ВЕРНУТЬСЯ

    Жаз ортасында жауды қар,

Шілде тұр тоңып, қалытарп.

Түймедей көңіл - тау құмар,

Шақырды мені жарты бақ.

-        
Жарты емес, бер, - деп - бүтінін,

Ерегес салып мен  тұрдым.

- Түзу ұшпастай түтінім,

немене...

кімнен кем тұрмын?

Қиналды мына жан-тұмар,

Сонда да сормен егестім:

- Қар жауды екен деп қалтырар,

Мен саған шілде емеспін.

Маңдайдың сорын сылып ап,

өкініп тұрмай өткенге,

жұбаныш айттым шығып ап,

өксіп бір жатқан көктемге.

- Шерімді қалай жат тыңдар,

сені де жұбат, - деп қалмай,

соңымнан жал-жал ақ құмдар,

шұбырып келе жатқандай.

Қурап бір құм боп тусаңдар,

Турап бір тастар тұғыр күн.

Бір нәрсе деді жусандар,

Естімесем де ұғындым.

Бір бақыт алда бары анық,

Қасқайып соны күткеймін.

Бір шаршы түнге оранып,

Ойымды қырық бүктеймін.

Ой деген - жегі,

Тау-шыңдай,

Шығам деп ауа қармадым.

Тайсайын десем, таусылмай,

Толтырам десем, толмадың.

Ой деген - терең,

Шыңырау,

Түбіне тоқсан түскенмін.

Бір ұрттам ғана ғұмыр-ау,

Осылай сенде түстендім.

Шаңқай түс, саған қарадым,

Аңғал ем,

кеттің есті ғып.

Түстеніп кетіп барамын,

Алда тұр енді кешкілік.