ВЕРНУТЬСЯ

    Жан біткеннің жүрегін аралай кеп,

Түн-шабытым ақырын қағады әйнек.

Жүрегімде ақ таң бар,

Ал кигенім -

Қара түннен тігілген қара көйлек.

Кірпігіне мұз қатты қарашаның

Бәйге-күнмен жарысып, таласамын.

Түнгі аспанның жұлдызын жетегіме ап,

Ақ дәптердің бетінде адасамын.

Арман шығады алдымнан асқар биік,

Таулар шығады алдымнан аспан киіп.

Ақ дәптердің бетінде жазық дала,

Ақ қаламның ұшында қашқан киік.

Қашқан киік! Жоқ оның тоқтамағы,

Сөз-орманға енеді. Жоқ болады.

Топ қарлығаш ойымнан пыр-пыр ұшқан,

Өлеңнің жолдарына кеп қонады.

Түн осы - сан әуенді. Боямалы.

Дөңгеленіп ақ таңға таянады.

Түніменен тербеліп, таң атқанда,

Ақ қағазда қара өлең оянады.