауыр қадамдармен қара жердің бетінде жүруді, оны шиырлауды, тануды
және кескіндеуді жазғанына қарамастан, моральдық бағыт ұстанған
суреткердің   рухани аяда алысып жүргенін
көрген кезде, оның өзіне өзі қандай зорлық жасағандығын сезінесің.    

Талай ғасырлардан бері барлық туындыларда және барлық
кезеңдерде қайталанып келе жатқан осындай қасіретті қайшылықтар, яғни, көркем
шығармаға асқақтық беретін нәселер, мысалы, автордың өзі үшін нанымды, дәлелді
жағдайлар және оған басқаларды да сендіруге ұмтылатын ой  негізінен суреткердің рөлін төмендетеді.  Шынай өнер - менмен болады, ол өзі мен өзінің
жан-жақты, ешкімге тәуелсіз, ешкімге жалтақтамай жетілуінен басқа ештеңені
қажет етпейді; шынайы суреткер өзі нысана етіп алған адамзатты емес, тек өзінің
шығармасын ғана ойлау керек. Сондықтан да Толстой осынау қолға ұстап, көзбер
көруге болатын, демек, сезінуге болатын ғаламды өзінің әлі шайқалмаған және
ешкімге бағынуды білмеген көзімен көрген жерде ғана ұлы болды. Ал ол қалай қайырымдылыққа
бет бұрып, өзінің шығармалары арқылы адамдарға көмектесіп, оларды түзетіп,
басқарып кетуге әрекет жасады, бітті, оның өнері өзінің адам баласын баурап
әкететін қуатынан айырылды да қалды және, тағдырдың жазуымен, ол өзі өзінің
жасаған образдарының бәрінен де асып түсетін кейіпкерге айналады.

[1] Қандай әртіс!