ВЕРНУТЬСЯ

    ...Есім жиып жан-жағыма қарасам,

Ойым онға бөлінгені, сана - сан...

...Отан азат... Тәуелсіздік... Тек өзің

Сол заманға ұл болуға жарасаң...

...Мынау кімдер?.. Құдай өзі сақтасын!..

...Құтырынған... Бақыт басын тапқасын...

Күйретуде керегесін, бесігін,

Еркіндіктің дәмін сәл-пәл татқасын...

...Таппастай боп талай достар адасқан,

Анау жаулар... қайтіп, қалай жарасқан...

Түсініксіз ақыл жетпес құбылыс,

Орныңда ма Жұлдыз бен Күн, Жер, Аспан?..

...Еркін, көркін жоғалтқандар баршылық,

Қалғандар бар ар-ұяттан аршылып.

...Бұ не ғажап... Адам азған, ел тозған,

Жатыр ма әлде Жаратқаннан "кәр" шығып...

...Адам, сана, болмыс - түгел санасқан,

Жиркенбейді арам, ірің, кан астан.

Аюанша тірлік етіп, ал тіпті,

Тыр жалаңаш, ел көзінше жанасқан...

...Бәрінен де айрылғандар баршылық,

Тағдыр-салмақ, көтере алмай жаншылып.

Тағдыр-заман, бірін зорлай түлкі етсе,

Ал біреуін жіберіпті аңшы ғып...

...Сонда, Тірлік!... Сыр сандықтың кілті не? -

"Заман шалар" айналу ма түлкіге?..

...Тақ пен баққа құл болу ма иіліп?..

...Арсыз пішін енгізу ме күлкіге?..

...Мен көнбедім соған терең қалталар,

Аса байлық өз тамырын балталар.

Өр кеудемде ізгі жүрек аман бол,

Қанағатқа қосылып ап жол табар.

...Тұрмас сірә, ғұмыр озбай, тон тозбай,

Көн болады ана бетің - мұнтаздай...

...Парасатым мені ілгері бастай бер,

Мен өтермін арам асқа қол созбай!..

Өмірзақ. 5.05.2001 ж.