ВЕРНУТЬСЯ

    Баяғыда ата-бабаларымыз елдің амандығын «хан тағында, халық
орнында» деп екі-ақ ауыз сөзбен білдіреді екен. 

Қазақстанға көшіп келген қандас ағайындарымыз бен Қазақстаннан
басқа мемлекеттерге қоныс аударып жатқан отандастарымыз туралы баспасөз бетінде
аз жазылып жүрген жоқ.

Бірақ Қазақстанның өз ішіндегі көштер құбылысына ерекше мән
бермеске болмайды. «Алтын, күміс тас екен, арпа, бидай - ас екен», дейтін қазақ
отызыншы жылдардағы аштықтың қасіретін жеті ұрпағына дейін ұмыта қоймас. Ұмытқысы
келсе де, ұмыта алмас халде. Бір кезде тоқшылықтың қормалындай болып көрінетін қайран
ауыл қазыр ел аман, жұрт тынышта келген жоқшылықтың лебінен қалтырап отыр. Өріске
шығар малы азайып, қорадағы қойын сатып бітіруге айналған қыр қазағының көңілінде
қорқыныш, ойында үрей бар. Қорқынышы - жұмыссыздық, үрейі - үмітсіздік. Осыдан
екі-үш жыл бұрын нарық заманына: «Ұлым құл болмасын, қызым күң болмасын!» - деп
тәуекелмен қадам басқан ауыл тұрғындары пұшайман күйге түскен. Ауыл мен қаланың
арасын шаңдатқан делдалдар олардың өз бидайын өзіне қуырып беруді көпсінеді.

Нарық экономикасын жайма базар екен ғой деген жайдақ ұғым қала
кәсіпкерлерін ғана емес, жұртты да адастырды. Шаруа қожалықтары мен фермерлердің
қолы жетпеген несие ақша ішкі базарға саны көп, сапасы жоқ товарларды тоғытты.
Нәтижесі не болды? Делдал өнім өндірушіні ығыстырды, бартер ақшаны құнсыздандырды.
Ол аз болғандай, саяси дағдарыстар кезінде әркімде әртүрлі түсінік қалыптасты.
Кейбіреулер билікке ұмтылды, билікке қабілеті жоқтар бизнес-ұрлыққа араласты.
Байлыққа  жетудің бірден-бір жолы Қазақстан
экономикасын көтеру емес пе?

Бұл тығырықтан шығу үшін өнім өндіретін еңбек адамына қолайлы
жағдай туғызу қажет. Бір-екі жыл «Сникерс» жемеспіз,  қытайдың сырасы мен шет елдің «самопал» арағын
ішпеспіз, «Мерседес» мініп, казиноларға бармаспыз. Оның есесіне шағын завод-фабриктер
жүйесін құрып,  жер-ананың емшегін емсек,
қойдан жуас момын әрі тәубашыл ауыл қала тұрғындарын тарықтырмас еді..

Алматыдағы Сейфуллин даңғылының бойында, әр жердегі жайма
базарлардың маңайында сеңдей соғылысқан шоғыр-шоғыр  топтарды көрсеңіз, жүрегіңіз ауырады. Екі қолға
бір күректік жұмыс істегендердің көпшілігі ауылдан келгендер. Саяжайыңызды
салдырасыз ба, вилла тұрғызасыз ба, еркіңіз білсін. Олар жұмыстың ауыр-жеңілін
таңдамайды. Көп ақша сұрамайды. Тек, жұмысыңыз біткен соң, ақысын төлемей, өзін
сабап жібермесеңіз болды...

...Ел ішіндегі елеусіз көштер көбейіп келеді. Қиыр жайлап, қиянды
қоныстанған ауыл тұрғындары темір жол бойын жағалап, темір жол бойындағылар қалаға
қарай жылыстап көшіп жатыр. Ондада екінің бірі емес, жағдайы бар жанашыр туысы
табылғандар ғана. Малшы мен диқан бүгін қаланың жатағы болсақ дейді. Байысам
демейді, бала-шағамды бірдеңе ғып асырасам дейді. Көгенкөз ұрпағы үшін құлдыққа
да даяр.

Бала күнімізде үлкендер айтып отырушы еді: «Құдай көпке
берсін», - деп. Жоқшылық жанын жүдетіп, тәнін жалаңаштай бастаған сол көпшіліктің
қазір Қазақстанның жаңа үкіметіне қарап жалтақтап отыр. Өйткені ауылға жаңаша көзқарас
пен байыпты пайымдауға негізделген бетбұрыс қажет. Ең алдымен, әрбір аймақтың
жер жағдайы мен кәсіп ерекшелігін басшылыққа алған әлеуметтік-экономикалық
«ауыл» бағдарламасы керек!

Әйтпесе, елеусіз көштер тоқтамайды. Малшы мен диқан ауылдан
көшсе, жер жетімсірейді. Жер жетімсіресе, Қазақстанның келешегі не болмақ?..