ВЕРНУТЬСЯ

    Стефан Цвейг

 

   Жанжүректің толқындары

   көкке атылмай тұрар-ды,

   Таза рух боп шығар-ды.

  От-жалыны сөнбеген,

  Тағдырының тілсіз, кәрі жартасы,

   Жолына кеп жатып алды көлденең,

 

Гельдерлин өзінің стихиялық күш-қуаты дауылдап тұратын
өлеңдерін тек көңілсіз, мұңды шақтарында ғана жазғандығына күмән жоқ: «Мен
тағдырдың көне де өзгермейтін заңын енді ғана түбегейлі түсіндім: қайғы-мұңның
қара түнін шыдамдылықпен көтеріп шыққанда ғана жүрек жаңа әрі бұрын-соңды болмаған
рахат сезіміне бөленеді және түн қараңғысындағы бұлбұл үні сияқты, ғаламшар
өмірінің  құдыретті әніндей болып, қалың
қайғыны қақ жарып өлең келе жатады». Қиялшыл меланхолия енді ғана өзінің
трагедиялық қайғысына көңіл аударып, оның элегиялық мұңы арнасынан асып
төгіліп, гимндік қуатқа айналып жатты. Шиллер де, Диотима да оның өмірінің
жарық сәулесі сияқтанған еді, енді сол сәулелер көкжиекке барып батып кетті де,
жаңғыздықтың қараңғы қапасында отырып ол өзінің «бұлбұл әнін» шырқады және бұл
ән неміс сөзі тірі тұрғанда шырқала береді; Гельдерлин енді ғана «сүйек майына
дейін шынықты». Сол аздаған жылдар ішінде экстаздың алмастай қырымен және
түпсіздігімен жазған оның туындылары әбден жетілген, ұлылықтың деңгейіне жеткен
туындылар еді: күллі болмысының отты ядросын жасырып тұрған қабық пен қоршау
сыпырлып, оның жаратылысының о бастағы түпкі әуені тағдырдың сазының теңдесі
жоқ ырғағына құйыла жөнелді. Дәл сол кезеңде оның өмірінің қайталанбас үш әуені
өмірге келді: Гельдерлиннің лирикасы, Гиперион туралы роман, Эмподокл туралы
трагедия, бұл үшеуі оның өзінің самғап ұшуы мен құлауының қайта-қайта
қайталануы болатын. Өзінің жер бетіндегі тағдырының қасіретті апаттарында ғана
Гельдерлин жоғары үйлесімділікке қол жеткізеді.

«Кім де кім өзінің қайғы-қасіретін жеңе алса, сол адам
жоғары деңгейге аяқ басады» дейді оның Гиперионы. Ол өз өмірінің деңгейінен,
жеке басының мұңынан жоғарыға көтеріліп, Гельдерлин енді өз тағдырын
сентиментальдылықпен емес, трагедиялық сеніммен қарсы алатын болды. Ол өзінің
Этнедегі Эмпедоклы сияқты өз жалғыздығының ғаламында тұр: төменде - адамдар
дауысы, жоғарыда - мәңгі әуендер, алдында - отты түпсіздік. Бұған дейінгі идеалдары
бұлт сияқты ыдырап кеткелі қашан, тіпті Диотиманың образы да көрген түстей
болып, сәл-сәл жылтырап қана тұр, осы кезде ерекше қуатты көрініс пайда болып,
пайғамбардың отты көздері елес беріп, гимн ойнап, оның ертеңгі өмірі жайлы сөз
естілді. Гельдерлин өз тағдырының көкжиегіне уақыттан да тыс, қоғамнан да тыс
келіп қалған еді. Ол бақыт деп, тыныштық деп аталатынның бәрінен бас тартты, өз
өмірінің кешкіргендігін сезген ол күнделікті тіршіліктен бәрін де жоғары
қойды.  Тек оны бір ғана жағдай алаңдатты:
тым ерте тоқтап қалмай және ұлы пэанды, яғни, жандүниенің жеңіс әнін айтып та үлгіру
керек. Енді ол тағы да көзге көрінбейтін алтарьдың алдында ерлікпен өлуді,
өлеңін айтып тұрып өлуді армандайды:

 

                                               Тек
қана жазды берші, қуатымен,

                                               Күзді
бер, әнім піссін, жыр атымен.

                                               Тәтті
ойынмен баратсын төзім де еріп,

Өлімді аңсап жүрген сезім болып.

 

Тірлікте еркі болмай жүрген жаның,

Оркаға барғанда да тынши алмас.

Бірақ мен жан жүректі құштар етер,

қасиетті керемет әндер жаздым.

 

Көлеңкенің әлемі, сені аңсаймын,

Пернелерім дың-ң етіп өшкей де сол.

Бақыттымын. Өйткені бір кезде мен,

Құдайдай өмір сүрдім. Жетпей ме сол? 

 

                                              

Бірақ үнсіз Парктер иірген қысқа жіптің ұшы жақындап қалды,
үлкеннің қолындағы қайшы да жалт-жұлт етіп тұр. Бірақ бұл қысқа уақыт «Гиперионмен»,
«Эмпедоклмен» ернеуінен аса толып тұр, оның лирикасы біз үшін сақталды, ал
бізбен бірге оның ұлылығы сақталды. Сосын ол қараңғылықтың түпсізіне барып
құлайды. Оның өз туындыларын аяқтауына құдайлар мүмкіндік бермеді. Есесіне,
оның өзін олар керемет етіп сомдады.