ВЕРНУТЬСЯ

     "... ақынды /Махамбеттi / далаға әкетiп,

төбенiң басында ымырт үйiрiлгенше тұрады.

Түн болып, қас қарайғаннан
кейiн кетедi. Үлкендер қарайып бiр нәрсе қалғанға барса..."

               

 "Ана тiлi" газетi, 3 сәуiр, 2003 жыл.

 

   Дүние секем алып тына қалды,

Бозғылт ай шошып басын бұра қалды.

Демiн тарта Тарих та тоқтай қалып,

Бiр зұлмат күтiп жатты мына маңды.

Кешкi Күн сезiктене қыраң
асты,

Құлатуын бiлгендей құламасты.

Уа, сұмдық!!!

Жалт еттi зұлым қылыш!

Солқ еттi Күн!

Шайқалып Түн адасты.

Жер астында өлiлер тұра қашты!

Тұра қашты Тыныштық «өлдiм-ау!» деп,

Оттар қалды ошақта «сөндiк-ау!» деп.

Ал Зұлымдық атына мiне шапты,

- Менiкi ендi замани төр мынау! - деп.

Күңгiрт бояу жамылды бар алау да,

Сұм хабар - ол да шапты.

Табалау ма?

- Ойпыр-ай, не болды? - деп
ентiге бiр,

қарт Каспий

жүгiрiп шықты
жағалауға.

Өлеңiмен тiрлiктi жуғызам деп,

Өрлiгiмен ездiктi қуғызам деп,

Ғасырлар ұза-а-ақ уақыт дайындап ед,

Махамбеттей дауылды туғызам
деп.

Дайындалып,

Кеңесiп, жеке леппен,

Оны Батыр-Ақын ғып бекем еткен.

Сосын оны бар Ғасыр зор сенiммен,

Он тоғызыншы ғасырға
жетелеткен.

Жетелеткен едi зор махаббатпен,

Ал мына сұмдықты естiп, қаталап дем,

Сол Ғасырлар ыза боп,

бұл Ғасырды,

Тартып кеп жiбергендей шапалақпен.

Айналып батыр жатқан ана белдi,

Тұлпары шырқырады қара меңдi.

Махамбеттiң денесiн қоршай жылап,

Аттан түсiп көтерiлiс қала бердi.

Ерлiктiң де тамыры
жұлынды деп,

Бодандықтың дәуiрi құбылды-бек.

- Батырдың өр Денесiн тастай қашып,

алдыма кеп Басы өзi жығылды, - деп.

Кетпей қойған сан заман
келбетiнен,

Бодандық-ай,

талайды шерлi етiп ең.

Өзiңдi өзiң алдадың,

жұбаттың кеп,

Махамбеттi жойдым деп жер бетiнен.

Бостандықтың жолы, рас,
күрмектi екен,

Күрмектi деп ел ез боп жүрмек пе екен?

Ал ақынның сол халқын бастауы
үшiн,

Жер үстiнде жүруi мiндет пе екен?!

Тар заман-ай,

артың - жар,

сағым - алдың.

Ендi саған соны айтар табылар кiм?

Махамбеттiң өр басын сандыққа сап,

Кiлттеп,

кiлтiн қалтаңа салып
алдың.

Елiң алға,

сен қашып шегiнiске,

Отырдың небiр
сойқан көнiп iске.

Қоғамды да iшiнен кiлттеп алып,

Бостандықты кiргiзбейiм дедiң iшке.

Ұлы ерлiктер теңдiктi мүсiндедi,

Бiрақ оны тар заман түсiнбедi.

Ал Бостандық қоғамның
сыртында емес,

Махамбет жырларының iшiнде едi.

Өрт болам деп шалқыды iргеңдегi от,

Оның бәрiн қамайтын тұрмең де жоқ.

Әр жүректе азат күн лаулап
жатты,

Ал бодандық бұл жайлы бiлген де жоқ.

Бар бiлгенi - сұп-сұр боп таң атқаны,

Көңiлiне бiр үрей қаматқаны.

Бар көргенi - ақынды көтерiп ап,

Нарын құмның боздап бiр баратқаны.