ВЕРНУТЬСЯ

    Таң атады қызыққа тоймағандай,

Кешке қайта батады ойлана алмай.

Қаптаған материктер арасында,

Алып Күн жасырынбақ ойнағандай.

Екi тау тұр, бiр ойға беттегендей,

Ортада - көл, берерiм көп дегендей.

Шөлдеп келiп сол көлден су iшкенде,

Екi тау бiр табақтан ет жегендей.

Ақ сәулесiн тұрады ай таратып,

Көк құрақ шаш тарайды шалқалатып.

Жаңғырық та сөнбеуге жаттығады,

Тауларға ол да өзiн қайталатып.

Жаңғырық-ай, бос үнмен жететiнiң -

өмiрiң-ау.

Жоқ сенiң төте тiлiң.

Өз есiмiн тауларға қайталатса,

бiледi ол даңқы алысқа кететiнiн.

Дала жатыр көркемдеп гүл-етегiн,

Сағынышты мен де өрт боп жыр етемiн.

Жансақ деймiз от болып бәрiмiз де,

Бiле тұра от соңы күл екенiн.